Бойындағы бар күш-жігерін, зерделі ой танымын, жүректегі жан жылуын өскелең ұрпақтың білімі мен тәліміне арнаған ұстаздар қауымының қоғамдық ортада жұлдызы жанып, бітім болмысын танытар шағы да болады.
Осындай бір шақта өзгелерден оқ бойы озық тұрып дараланып көзге шалынған Қарағанды қаласы №16 ЖББОМ мұғалімі Жандаулетова Айгуль Тиштыкбаевна мен жете танысқым келіп іргеміздегі білім ордасына баратын автобус маршрутын іздеп, сол бағытқа сырғи жөнелген жайым бар. Сұрастыра жүріп, іздеген адамымды кішкентай бүлдіршіндермен қосымша дайындық сабағын жүргізіп жатқан жерінен жолықтырдым. Ынта жігерімен, барынша байыппен әр оқушыға білімнің қыр-сырын жете түсіндіріп, оқушысына білімін сарқып беруге бар ынтасыымен кіріскен мұғалімнің өлшеусіз еңбегі сезіліп-ақ тұр. Сабақ соңында осынау бір ізгі мамандық иесімен сұхбаттасудың сәті де түсті.
– Айгуль Тиштыкбаевна бүгінде сізді жалпы ұжымыңыз үлгі тұтар, шәкірттеріңіз мақтаныш етер тұлғаға айналдыңыз десек артық айтқандық емес. Жалпы осындай дәрежеге жетуіңіздің сыры неде?
– Бастысы адам баласы мамандық таңдауда адаспағаны абзал. Мен ұстаз болуды бала шағымнан арман еттім. Арман алға жетелеп осыдан жиырма бес жыл бұрын ҚарМУ студенті атандым. Оқуымды ойдағыдай аяқтап алғаш еңбек жолымды бастаған шағым әлі күнге есімде. Теориялық жағынан мықты қаруланғаныммен, практика жүзінде сабақ алуыма, үлгілі ұстаздар қатарына қосылуыма ықпал еткен тынымсыз еңбегім мен осы білім шаңырағының басшылары сондай-ақ қарт ұстаздары болатын. Менің осы уақыт аралығында қол жеткізген жетістіктерім,-деп ендігі әңгімесінде абройлы міндетті атқаруда талап биігінен көрінген шақтарын еске ала сөйледі.
2015 жылы Облыстық «әдістемелік вернисаж» конкурсында IІІ орын иемдендім, Өрлеу білім ғылым теxнология порталының атынан білім беру саласында айрықша еңбегім үшін»Ұлағатты ұстаз»төсбелгісімен марапатталдым, 2016жылы»Көшбасшы»жобалар жинағына шықтық. Талдықорған онлайн байқау-1орын, 2016 жылы Жеткіншектер сарайынан бастауыш сыныптар арасында өткен «Мен зерттеушімін»атты фестивалінің ең жақсы жинағына ендік.
Өмір бір орнында тұрмайды, үнемі алға жылжып отырады, осыған орай жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелеу, оқыту үшін үнемі ізденіп, білімін, біліктілігін арттырып отыру керек. Басқаға керек болу үшін жаралудың өзінде үлкен мән мен мағына жатқанын айқын аңғарасың.
Жиырма жылдан астам уақыт абыройлы да күрделі мамандықтың тізгінін ұстаған осы бір жанның әрбір сөйлеген сөзінен көркем тіл, кемел ой шеберлігі айқын көрініп жатты Б.Момышұлы айтқандай «Ұстаздық ұлық емес, ұлы қызмет» Осындай шәкірттерінің бағын жағып, дарынын ашқан бастауыш сынып балаларының бағбаны бола білген Айгуль Тиштыкбаевнаға шыңдалу жолында шалқар шабыт тіледік.
Ақниет ПАЗЫЛОВА
Қарағанды облысы бойынша
Республикалық «Білім айнасы» газеті
мен bilimainasy.kz сайтының тілшісі