Мақсаты: Ұстаздар туралы түсінік бере отырып, олардың сөздік қорларын дамыту, ойын арқылы түсініктерін кеңейту. Ұстаздарды құрметтей білуге тәрбиелеу.
Жүргізуші: Құрметті қонақтар, бүгінгі «Қарлығаш» тобы балаларының өздеріңе арнаған «Ұстаз – ұлағатты есім» атты ертеңгілігіне қош келдіңіздер.
Ұлылықтың ұйытқысынан жаралған
Өнегеңнен барлық шәкірт нәр алған
Шапағатты шуақ сепкен ұстаздар.
Өздеріңнен бастау алар бар арман.
Ұстаз – қандай қасиетті сөз. Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым, болса оның бірі – Ұстаз.
Жүргізуші: Олай болса, құрметті әріптестер, балалардың сіздерге арнаған тақпақтарына кезек берейік.
Адина: Ұстазым менің тамаша
Көз тоймайды қараса.
Балабақшам сондай керемет
Апайларым жараса.
Данияр: Жек көрмейді бір пенде
Тәрбиеші апайды.
Бала түгіл, үлкен де.
Оны апай деп атайды.
Виолетта: Қуанышым, мақтанышым
Аппақ таңым, апайым
Сұлулығым, қорғанышым
Асқар тауым апайым.
Медина: Ән салғызып би билетіп
Ылғи бізбен жүреді
Тақпақты да үйретіп
Ойнатады күледі.
Муслим: Мұғалім – біздің анамыз
Анамызды сыйлаймыз
Айтқан ақыл, білімін
Ықыласпен тыңдаймыз.
Жүргізуші: Рахмет, балалар! Ендігі кезекте «Білім патшалығы» атты ертегіні тамашалаңыздар.
Ерте, ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде Адина, Медина, Ерсін атты балалар әлемдегі ең ақылды, ең өнерлі, білімді атану үшін өнер, білім іздеп саяхатқа аттаныпты. Таулардан асып, өзен көлдерден өтіп, олар ғажайып сарайға кезігеді. Ішке кірмек болып сарайдың қақпасын қағады. (Бұл сарайға кіру үшін менің тілегімді орындауларың қажет) деген дауысты естиді.
-Алдымен ұстаз туралы мақал-мәтел айтып беріңдер.
Балалар: Ақтілек: Ұстазы жақсының ұстамы жақсы.
Санжар Ұстаз мәртебесі – ел мерейі.
Ерсін: Ұстаз – ұрпақ мақтанышы.
- Жарайсыңдар, балалар! Енді жұмбақтың жауабын шешсеңдер, қақпа ашылады. Білім нәрін тереді,
Балаға тәлім береді.
(Ұстаз)
Қақпа ашылады, балалар ішке кіреді. Ғажайып сарайға таң қалып, тамашалап келе жатырса алдарынан үш ханшайым кезігеді. Әр қайсысы өз тілдерінде балалармен амандасады. Білім патшалығына қош келдіңдер. Қандай керемет ақылды балалар.
Ханшайымдар: Бұл жерге не іздеп келдіңдер.
Балалар: Біз әлемдегі ең ақылды, ең өнерлі білімді атанғымыз келеді.
Ханшайымдар: Сендер онсыз да білімді көрінесіңдер, біз сендердің білімдеріңді тексеріп көрейік. Балалар үш тілде тақпақтарын айтады.
Ханшайымдар: Ой, балалар, сендер қай балабақшадан келдіңдер?
Балалар: «Бәйтерек» балабақшасынан келдік — деп айтады.
Ханшайымдар: Тағы да қандай өнерлерің бар?
Балалар: Би билейміз.
Ханшайымдар: Біз сендердің өнерлеріңе тәнті болдық. Сендер әлемдегі ең ақылды, ең өнерлі білімді деген атақ береміз. Сендерді тәрбиелеп отырған тәрбиеші апайларыңа рахмет айтамыз. Дендеріңе саулық, бастарына амандық тілейміз. Сау болыңдар, балалар.
Жүргізуші: -Балалар, ханашайымдармен қоштасып балабақшаға оралады. Балалар, барлығымыз бірге «Бақшамызда боламыз» әнін орындаймыз.
Жүргізуші: Біздің балалардың мерекеге арнаған тағы да тақпақтары бар екен.
Ерсін: Қызық-қызық ертектер
Біздерге оқып береді.
Жылауық та, тентек те,
Сол апайға көнеді.
Естіп кейде қаламын
Тәрбиеші апайды.
Қамқоршысы баланың
Деп ауылда атайды.
Алия: Барлық өнер бойында
Түгел келген түпнұсқа
Үйретеді ойынға,
Үйретеді жұмысқа
Дамир: Ән салғызып, билетіп,
Ылғи бізбен жүреді.
Тақпақты да үйретіп,
Ойнатады күледі.
Данияр: Зор сенім айтатын
Білім деп әркез тұратын
Ұстазбен бірге өмірде
Жағармын білім шырағын.
Айдана: Кем көрмеймін сізді асыл анамнан
Сізге ұқсап қудық бізде сан арман
Сіздей адам дүниеде көп болсын
Балалардың бақыты үшін жаралған.
Жүргізуші: Балалар, ойын ойнағыларың келе ме?
–Ендеше ойын ойнайық. «Гүлдесте» ойыны.
Ойынның шарты: қиылған түрлі-түсті қағаздан құмырадағы гүлдестені құрастырады. Әр топтан үш баладан қатысады.
Жүргізуші: Балалардың тағы да апайларына арнаған тақпақтарына сөз берейік.
Аружан: Ұстаз болу – жүректің батырлығы
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы
Азбайтұғын адамның алтындығы.
Ботакөз: Ұстаз шебер қисықтарды жөндейтін
Тентектерді ақылменен емдейтін.
Болсадағы малға кедей өмірде.
Бар байлығым шәкірттерім сен дейтін.
Жүздерінен көрем шаттық арайын.
Мерекеңіз құтты болсын, ұстаздар!
Мерекеңіз құтты болсын, апайлар!
Жүргізуші: Бүгінгі күн шуақтары гүлге толсын!
Дендеріңнің саулығы мықты болсын!
Білімімен суарған шәкірттерін
Төл мерекең ұстаздар құтты болсын! -дей отыра балалардың орындауында хор — «Мұғалім ол біздің» әні.
Құрметті ұстаздар, қонақтар! Бүгінгі ұстаздар мерекесіне арналған «Ұстаз ұлағатты есім» атты ертеңгілігімізді жабық деп жариялаймыз. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп рахмет!
Ермекбаева Мира Аманжоловна
«№28 «Көркем» МДҰ МКҚК
II — санатты психолог
Ақтөбе қаласы