Наурыздың 14-і күні Оралда «Жайықтың жасөспірімдері. Жалын. Жаңғыру» тақырыбында білім ұйымдары басшыларының IV қалалық форумы өтті. Қалалық білім беру бөлімі ұйымдастырған форум жұмысына қала әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов, білім саласы және қоғамдық ұйым өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, ардагер-ұстаздар, қамқоршылық кеңес мүшелері мен ата-аналар комитеті өкілдері қатысты. Алдымен жиынға келген ұстаздар мен меймандар оқушылар шығармашылығынан жасақталған көрмені тамашалады.
Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратова Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы білім саласы өкілдеріне де үлкен жауапты міндет жүктегенін мәлімдеді. Мұндай ауқымды жиынды өткізудегі басты мақсат – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында білім алушыларды патриотизмге, адамгершілікке тәрбиелеу, сол арқылы ұжымдық жұмыстарға қолдау көрсету, атқарылған істерді жариялау. – Елбасы әр Жолдауында білім саласының маңызына айрықша мән береді. «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция» дейді Президентіміз. Біздің ісіміздің келешекке игілігі мол, – деді Жансұлу Меңешқызы. Білім ұйымдары басшыларының жиыны биыл ерекше, еркін форматта өтті.
№25 «Снежинка» бөбекжайының тәрбиешісі Лилия Пермитина мен жаратылыстану-математика бағытындағы №28 мектеп-лицейінің директоры Вадим Болдырев Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аталмыш білім ошақтарында жүзеге асырылу барысына тоқталды. Жастардың рухани жаңғыру жолындағы рөліне назар аударған БҚО «Батыс қамқор» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділет Берікқалиев өңіріміздегі еріктілердің арасында мектеп оқушыларының да белсенді екенін айтты. Форум қонақтары алдында ағылшынша сайраған №44 мектеп-гимназиясының оқушысы Эльдар Харесов тіл үйрену – қарым-қатынас құзіреттілігінің негізі, танып-білу де тіл білу сияқты қажеттілік екенін жасырмады. Үш жыл ішінде қалалық «Көшбасшылар» мектебінен мол тәлім алған Ғаділ Амандық, Лаура Кенжеғұлова, Данил Пастухов сынды талапты шәкірттер ел болашағына алаңдайтындарын рухты сөздерімен жеткізді.
Форум аясындағы оқушылар шығармашылығы жәрмеңкесінен түскен қаражатты қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ж.Төремұратова мүмкіндігі шектеулі екі баланың анасы Айгүл Құбашеваға табыстады. Сондай-ақ «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы жеңімпаздарының бірі – «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы А.Әйтімовке оқушылардың тұмар үлгісіндегі қолөнер туындысын табыстады. Қосымша білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Оралдық ұстаздар қашан да жұмыла еңбек етіп, шәкірттерін де білім мен өнердің шыңына жетелеуде. Білім ұйымдары басшыларының қалалық форумында сөз алған ұстаздар да, оқушылар да мұны айқын дәлелдеді. Рухани жаңғыру жылында жетістіктері мен жеңістері еселене түскен мәртебелі мамандық иелері жарқын істерден қалыс қалмақ емес.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
Орал,
«Білім айнасы»