Home » Менің ұстазым » Ұстазы жақсының ұстамы жақсы

Ұстазы жақсының ұстамы жақсы

Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенмен, ал нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім», – деп ұлы педагог Ы. Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы –  қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы.
Білім беру кеңістігінде тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері кәсіби ұстаздар жетерлік.  Солардың бірі ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған менің ұстазым Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақтөбе ауылының тумасы Әбдірасылова Бибігүл Жамалқызы. Ол – ұлағатты ұстаз. Себебі ғибратты ғұмырының қымбат  шақтарын болашақ буындарды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап келеді. Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген ардагер ұстаз менің шығармашылыққа деген қызығушылығымды оята отырып, әрдайым ізденімпаздылық пен еңбексүйгіштікке баулыды. Кіндік қаным тамған туған жерімде, мен оқыған алтын ұя мектебімде № 109 мектептің абыройын қала, облыс,  республика көлеміне танытып жүрген бірден бір ұстаз деп мактанышпен айта аламын.  Жоғары санатты ұлағатты ұстазымның жеткен жетістіктері мен алған марапаттары ауыз толтырып айтарлықтай өте көп. Соның бірі Қазақстан  Республикасының  Білім және Ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми — практикалық орталығының Алғыс хаты болса, «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері болып марапатталды. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстазым Бибігүл апайдың еңбегі зор.  Сондықтан да  біз үшін  әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.  Білім көшін жылжытып келе жатқан  әрбір ұстаздар қауымына да құрметім ерекше. Мұғалім – мәңгі нұрдың қызметшісі, ол барлық ой мен қиял-әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі. Мұғалім – оқушы үшін ең жоғары адамгершіліктің үлгісі. Сондықтан да ол оқушы жүрегінде ұмытылмас із қалдырады.

 

Ұстаздар –ұлағатты асыл жандар,

Жүзінен нұрлы шуақ шашылғандар.

Шәкірттерін баласындай көреді,

Ұстаздарға бас иіңдер, адамдар!-деген өлең жолдарында бала  үшін орны айрықша екені көрініп-ақ тұр. Ұстаз – бала жанының бағбаны, шамшырағы. Сол кісілер арқылы ғана көзі ашылып, білім нәрімен сусындап, әлемге көз сұғады.  Менде  мұғалімдердің ұшан-теңіз еңбегінің арқасында көптеген белестерді бағындырдым.

Бүгінде апайдың шәкірттері Қазақстанның түрлі аймағында жолын қуып, білімді де білікті маман иесі атанып, ұстаз абыройын асқақтатып, мерейін үстем етуде. «Адамның адамшылығы — жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Ұстаз бен шәкірт арасында кіршіксіз махаббат болса, алынбайтын асу, бағындырмайтын қамал болмасы анық. Ұстазы жақсының ұстамы жақсы демекші апайым  салған сара жолды журналистика саласымен жалғастырып, республикалық баспада ұстаздарымның мерейін, мәртебесін көтеру бағытында жұмыс жасаудамын. Бұл салада жұмыс жасау мен үшін үлкен мәртебе. Ендігі мақсатым осы саланың шыңына жетіп, туған еліме, жеріме адал қызмет етіп, жағымды жаңалықтармен ғана елімізді қуантқым келеді.

Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі, қазіргі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы-жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі-мұғалім.  Өнегелі өмір жолын жалғастыруға септігін тигізген Бибігүл апайым қазіргі таңда аяулы ана, әріптестер арасында құрметі жоғары  ұстаз және немелерінің сүйікті әжесі. Алла қаласа аз уақыттың ішінде  еңбек демалысына  шыққалы отырған бақытты жан. Бибігүл апай сізге шын жүректен алғыс айта отыра деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, мәнді де сәнді ғұмыр кешіңіз дегім келеді. Сәттілік серігіңіз болып,  шәкірттеріңіз  ізіңізді жалғап  жүре берсін.

Ботагөз Маратқызы

Журналист

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.