Тараз қаласы, Әсет Дүйсебаев, Республикалық «Білімдіге дүние жарық» атты айтыстың бас бәйге жүлдегері, суырып салма айтыскер ақын.
- Қандай оқушы болдыңыз?
Мен тентек болғаным жоқ. Жақсы бес деген баға алдым, бұзық балалардың қатарынан болмадым. Жас кезімде өнерге бір табан жақын болғандықтан, мектептегі іс-шараларға қатысып, тәртіпті озық оқушы болдым.
- Сүйікті мұғаліміңіз кім болды?
Жалпы мұғалімдер көп болды. Ең сүйікті мұғалімім 5-9 сынып аралғында сынып жетекшім болған, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Фарида Әбдіқалықова болды.
- Сол мұғаліміңізге арнап шығарған өлеңдеріңіз болды ма?
Жоқ, болған емес. Суырып салма ақынмын. Жазбалық ақындар қатарынан емеспін. Мереке, туған күндерде, сол сәтте өлең шығарамын.
- Мектептегі ерекше есте қалған оқиғаңыз?
Есте қалған оқиғалар көп. Соның бірі бастауыш сыныпта оқып жүрген кезім болатын. Мұғалім отыратын үстелдің тозығы жеткен болатын. Соған біреу отырса құлайтындай дәрежеде жасап қойғанбыз, сабақ үстінде еңбектен беретін мұғалім келіп сабақ өтіп жатқанда, үстелдің құлап кеткені бар. Және бізде плюс деген болатын. Демалыс күні келіп мектептің қабырғасына жақсы көретін қыздарымыздың атын жазып кеткенбіз. Дүйсенбі күні директор көріп, жиналыс жасап жазығы жоқ жігіттерді жазалаған болатын.
- Қандай мұғалім есіңізде калды?
Бізде математик Ғалымжан Ақпердиев деген мұғалім болатын. Сыныпқа кірген бойда қанша оқушы бар екенін біліп қоятын. Бір, екі деп санап отырмайтын. Жиырма үш оқушы болса, сыныпқа кіріп келсе жиырмасы отыр, үшеуі жоқ дейтін. Тағы бір ерекшелігі шулап отырған баланы бормен ұрған кезде маңдайына дәл тигізетін.
- Студент кезіңіздегі қызықты оқиғаныз?
Ең алғашқы ауылдан келіп, қаланың біле бермейтін кезіміз. Екінші семестрден бастап, үшінші парға қатыспау, сабақтан қашулар болды. Группаластарымызбен түске карай саябаққа шығып кеткен болатынбыз. Қалың шөптің ортасында әңгіме дүкен құрып ұйықтап кетіппіз. Тәртіп сақшылары келіп оятып, біраз тергеген болатын. Жиі айтыстарға қатысып, сабаққа бармайтынмын.
- Студент кезіңіздегі ұстаздар?
Музыка саласында оқыдым, қазақ әдебиетіндегі Қалдыкүл, Лариса, Дүйсенкүл ұстаздармен жақсы қарым-қатынаста болдым. Қолым қалт етсе әдебиетті көп оқитынмын. Бір ұтқан жерім домбыра тарту шеберлігі жағынан жақсы жетілдім. Айтыста өз нәтижесін көрсетіп жатыр.
- Кай ұстаздың шәкіртісіз?
Қазіргі таңда Мейіржан Әлібековтің шәкіртімін. Шырайлы Шымкенттің тумасы. Дініміз руымыз бір.
- Басқа да ұстаздар жайлы айтып өтсеңіз?
Есіме түсіп кеткені сабаққа барған кезде әр пәннен, әр ұстаз сабақ береді. Әрқайсысынан әр түрлі нәрсе үйренесің. Жалпы облыс мектеп оқушыларының айтысында Қасқырбай Нарбатыров ағамыздан сабақ алдым. Өсе келе облыстық ақындар айтысында Алтынкүл Қасымбековадан көп үйренгенім бар. Республикалық ақындар айтысына шығуыма себепші болған Ахметжан Өзбековтің ықпалы тиді.
- Қай ұстазды үлгі тұтасыз?
Шыны керек барлық ұстаздармен ақылдасып, кеңесіп отырамын. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз де орынды айтылған. Ешқайсысын бөліп жармаймын.
Айгерім Назарова
«Білім Айнасы»,Тараз қаласы