«Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады».
Абай
Ұстаз тумысынан айтылғанның бәрін жетік түсінетін, көрген, естіген және аңғарған нәрселерінің бәрін жадында сақтайтын, олардың ешбірін ұмытпайтын…алғыр да зерек ақыл иесі, сөзге шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны таза және ар-намысын ардақтайтын, жақынына да, жатына да әділ, жұртқа жақсылық жасап, үлгі көрсететін, жасқануды білмейтін жан. Ұстаз өз тарапынан қашан да барынша ынталылық пен табандылық корсете алатын мейірімді ұлы тұлға.
Ұстаздық пен шәкірттік – адам баласы арақатынасының ең бір абзал әрі мағыналы, мәнді түрі. Ұстаз сөзінің ұғымы кең. Оның ең негізгі мәні жақсылыққа, өмірде өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізуге үйрету, тәрбиелеу дегенді білдіреді. Шәкірт ұғымының мәні де осыған байланысты, яғни ұстаздан жақсылыққа, өзі бақытты болып, өзгелерді де бақытты ету жолына үйрену, тәрбиелену дегенге саяды. Ұстаздық пен шәкірттік ұғымдары адамгершілікпен, әдеп-инабатпен, ізет-құрметпен, білім парасатпен,адалдықпен етене байланысты.
Ұстаздың үздік қасиетінің, яғни шын мәніндегі үлкен абырой–беделінің тәрбиелік күші шәкіртінің соларды мойындай отырып, сол әсерге міндеттеусіз, зорлаусыз өз ерік қалауымен берілуінде, қабылдауында, еліктеуінде. Адам өзінің айрықша сыйлайтын, сенетін,тәнті болып,мақтан тұтатын кісісінің айтқанын екі етпейді,тапсырмасын ауырсынбайды, оны шын пейілі ықыласымен, бар ынтасымен және шабытпен орындайды. Егер оқушы-шәкіртінің бойында осы ынта-ықылас оянбаса, онда жүз мұғалімді төбесінен төндіріп қойсаң да, ешнәрсе шықпайды.
Ұстаз, шәкірт сөздері-біздің халқымызда өте қадірменді, қастерлі ұғым. Олар білімділік, көрегенділік, имандылық, кіші пейілділік, парасаттылық мағынасында түсініліп, қабылданып келген. Біздің әдеби мұрамызда, әсіресе, қадым заманнан бері жалғасып жатқан жазба, кітаби әдебиетте бұл ұғымдарға өте зор, мәртебе беріледі. Бұл сөздердің түп мағынасы оқымыстылықпен, ғұлама хакімдікпен байланысты болғандықтан, ұстаз, шәкірт жайында әңгіме болғанда, данышпан ойшылдардың ұшан-теңіз білімі, көрегендік-кемеңгерліктері, әділдіктері менкіші пейілділіктері үлгі етіледі. Ежелгі грек философы,данышпан ойшыл Аристотельдің Бірінші ұстаз, ал өзіміздің арғы бабамыз, Фарабтан (Отырар) шыққан кемеңгер ойшыл, әмбебап ғұлама Әбу Нәсір әл-Фарабидің Екінші ұстаз аталуы бұл ұғымға халқымыз қаншалық жоғары баға бергенін білдірсе керек.
Міне, содан бергі заманда шәкірттің ұстазды сыйлауына керемет адамгершілік, әдептілік, көрегенділік, білімділік, бұларға қоса,соншалық жарастық, поэтикалық мән дарытылып, сипат беріліп келеді.
Шәкірт ұстазды білім берген, дүниеге көзімді ашқан, өмір сүрудің шынайы мәнін ұғындырған,тіршілігімді мағыналы, мәнді еткен адам деп,шексіз сыйлап, кастерлейді. Бұрынғылар: «Ұстазды атаңнан да әзіз тұт», — десе, заманның әйгілі қолбасшысы Ескендір Зұлқарнайынның Аристотельді, Абылай ханның Төле биді, ғұлама оқымысты әрі ұлы ақын Шәкәрімнің Абайды, Шыңғыс Айтматов пен Орта Азиядағы туыстас түрік елдерінің осы заманғы көптеген дарынды өкілдері мен қазақтың аса көрнекті ақын-жазушылары, ғалымдарының Мұхтар Әуезовті ұстазым деп, шексіз ардақтағаны және ардақтап келе жатқаны — осының айғағы.
