ХХІ ғасырда білім мен ғылым саласында болып жатқан өзгерістер болашақ мамандар даярлауда жаңа міндеттер қойып отыр. Жыл сайын еліміздегі жоғары оқу орнының профессор-оқытушылар құрамының педагогикалық және ғылыми шеберлігін саралайтын «ЖОО-ның үздік оқытушысы – 2017» байқауы биылғы жылғы үздіктерді анықтады. Олардың қатарынан Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіміздің оқытушысы көрініп, мерейімізді көтерді. Солардың бірі — педагогика факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Жүсіпова Жанна Азатқызы.
Жанна Азатқызының ғылыми-шығармашылық өміріндегі жан-жақтылық — таңдаған мамандығы мен ішкі дүниесінің үйлесімділігінен, ой-өрісінің кеңдігінен, бағыт-бағдарынан байқалады.
Қазір ол университетімізде педагогика факультетінің деканы қызметін абыроймен атқарып келеді. Осы орайда педагогикалық кадрлар мен жоғары білім берудің болашағы жайында Жанна Азатқызымен сұқбаттасқан едік.
- Сіз биылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантын жеңіп алған 200 қазақстандық ұстаздардың қатарында орын алдыңыз. Тағы да құттықтаймыз.
- Рахмет! Бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Байқауға қатысу үшін жан-жақты дайындалып, көп іздендім. Оның үстіне төрт рет бақ сынадым, осы жолы «жолым болды» деп айтуға болатын шығар (күліп)…
- Жанна Азатқызы, Сізді министр Ерлан Сағадиев құттықтаған сәтте қандай сезімде болдыңыз?
- Ұстаздардың ұстазы, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Кенжеғалиұлы бұл марапатты ұсынғанда ерекше қуанышты сезімде болдым. Неге десеңіз, осы 15 жылдан астам уақыт білім беру саласында, ғылым жолындағы еңбегімнің бағаланғаны деп білемін. Күнде көре бермейтін министрдің қыруар жұмыстарының арасынан уақыт тауып, салтанатты рәсімге келіп құттықтауы — біз үшін үлкен мәртебе. Ол кісі өте қарапайым, мәдениетті, кішіпейіл адам екен. Салтанатты марапат барысында қандай оқу орнынан келгенімді сұрап, сонымен қатар алдағы жұмыстарыма сәттілік тілеп, жылы лебіздерін білдірді.
«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» — игілікті шара. Сондай-ақ, біз сияқты ғалымдарға көп мүмкіндік береді, жаңа биік шыңдарға, жаңа идеяларға, жаңа инновациялық жобаларға жол ашады, шетелдік тағылымдамадан өтуге, нольдік емес импакт-факторлы журналдарда ғылыми мақалаларды жариялауға, оқу құралдарын шығаруға жол ашады. Сол себепті мемлекет тарапынан ЖОО-ның оқытушыларына жасалынып жатқан мұндай байқауларға өте ризамын. Қазақстанның ғылымы мен білімінің көшінде жүрген ғалымдардың осы ғылымға, білімге деген, өзінің кәсіби жұмысына деген құлшынысын, талпынысын арттыра түсуде үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын.
- Мұғалім болсам деген қызығушылығыңыз қалай, қашан пайда болды? Мүмкін басқа кәсіпті де армандаған боларсыз?
- Балалық шағымның үлкен бір арманы, ол — әнші болу еді. Бала күндерімнен бастап әнші болуды армандадым. Үй шаруасын жасасам да ән айтып жүруші едім. Бала кезімде халық әртісі Роза Рымбаеваның «Атамекен» әнін жиі айтатынмын. Бірақ анам Ермек Садыққызы әнші болғанымды қаламай, мұғалім болуға кеңес берді, ол кезеңде ата-ананың айтқанын бұлжытпай орындау біз үшін заң болатын. Сол ата-ана бағыттауымен мұғалім болып шыға келдік. Кейін анамның таңдауы дұрыс екендігін аңғардым. Бүгінде осындай дәрежеге жетуім — ата-анамның берген бағыты мен тәрбиесі деп білемін.
