Home » Балабақша » Ұстаз баланың ақылшы досы

Ұстаз баланың ақылшы досы

«Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс» В.А.Сухомлинский
Тақырыптың аты атағандай ұстаз әр оқушының жақын,сырлас досы бола білуі керек. Ұстаздың басты міндеті оқушыдан сабақты яғни күнделікті тапсырманы талап етпеуі керек. Ұстаз ертеңгілік алдына келген санаулы оқушыларының көңіл-күйіне зер сала қарап, олармен күліп амандасуы міндетті. Көңіл-күйі болмай келген баламен оңаша жерде жеке сөйлесіп, оқушының көңілін көтеріп өмірге деген құлшынысын қалыптастыруы керек. Қазіргі таңда тек балаларға емес ата-аналарға да ұстаздың тарапынан жылы сөз, рухани байлық жетіспей жатады.
Мен өзімнің азғантай мектепке дейінгі тәжірибемнен айтар болсам, көптеген балалар балабақшаға көңіл-күйлері болмай жылап келеді. Оған ең бірінші тәрбиешісі, екінші ата-анасы кінәлі деп айтар едім. Көптеген педагогтар жұмыстары қағаз басты болып кеткендіктен баладан гөрі қағаздары маңыздырақ болып баланың не себепті жылап келгеніне көңіл бөлмейді. Менің ұстаздарға айтарым қағазды 1-2 сағат кештеу жазып тапсырғаннан ешбір жұмыс тоқтап қалады деп ойламаймын. Жоғарыда қағаз талап етіп отырған басшыларға да айтар ұсынысым осы болар еді. Біз қағаздың болашағы емес, баланың болашағын көбірек ойлауымыз керек. Балабақшаға келетін балалардың жас ерекшелігі 2-6 жас аралығында. Бала балабақшаға оқу үшін бармау керек, себебі олар ойын балалары. Осы жерде  А.С. Макаренконың маңызы бар қанатты сөзін айтқым келеді.
«Ойын — балалар өмірінде өте маңызы бар нәрсе, үлкендердің қайраткерлігі, жұмысы, қызметі қандай маңызы болса, балалардың ойыны да сондай маңызды. Ойында балалар қандай болса, өскен кезде жұмыста да көбінесе сондай болады. Сондықтан болашақ қайраткер ең алдымен ойын арқылы тәрбие алады»  А.С.Макаренко
            Екінші ата-анасы кінәлі деп айтқаным, ата-ана балабақшадан балаларын алып кетерде алдымен балаға қояр сұрағы мынадай болады: Бүгін саған кім тиді? Киіміңді неге ластайсың? Болмаса баланың көзінше тәрбиешіге ұрысу сияқты қылықтары баланың балабақшаға келуіне қазіргі таңда кері әсерін тигізсе, ол бала өскенде сол тәрбиені қайталайды? Бұл күнделікті өмірде кездейсоқ кездесетін көрініс. Менің осы айтып отырғандарым жай нәрсе болуы мүмкін, шынайы өмірде бала болашағына,қоғамға кері әсерін тигізеді. Қазіргі таңда көп баланың тілдері кеш дамып отырғаны баршаға мәлім. Тілдің дұрыс дамымауын мен үлкен дерт деп айтар едім. Қазақ тіліміздің тұсаулануы деуге де болады. Оған басты себеп ата-ана бала қойған сұраққа дұрыс, толыққанды жауап бермеуі, балаға көңіл бөлінбеуі. Ата-ана өздерінің мазасын көп алмауы үшін ,балаларына ұялы телефон алып беріп өздерінен алшақ жіберуі. Күні-түні үнсіз телефонға үңілген баланың сөйлемегені, аулаға шығып ойнамағаны балаға да қоғамға да кері әсерін тигізеді.
Мен өз сөзімді қорыта келе, ұлтымызды және қоғамыздың болашағын ойлауды отбасынан және балабақшадан басталатынын қаперімізден шығармайық дегім келеді. Ол үшін балабақшадағы ойын жасындағы балаларды зеріктіретін сабақ кестесін алып тастауды ұсыныс ретінде айтар едім. Бала бала болып тасты ұстап, құмды шашып, саз балшықты илеп көрмейінше, яғни еркін ойнамайынша өмірге деген қызығушылықтары болмайды.

Сөз соңында өз өлең шумағыммен аяқтауды жөн санадым.

Мен баламын еркін ойнап білмеймін,

Мен баламын неге доспен жүрмеймін?

Мен баламын барған балабақшадан,

Ойыншықтарды неге ойнап көрмеймін?

Бақшамыздан ашық сабақ бітпейді,

Ойнауға да ешбір уақыт жетпейді.

Балаларда асыр салып жүгіріп,

Бала болып тасты неге теппейді?

 Әкем барған балабақша қайда екен?

Таба алам ба? сол бақшаны мен әттең!

Әкем айтқан асық,ләңкі ойынды,

Шаң-шаң болып ойнап көрсем пай неткен!

(бұл әр баланың арманы деп ойлаймын)

Дюсегалиева Калығыз Таженовна
Теңге «Жұлдыз» аула клубы,
педагог-ұйымдастырушысы
Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.