Home » Тұлға » Ұстазым – өнегелі ұстанымым!

Ұстазым – өнегелі ұстанымым!

Ұстаз! Осынау сөзде қаншама мән-мағына жатыр десеңізші?! Ұлағатты ой иелері де, арман оты жүрегінде алаулаған жеткіншектер де, парасатты қоғам қайраткерлері де бір адамға қарыздар. Ол – ұстаз. Ол өмірдің қыр сырын білуге, сын қилы құбылыстарды терең түсінуге мұрындық болып, жан-дүниеңе шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен әрқашан орын алады.

Ұстаз да диқан сияқты. Ол әр адамның жанына білім ұрығын себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмірге топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүруге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін адам баласы мойындаса керек. Қазір мен, Қызылтөбе селолық №2 орта мектептің 11 «б» сынып оқушысымын. Алдымда үлкен сынақ ұлттық бірыңғай тест күтіп тұр. Балалықпен қоштасып жоғары оқу орнына жолдама аламын. Мектеп түлегі үшін қуаныш пен үмітті күндерінің қарсаңында білім беріп, ҰБТ-ға дайындап тәлімі мен тәрбиесін аямаған сүйікті ұстазым, сынып жетекшім Сүгірбаева Арухан Туйежайқызына алғысым шексіз.

Өйткені жүрегі мейірімге толы сүйікті ұстазым мадаққа да, марапатқа да лайық. Олай дейтінім саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған апайым- шәкірт жүрегіне жол таба білген ұстаз. Әр оқушысын баласындай мәпелеп жақсылығын асырып, жамандығын жасыра білген ардақты «Ана».

Кейде ойлаймын, «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген ұлағатты сөз менің ұстазыма арналған болар деп. Өйткені, бүгінде Арухан апайдың қанаттандырған талай шәкірттерін еліміздің түкпір-түкпірінде жауапты қызметтерді атқарып жүр. Бірі – бастық, бірі – инженер, енді бірі – ұстаз. Бәрі де өз ісінің білікті мамандары. Ел ертеңі үшін осындай парасатты мамандар тәрбиелеп шығаратын ұстазымды сол үшін де мақтан тұтамын.

Ол кісі бізге алгебра және геометрия екі жауапты пәннен сабақ береді. Ол кісі сабақ түсіндіргенде ешкім дәптеріне конспект жазбаса да болады. Жай әншейін тыңдап отырғаныңның өзі жеткілікті. Мұқият тыңдаған оқушы келесі сабағында үй тапсырмасында, сынып жұмысында тура өзі түсіндіргендей айтып, орындап береді. Міне, осы хас педагогтың ісі. Өз ісіне берілген маманның ісі.

Әр сабағың өтіп жатыр білінбей,

Перне басқан оркестрдің үніндей.

Әр баланың жүрегінен жол тауып,

Әр сабаққа кіресін сен сыйынып.

Жыр оқисын нөсер болып құйылып,

Қас-қабағың қалт жібермей шәкірттің,

Қарайсың-ау нұр жүзіне сүйініп.

Жалын атып от болып бірге жанасың,

Білім беріп, содан бақыт табасың.

Бар өмірің өрнектеліп баламен,

Жасарып бір мәңгі жас болып қаларсың –

деген өлең жолдарын әрқашан өз ұстазыма арнағым-ақ келіп тұрады. Себебі осы өлеңнің әрбір сөздері Арухан апайдың жаратылысын сипаттап тұрғандай. Қаршадай кезімнен қабыл алған мектебіммен, өн бойындағы бүкіл өнегесін дарыта білген ұстазыммен қоштасып, үлкен өмірге аяқ басар кез күн санап жақындай түсуде. Бал балалық шағымның бақытты кезінде өренін өрге өрлеткен Арухан ұстазыма және де басқа да ұлағатты ұстаздарыма барлық жақсылықты, ұстаздық бақытты тілеймін. Он бір жылда алған білімімді, ғұмырлық тәлімімді биік белестерден көрсетемін деп сендіремін.

 Айтбаева Айлара,
11 «Б» сынып оқушысы
Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
№2 жалпы білім беру орта мектебі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.