«Ұстаздық қылған жалықпас Үйретуден балаға», — деп ұлы Абай айтқандай,ұстаздық атаққа азапты еңбек,шынайы шеберлік арқылы ғана қол жеткізуге болады.
Ұлы жазушы әрі ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің: «Ел болам десең, бесігіңді түзе», — деген өте терең мәнді әдемі нақылы бар. Ол- елінің ертеңі — жас ұрпағыңды жақсылап өсір деген сөз емес пе?! Оған қоса, «бесік» сөзі тәрбиең ұлттық мәйекті болсын дегенді де меңзеп тұр.Осы міндеттің көп салмағы мұғалім,тәрбиешілерге түсетіні айдан анық.Сондықтан «Елдің келешегі — ұстаздың қолында» деген лепті тұжырым бары белгілі.
Іскер ағаштан қандай да бір затты қырнап–мінеп жасап шығудан бұрын,оны балтамен шауып,жоңғылап алады: ұста темірді шыңдаудан бұрын, оны жұмсартады… Осылайша мұғалімнің де оқушыға өзінің тәлімдерін үйретуден бұрын,алдымен оның бойында білім алуға деген талпынысты оятып алуы қажет екенін білуіміз керек.
Адам баласының өзінің ұзақ тарихында жасаған рухани,мәдени қазынасы, қымбатқа түскен тәжірибесі, соның ішінде «көрегенділік» деп аталатын адамгершілік,тәлімгерлік тағылымдары ұрпақтан ұрпаққа осы ұстаздық-шәкірттік үдірісі арқылы беріліп,жалғасын табады.
Елдің ертеңгі күніне сенімін орнықтыру, өнімді де шығармашылық еңбекті өрістету,қоғамдағы келеңсіз кемшіліктерге тосқауыл қойып, адамдардың құқығы мен бейбіт өмірін қамтамасыз ету, сол арқылы өркениет жолымен ілгері басу тәрбиелеу мен тәрбиеленудің, яғни ұстаздық пен шәкірттіктің өзінің арнасына түсіп, қоғамның барлық мүшелерінің алдында ардақты да беделді орынға ие болумен сабақтасып жатқанын қалар едім…
Бүгінгі таңда білім саласында қызмет ететін әрбір педагог жаңару процесін жатырқамай карсы алып, өзінің іс-тәжірибесіне енгізуге асығуда. Өйткені өркениетті елдің білім саясаты жаңа тұрпатты педагогтың тың көзқарасын қажет ететіні анық. Жаңа кезеңдегі мұғалімнің шығармашылық іс-әрекетінің мазмұны зерттеушілік қызметтен,жеке ізденістерден ,оқушымен, ата-анамен тығыз ынтымақтастықтан тұрады. Ұстаздықтың мәні осыған орай жаңа сипаттарға ие болуда. Демек, ұстаздың білім мен өнердің жеке,қиын саласына үйретуге өте мұқият бағыт ұстауы шәкірттің де оған зейін шоғырландырып қызыға, ойын, қабілетін, икемдік дағдыларын жұмылдыра білуін талап етеді. Ұстаз шәкірттің бойында сол ынта мен ой күшін жұмылдыра білушілікті пайда қылып, соған қуанып, дем беріп отырады. Олай болмағанда, шәкірт алға баспайды,онда даму болмайды,бір орында тұрып қалады.Бұл деген-өскелең талаптарға қатысты алғанда, кері кету деген сөз. Сондықтан қоғамдық даму тұрғысынан ұстаздың түпкі мұраты шәкіртті өз деңгейіне жеткізу ғана емес, өзінен озып, ілгері кетуге негіз қалау болуға тиіс. Халық: «Шәкірт ұстаздан озса, игі» — деп тегін айтпаған ғой.
Ұлы Абай: «Шәкіртсіз ғалым – тұл» деу арқылы ұстаздық пен шәкірт ұғымын бірінің екіншісіне үйретуі, екіншісінің үйреткенді ынта қойып, біліп алатын яғни ғалымның іліміне ие болатын мұрагер ғана емес, ілгері жалғастырып, дамушы ретінде анықталған.
Адырбекова Гүлжан Шекербековна,
Астана қаласы № 71 мектеп–лицейінің
қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі