«Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» — деп дана қазақ бекер айтпаған. Бұған бүгін тағы көзім жетті. Мектеп табалдырығын аттаған соң, күнде қоңыраудың сыңғырын естиміз. Он бір жыл білім алу ұзақ боп көрінгенімен, көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Қазір «Қап!» деп күрсініп жүрген күнімізді кейін «Қайран кездер-ай!» деп еске алатынымыз айдан анық. Оқушы кезімізде өмірімізде үлкен рөл атқаратын киелі қызмет иесі – Ұстаз.
Ұстаз – адам жанын нұрландырып, сан түрлі нәрседен құлағдар етіп, дүниетанымымызды кеңейтетін жалғыз тұлға. Ендеше, сол жанашырларымыздың өшпес мұратын қадірлеп, қамтып, жазып отырсақ, сауапты іс емес пе?
Бүгінгі кейіпкеріміз Алматы қаласы, Жетісу ауданы №112 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Ысқақова Әлия Айдарқызы. Бірнеше күннен бері тілдескім келіп жүрген сұқбаттың сәті бүгін түсті. Жылы амандасып, күліп қарсы алған ұстазбен танысуға асықтым.
Ғалия Айдарқызы 1961 жылы 18 желтоқсанда Жамбыл облысы, Шу ауданы, Бәйдібек ауылында дүниеге келген. Қазіргі күні қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 1984 жылы Алматы Шетел тілдері университетінің «неміс тілі» факультетін аяқтады. Еңбек жолын Шу ауданындағы Дружба совхозында алғашқы мұғалімдік жұмысын бастады. Кейін 1991 жылы Алматы шаҺарына жанұясымен бірге көшіп келеді. 1992 жылы бастап кешкі мектепте жұмысқа орналасады. 1993-1995 жыл аралығында Абай атындағы мемлекеттік университеттің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алып шығады.
Бала кезінен ұятты бірінші орынға қоятын ұстаздың ұяңдығын да байқадым. Қоңыр үніне салмақты сөзі қосылып бөлек бейне беріп тұр. Төрт тілді білетін таланты, шыншылдықпен турашылдықты талап ететін тік мінезі мамандығының майталманы екенін мойындатады. Еңбексүйгіштігі сонша, еріну деген етістікті сөз арасында айтпайтынын ерекше атап өтуге болады. Ақ нанын адал тауып жүрген ұстаздың от жанары оқушылары дегенде өз орнында тұрмайды. Әсіресе 2007-2015 жыл аралығында бітірген түлектерін аузынан тастамайды. Дегенмен, жәй мұғалімнен гөрі, сынып жетекші болу көптеген мүмкіндік сыйлаған көрінеді. Ұйқылы ояу бола тұра, қоңыраудан кейін кешігіп кіретін оқушыларына ұрыспай-ақ, гүлмен күтіп алатын кезі болғанын да жасырмады. Әрбір сыныптың деңгейімен сөйлесуді дұрыс деп санайтын Ғалия ханым, өмірінің қызық кезеңдері мектептің ішінде өткенін айтты. Бос уақытында кітап оқығанды жақсы көреді. Жан-дүниесіне рухани тыныштық тарту ететін Бердібек Соқпақбаевтің «Балалық шаққа саяхатын» оқығанда өзінің балалық шағын есіне түсіреді. «Мен мінсіз емеспін» деген Ғалия Айдарқызының сөзінен кейін, мектеп директоры Юлдашева Жұмагүл Кәмілқызының ойын біліп көрдім. Жауабы дайын директор саспастан: «Ғалия Айдарқызының 28 жылдық білім тәжірибесі бар. Барлық жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын, ұшан-теңіз марапат пен мақтанышқа ие. Ол біздің оқушылар үлгі тұтатын және қатты жақсы көретін нөмірі бірінші ұстаз» — деді. Иә, Ғалия Айдарқызы 2011 жылы аудандық ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсеткіші үшін, 2016-2017 оқу жылында өткізілген жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиаданың аудандық кезеңінде үздік шәкірт тәрбиелегені үшін марапатталса, Жетісу аудандық білім бөлімінің басшысы С.Құсанованың алғыс хатын алды. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, өн бойына өжеттілікті сіңірген Ғалия ханым Әлибаева Мадина, Ғазиева Феризат, Алимжан Алибек сынды оқушыларының шығармашылыққа бейім екендігін атады.
Жақсының есімі — ұлы. Өз жетістігімен қоса мектептің бағындырған белестерін жыл сайын болатын дәстүрлі ҰБТ-ның кезеңдерін көз жүгіртіп айтып берді. Жоғары көрсеткішке ие болған мектептің, мақтананып айтар түлектері де аз емес. Осы сәтті пайдалана отырып, латын әрпіне көшу туралы ойын білуді жөн көрдім. Жаңа жүйемен жаңа бағдарламаға бойын тез үйреткен Ғалия Айдарқызы: «Әрине, бұл үрдіске үйрену де оңай емес, дегенмен латын әріпіне көшуге қарсы емеспін. Сонда өзіміздің түркі тілдес халықпен емін-еркін қарым-қатынаста болар едік. Қиындығы тек қаржыға кеп тіреледі, сонымен қатар, кітаптың бәрін сол қаріпке ауыстыру үшін уақыт керек» — деп, пікірін білдірді. Бір жағынан зейнетақы жасына бір жыл қалса да, жоспармен жүріп, мақсатпен оянатын бұндай ұстаздың ыждаһаттылығына сірә, сүйсінбеу мүмкін емес. Өмірлік ұстанымы екі сөздің қосындысы ғана. Турасын айтқанда «тек алға»!
Мықты болуды, мейірім төгуді мұрат еткен мұғалімге, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жазып, толағай табыс тіледім!
Жадыра Бағашар,
Білім айнасы,
Алматы қаласы