Home » Білім және тарих » Ұстазы жақсының ұстамы жақсы

Ұстазы жақсының ұстамы жақсы

Тұла бойың тұнған сабыр, кешірім,

                                                                      Айқара аштың бізге білім есігін.

Өр тұлғаңды балап шыңға,

Ұстазым, мен өзіңе тәнті болсам, несі мін?!

Өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып, тәрбиенің тал бесігін қоса тербетер ұстаздар еңбегі ұшан-теңіз. Білімге деген құлшынысты оятып, көкірек көзін  ашуда  әр жүрекке жол таба білудің өз шеберлігі бар. Білімі мен кең жүрегі арқылы талайды білім нәрімен сусындатып жүрген осындай ұлағатты ұстаздың бірі -Қарағанды  қаласындағы №81 ЖББ орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Саумалбаева Арай Тиыштықбайқызы. Жиырма екі жылдық еңбек жолында талай шәкіртті  үлкен өмірге қанаттандырған Арай мұғалім әр оқушы, әр ата-ана үшін ерен тұлға. Ұстамдылықты ұраны еткен Арай Саумалбаева әр оқушыны салмақтылыққа, ізденімпаздыққа баулиды. Ол жетекшілік етер сынып  қандай сайыс болмасын, қандай сынақ болмасын алдыңғы қатардан көріне біледі. Осылайша ол әр оқушы жүрегіне сенімділік сезімін ұялату арқылы, сол сенімнің нәтижесін көріп отырған жан. Бүгінгі күнде 10«ә» сыныбына  жетекшілік етер Арай ұстаз әр оқушымен тілдессе тілегін ұғынады, ата-ананың айтпағын да аяқ асты еткен жері жоқ. Жоғары біліктілігін көрсете отырып, өзін еңбек жолында шыңдаудан шаршаған емес. Сондықтан да оқушы үшін  қазақ тілі пәні қашан да қызықты. Сабақтан тыс уақытта болса да әр оқушыға өз баласындай алаңдай білетін Арай  мұғалім шәкірттерінің ең жақын адамына айналған. Сондықтан болар  оқушылар оның қояр қатаң талабына бағынады, тәртіпке тыңғылықты қарайды, басты талап білімде екенін ұғынады. Арай мұғалім жетекшілік етер сыныпта уақытын текке өткізер оқушы жоқ. Еңбектенгеннің төккен тері еш кетпейтінін  ұғындырған   ұлағатты ұстаз әр оқушыны талмас ізденіске баулыған. Шығармашылық шыңдалысын ширатып отыратын ол үнемі сабақтан тыс уақытта түрлі тақырыптарда мақала жазып, рухани тұрғыда көкжиегін кеңейтуді көздеген жан. Сол жақсы бір қасиетті  оқушы бойына сіндіре білу үшін  қолы қалт еткенде сыныбын жиып алып, талай қызықты тақырыпты талқылайды. Оқушының   көңілі жүйрік, талабы таудай болуы үшін  талмай ізденуі керек деп ұғындырады. Арай мұғалім туралы қай оқушы, қай ата-ана болмасын жағымды ойларын жалықпастан жеткізуге даяр. Бұл дегеніңіз  ұстаз еңбегінің жаңғаны. Арай Саумалбаева жетекшілік етер 10«ә» сыныбының ата-аналарының, оқушыларының  айтар алғысы шексіз.

 Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

Қарағанды қаласы.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.