Home » Мақалалар » Ұстаз бойындағы қасиеттер

Ұстаз бойындағы қасиеттер

Өмірдегі көп мамандықтардың ішіндегі икемділікті, білімділікті, шеберлікті, мейірімділікті, шəкіртжандылықты қажет ететін мамандық ұстаздық мамандық деп білемін. Олай дейтін себебім, ұстаздық — біріншіден, адамзат қоғамындағы жинақталған ғылым негіздерінен керегін ала отырып білім беруге, екіншіден үнемі шəкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманына жол сілтеуге, дұрыс бағыт-бағдар беруді мойнына алған маман иесі. Бүгінгі ұстаз шəкіртіне ғылым негіздерінен нақты мəлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни, қатал бəсеке жағдайында өмір сүруге тəрбиелей білу керек деп ойлаймын. Ол — тек қана нағыз ұстаздың қолынан келетін іс. Ұстаз атанудың өзі оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау — əр ұстаздың борышы. Ол – өзінің шəкірттерін, кəсібін, пəнін, мектебін шексіз сүйетін адам. Осы іске деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана оны небір қиын əрекеттерге жетелей отырып, іске батыл кірісуге септігін тигізеді. Ұстаздың осыншама қадір-қасиетке, құрметке бөленуі өзін қоршаған ортамен əрбір шəкіртіне асқан жауапкершілікпен қарым-қатынас жасауында деп білемін. Өйткені оның қарапайым да сыпайы киім киісі мен мəдениетті сөзі, жүріс-тұрысы, жинақты іс-əрекеті, білімі шəкіртке де, ата-анаға да үлкен өнеге.

Адамның өзіне өзі өмір бойы қоятын жəне оған əрдайым жауап іздейтін санаулы сұрақтары болады емес пе? Мен үшін сол мəңгілік маза бермейтін сұрақтың бірі де бірегейі – ұстаз деген кім? Алдымен осы сұрақтың жауабын таппай іздене келе, тəжірибе ала келе айқындап көрдім.

Ұстазға тəн ең бірінші қасиет ол – баланы құрметтеу. Оның адамшылық ар-намысын, тұлғасын, жасы кіші екеніне қарамай үлкен адамдарша сыйлау, құрмет тұту деп топшыладым. Ал бұл қасиеттер ұстаздың терең дүниетанымы мен үлкен жүрегінен келіп шығады.

Ал, менің ойымша, ХХІ ғасырдың нағыз ұстазы қандай болу керек? Əрине, ол біріншіден өз кəсібінің майталманы, осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат-қуатын салу керектігін айтпаса да түсінікті.

«Ұстаз» сөзінің екі түрлі сипаты бар.

Біріншісі – белгілі пəннен сабақ беретін оқытушы да, жоғары беделді адамдарға ықпал етуші адам. Мектепте ұстаз – баланың екінші ата-анасы, оларға болашаққа айқын жол сілтеп, бағыт бағдар беруші, ақылшысы. Оның мейірімге толы жүрегі шəкірт бойындағы талай ағаттықты кешіре біледі. Оның бойындағы білім мен ақыл, ойының қуаты талай тентекті жуасытатын, небір еркені сабасына түсіреді, тəртіпке баули отырып, есейтіп, ер жеткізеді. Осы тұста, Абайдың:

Ақырын жүріп анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға, — деген өлең жолдары еріксіз оралады. Егер əр шəкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып, ұстаздан шəкірті озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе?!

Қазіргі заман мұғалімі қандай болу керек?

Қазіргі заманның мұғалімдері информатор, бақылаушы, тексеруші, жазалаушы, ізденуші, өнертапқыш, шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл болу керек, қазіргі заманның мұғалімі – рухани дамыған əрі əлеуметтік тұрғыдан есейген, педагогикалық құралдардың барлық түрлерін шебер меңгерген білікті маман, өзін-өзі əрдайым жетілдіруге ұмтылатын шығармашыл тұлға. Ол жоғары білімді шығармашыл тұлғаны қалыптастырып, дамыту үшін жауапты жан деген сөз.

Осыған байланысты ұстазға тəн мынадай сипаттарды даралап көрсетуге болады: дүниетанымдылық көзқарасы, сенімі, ұйымдастырушылық қабілет — заманға сай жаңашылдық.

ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры. Ендеше, бізге ой-өрісі жоғары дамыған, зерделі жан-жақты дамыған, парасатты ұрпақ керек екенін əсте естен шығармағанымыз жөн.

Білімді ұрпақ тəрбиелеп, еңбегіңнің жемісін көре отырып шаттанғанға не жетсін. Ұстаздай ұлы тұлғалық мамандық таңдағаныма еш өкінбеймін.

Айдана Бауыржанқызы Қалиахметова,
«Болашақ 10 орта мектебінің» қазақ тілі мен
əдебиеті пəнінің мұғалімі,
Қарақия аудандық, Болашақ селолық округі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.