Home » Сценарийлер » Ұстаз – мәңгі нұрдың қызметшісі

Ұстаз – мәңгі нұрдың қызметшісі

ұстаздар мерекесіне арналған сценарийі

І жүргізуші: Армысыздар, бармысыздар, Қош келдіңіздер, құрметті де аяулы ұстаздар!

ІІ жүргізуші: Бүгінгі «Ұстаз – мәңгі нұрдың қызметшісі» атты мерекелік шарамызға қош келдіңіздер!

І жүргізуші: Мерекелік кешімізді бастамас бұрын, шәкірттер санасына сәуле шашып, шырақ отын маздатқан ұстаздар қауымына ақ лебіз, жылы тілегін білдіру үшін ортаға мектебіміздің басшысы Есбосинов Байбол Сұлтанәліұлын шақырамыз!

(құттықтады, шықты)

ІІ жүргізуші: «Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзінің уақытын аямау» деген екен француз философы Ж.Ж. Руссо. Ендеше, мерекелік құттықтау сөзді Жарекешов Жексен ағайға береміз! (шықты, сөйледі).

  • Рахмет, ағай! Сізге еңбегіңізге жеміс, шығармашылық табыстар тілейміз!

І жүргізуші: Ұстаз деген – жарық күні ғаламның, Ұстаз деген – анасы ол адамның. Бүкіл әлем мойындайды еңбегін, Сен де одан адам болып жаралдың. Ұстазыңды түсінген сен тереңнен, Бар әлемге еңбегімен еленген. Сенің бағың өрге қарай өрлесе, Ол да бірге қуанышқа кенелген. Сол арқылы сен де өмірді жалғадың, Ізгі іс қой – ұстаз тілін алғаның. Мақтау алсаң ұстаздардың алдында, Ол өзіңнің орындалған арманың. Ұстаз сөзін айтып жүрдік ән қылып, Одан басқа жүрген кім бар жанды ұғып. Ұстаз деген – ұлылардың ұлысы, Қасиеті бас иелік мәңгілік!

ІІ жүргізуші: Иә, бүгін бізде үлкен мереке. Бүгін ұстаздар қауымының төл мерекесі. Олай болса, бүгінгі күн ұстаздарға арналмақ. Ұстаз – ұлағатты есім. Күн сәулесі өмірге қандай жарық берсе, ұстаз есімі де шәкірттерге күндей жарық береді.

Ақырын жүріп анық бас.

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға, — деп Абай атамыз айтқандай, шәкірттерінің өзінен озғанын калаған ұстаздар қауымы, мерекелеріңіз құтты болсын!

Ендеше, кезекті «нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» демекші, Айбаров Нұрлыбектің орындауындағы күйді қабыл алыңыздар!

І жүргізуші: Денсаулықтарыңыз мықты болсыншаңырақтарыңыз шаттыққа толсын, біздей шәкірттеріңіз көп болсын!

ІІ жүргізуші: Мерекелеріңіз құтты болсын!(бірге айтылады)

І жүргізуші: Монолог оқитын Болатова Жұлдыз. Қабыл алыңыздар!!!

ІІ жүргізуші:

Білімнің айдынында жүзіп өткен, Ұстаз, сенсің білімнің нәрін сепкен. Сен арқылы бастау алып дана, ғылым, Сен арқылы әлемді танып білген. Құлпырған еліміздің ұл-қызымыз, Әзірге үлпілдеген құндызымыз. Арасын жер мен көктің бағындырар, Ертеңгі жарқыраған жұлдызымыз!

І жүргізуші:

Ұстаздар! Қандай ғажап халықсыздар!

Шәкіртке шыңдай биік алыпсыздар.

Жан біткен жанарына нұр сыйлаған,

Күндей боп күлімдеген жарықсыздар – дей отырып, келесі кезекті Өмірбаева Ұлданайдың «Қайда» әнін қабыл алыңыздар!

ІІ жүргізуші:

Мұғалімді анамдай жақсы көрем,

Қиналамын қымбат теңеу таба алмай.

Өз баласын тастап кетіп үйіне,

Ел баласын оқытады, ой Алла-ай.

Мұғалімді жақсы көрем сезімтал,

Үлгі етемін өнегелі сөзін бал.

Мұғалімнің мұғалімін танимын,

Көкіректе көретұғын көзім бар.

Ұстаздарға мың алғыс

Алғыстарым көп менің,

Асыл анам, мектебім!