Балалық шағыңыз қай жерде өтті? Есіміңіз французша Жанна, неліктен? Бүгінгі биік белестерді бағындырған бала Жанна қандай еді?
- Балалық шағым Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданының Жұрын ауылында өтті. Есімімді анам маған жүкті кезінде Францияның ұлттық батыр қызы Жанна дˈАрк жайында кітап оқып, сол секілді батыр, қайсар, өжет қыз болсын деген үмітпен қойған екен. Французша «Жанна» есімі — «ақ көгершін» деген мағынаны білдіреді. Бала кезімнен алғыр болдым. Мектепті үздік бітірдім. Әлі күнге дейін Мақтау қағаздарым үйде сақтаулы. Мектепте өте белсенді болдым, қоғамдық жұмыстардың барлығына атсалыстым, пионер слеттеріне, жарыстарға, олимпиадаларға жиі қатыстым, оқып жүргенде топ басшысы (староста), дружина кеңесінің төрайымы қызметтерін атқардым.
- Бала кезімде әкем «папина дочка» деп еркелетуші еді. Әкенің шексіз мейірімі мен тәрбиесі мені осындай жетістіктерге жетеледі.
- Батыс өңірді педагогигалық кадрлармен қамтамасыз ететін үлкен факультетті басқарып отырсыз. Осы салада еңбек сіңіріп жүрген әріптестеріңіз жайында да айтып өтсеңіз?…
- Бұл салада еңбек сіңірген біршама ғалымдармен жиі байланыс жасаймын. Солардың ішінде ғылым жолындағы ұстаздарым — Сембай Ерғалиұлы мен Клара Жаманбайқызын ерекше атауға болады, себебі ғылымға бет бұруға бірден-бір себепші болған осы ұстаздарды мақтанышпен айта аламын. Қазіргі кезде олармен әріптеспіз, керек кезінде ақыл-кеңестерін айтып, бағыт-бағдар беріп отырады. Сонымен қатар, республика көлемінде педагогика ғылымына зор үлес қосып жүрген ғалымдар Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Майгелдиева Шарбан Мұсабекқызы мен Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры Бұзаубақова Клара Жайдарбекқызын ерекше ілтипатпен айтуға болады.
- Елімізде педагогикалық мамандықтарды дамыту туралы мәселелер көтеріліп жатыр. Сіздің ойыңыз?
- Педагогикалық мамандық — қазіргі уақыттағы ең белгілі мамандықтардың бірі, бұл мамандық басқа да мамандықтарды анықтайды деп айтуға болады, өшпес мамандықтардың бірі. Педагогикалық мамандық –тұлғаны тəрбиелеудің, дамытудың жəне баланың өзін еркін жəне шығармашылықта көрсетудің мүмкіндіктерін таңдауға бағыт беруші кəсіби қызмет. Сондықтан да, ең алдымен ұстаздардың мәртебесін, беделін көтеретін арнайы бағдарламалар қажет керек деп санаймын, сонымен қатар мұғалімдік мамандыққа дарынды жастарды тарту керек.
- Ұстаз еңбегінің нәтижесі — оның шәкірттерінің жетістіктері. Риза болатын шәкірттеріңізден кімдерді атар едіңіз?
- Иә, рас. Әрбір ұстаз өз шәкіртінің жетісігін көргісі келеді. Шәкірттерімнің ішінде ұстаздық жолымды қуып, еңбек етіп жүрген Меруерт Дулатованы айрықша айтқым келеді. Ол барлық оқу сатыларын үздік аяқтады. Бүгінде Қызылорда облысының Шиелі ауданына қарасты Нартай Бекежанов ауылындағы №156 қазақ орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүр. Шәкірттерімнің бірқатары қалалық, ауылдық мектептерде, балабақшаларда педагог-психолог болса, кейбірі емханаларда психолог болып қызмет етеді.
- Әңгімеңізге рахмет, биік табыстарға жете беріңіз!Сұқбаттасқан Сандуғаш Байғұлқызы