Үйреткені адалдық,

Ұсынғаны адамдық,

Текті мінез, даналық.

Бар ұстазға тілейміз:

Бақыт, табыс, амандық!

І жүргізуші:

Мұғалім ұстазысың балалардың,

Болашақ ғалымдардың, даналардың

Өмірде сенің алар орыныңды

Бәрі де жеткізе алмас бағалардың.

Өткізіп өз алдыңнан талай бала,

Бойына құйдың ақыл, ой мен сана

Сарп етіп сан жылдық еңбегіңді,

Ақылшы, тәрбиеші, болдың аға

Атағым Алатаудай болып биік,

Тұрса да төбем өсіп көкке тиіп

Алдыңда әрқашанда тағзым етіп,

Тұрармын «Ұстазым!» деп басымды иіп — дей келе, мектебіміздің қыздарынан құралған «Томирис» бишілер тобын қарсы алыңыздар!

ІІ жүргізуші: Ұстаз … Қандай қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегіндегі қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, оның бірі – Ұстаз.

І жүргізуші: Иә, дұрыс айтасың. «Ұстаз» деген сөз қазақ баласы үшін қашан да қасиетті, қадірлі болған.«Ұстаздан тәрбие алған» немесе «Ұстаз алдын көрген» деген сөздер «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады.

Ендеше, 8 сынып оқушыларымыздың ұстаздарға арнап дайындаған көрінісін қабыл алыңыздар!!!

ІІ жүргізуші: Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз.

 

Іжүргізуші: Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде еңбегі зор, — демекші – ән «Ұстазым», орындайтын Қуанова Гүлбану мен Мира. Қарсы алыңыздар!!!

ІІ жүргізуші:

Білімнің кәусар бұлағын, Жүресің құйып санама. Біз үшін сенсің мұғалім, Ұстаз да, ғалым, дана да. І жүргізуші:

Анадай құс ұйқымен көз ілдірер, Арманын аласартпас, сезімділер. Бағбандай мәуелі бақ мәпелеген, Бала үшін бар азапқа төзімділер – дей отырып, кезекті «Қамажай» биіне береміз! Ортада Сағи Аружан! Қарсы алыңыздар!

ІІ жүргізуші:

Өнерге ұмтыл, өнерді біл, замандас, Қамдан, жатпа заманыңмен хабарлас. Ынта салсаң, білім туын қолға алсаң, Теңдік тиер, ешкім күйе жаға алмас.

І жүргізуші:

Өлеңге көңілің құмар, даусың жытар, Созылтып ән мұржасын созсаң зытар. Ән сүйгіш, жылы көңіл, сөзге тақсық,

 

Жылпыңдап жылы сөзді неге ұмытар, – дей келе, ортада «Томирис» тобының биін қабыл алыңыздар!!!

ІІ жүргізуші: Ұстаз! Осы бір сөздің өзінде қаншама мән-мағына, қасиетті ұғым жатыр. Ұстаз алдынан өтпейтін ешкім жоқ. Жүрексіз өмір болмаса, мұғалімсіз білімнің, тәрбиенің іске аспайтыны белгілі. Небір данышпан адамдар, қарапайым еңбеккерлер, тіпті арман қуған жеткіншектер де бәрі бір адамға қарыздар. І жүргізуші: Ұстазсыз өмірдің нақты тұтқасын ұстау мүмкін емес. Адамды тәрбиелеп, оны азамат атандырудың өзі бір үлкен күш, сондықтан да ұстаздың еңбегі – ұлы еңбек.

Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып тер төккен шопан да – бәрі-бәрі ұстаздан тәлім алған, сондықтан барлық құрмет ұстаздарға арналады.

Олай болса, ортаға Алламұратова Сағадатты шақырамыз! Монолог «Ұстаздарға арнау».

ІІ жүргізуші:

Ұстаз сөзін айтып жүрдік ән қылып, Одан басқа жүрген кім бар жанды ұғып, Ұстаз деген – ұлылардың ұлысы, Қасиетіне бас иейік мәңгілік!

І жүргізуші: «Мектеп – білім тірегі, ұстаз – оның жүрегі» — деп ғұлама ағаларымыз айтқандай, Қаламқас, менің ойымша, кез-келген адам ұстаз бола алмайды.

ІІ жүргізуші: Олай ойлауыңның себебі неде?

І жүргізуші: Себебі ұстаздық – өнер, тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез – келген адамға қона бермейді.

Олай болса, 10-11 сыныптарының ұстаздарға арнап дайындаған биіне кезек береміз! Қабыл алыңыздар!

ІІ жүргізуші: Шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт. Қаламқас, «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген сөз тегін айтылмаса керек.

І жүргізуші: Иә, ол рас! Ән «Ұстазым» орындайтын Бердиева Айгерім.

Қабыл алыңыздар!!!

ІІ жүргізуші:   «Мұғалім – зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі сияқты» К.Д.Ушинский айтқандай, ұстаздың еңбекқорлығын айта кетпесек болмас……

І жүргізуші: Иә, ұстаз болу, шәкірт тәрбиелеу – кез-келген адамға бұйыра бермейтін бақ.

Ендеше, қарсы алыңыз — Махамбеттің күйі «Жұмыр қылыш», орындайтын Мақсетбай Айдәулет.

ІІ жүргізуші:

Ұстазсыз жанда сөнбек күн, шәкіртсіз өмір — сусыз жер.

Көрінбес ғажап еңбектің бейнетін кешіп жүрсіздер.

Жүректе тұрар жалқы үнің, жанымнан жаныл, жігер күт.

Ұстазым, сенің әр күнің, әр сәтің тұрған бір ерлік!

І жүргізуші: Ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы былай деген: “Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді…

Олай болса, ұстаздарға арналған бейнекөрініске назар аударайық! Тамашалыңыздар!

ІІ жүргізуші:   Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – Мұғалім. Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек.

І жүргізуші: Мектеп – үйім, ұстаздарым ата – анам,  Сенен өсіп, сенен ғана нәр алам.  Саяң ыстық, сен мәуелі бәйтерек,  Тамырлары сан тарапқа тараған- демекші, алдарыңызда 6 сынып қыздарының дайындаған биіне кезек береміз!

ІІ жүргізуші:

Ұстазың жанда сөнбес күн, Шәкіртсіз өмір сусыз жер. Көрінбес ғажап еңбектің, Бейнетің көріп жүрсіздер – демекші, Ерғали Назгүлдің орындауындағы «Ата -Әже» әнін қабыл алыңыздар!

І жүргізуші:

Данышпан да, дана да оқып сенен, Атақ-даңқын асырды бар әлемнен. “Ұстаз” деген аяулы, асыл жанды, Жақсы көрем, арнаймын жақсы өлең!

Ендеше, 9-сынып жігіттерінің дайындаған көріністеріне кезек береміз! Қарсы алыңыздар!

ІІ жүргізуші:

Ұрпақпен өмір жолы жалғанады,

Көңілді күндер тусын алдан әлі

Ән-шашу әсем әуен, түрлі өнер,

Бүгінгі күн сіздерге арналады.

Аяулы ұстаздар! Олай болса, «Ұстазым» әніне кезек береміз! Орындайтын дуэт (Мөлдір-Гүлбақыт)

І жүргізуші: Күллі өмірін жеткіншекке арнаған

Мұғалімді ардақтайды барша жан

Ол мектептен шықпаса да қыс-жазы,

Жемісі оның жердің жүзін шарлаған, — дей келе, «Ханзада» әнімен ортада _____________Ақдананы қарсы алыңыздар!

ІІ жүргізуші: Тойлайды бұл күнді көктен, Біздің байтақ бақытты ел. Ұстаздарды шын жүректен Құттықтайды шәкірттер. Ендеше, Бердіханова Қаламқастың орындауында «Бәрі жақсы болады» әнін қабыл алыңыздар! Өмірлеріңізде бәрі жақсы болсын демекпіз!!!

І жүргізуші:

Бүгінгі күн құшақтары гүлге толсын,  Дендеріңнің саулығы мықты болсын.  Білімімен суарған шәкірттерін,  Төл мерекең, ұстаздар, құтты болсын!

ІІ жүргізуші: Құрметті ұстаздар, қонақтар !  Бүгінгі, Ұстаздар мерекесіне арналған «Ұстаз – мәңгі нұрдың қызметшісі» атты мерекелік концертімізді жабық деп жариялаймыз! Мерекелеріңіз тағы да құтты болсын!

Келесі кездескенше, қош сау болыңыздар!!!(бірге айтылады)

В.Ж. Жолмухамбетова

 МШЖО

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.