Бес күндік жалған қамшының сабындай қысқа екенін біріміз білсек біріміз біле тұра түсінбей жүретін жайымыз бар. Кеше ғана жалындай жарқырап, оттай лапылдап тұрған шағында жас өрен Жанболат Тілеубек өмірден озды. Тіршілікте жасаған жақсы амалдардың бірі әрі бірегейі ұстаздық ету, өнегелі іс қалдыру десем артық болмас деп ойлаймын. Сондықтан Жанболаттың тірі кезінде Қарағанды қаласының білім бөлімі ұйымдастырған «Менің ұстазым» байқауына жіберілген шығармасын сіздерге ұсынып отырмын.
Ұстазым менің, ұстазым… немесе ұстазбен сырласу
(Осы ой толғанысымды бүгінде С.Саттаров атындағы №57 мектеп-лицейінде еңбек етіп жүрген ұстазым, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мусина Анар Ермекқызына арнаймын.)
Нәр алуына жанымның көктеп,
Таралуына әнімнің көптеп.
Сендер едіңдер себепші болған,
Сағындым ұстаз, сағындым мектеп!..
Мұғалім, мен сізді сағындым…
Мектептей алтын ұядан қанат қағып ұшып кеткеніме төрт жылдай ғана уақыт өтсе де, осы уақыт мені сіздей абзал жаннан алыстатып әкеткеніне кейде қамығып та қаламын. Қаламыздағы №41 орта мектептің сегізінші сыныбына көшкен жылы, алдымыздан күлімдеп өзіңіз шықтыңыз. Өзіңізбен бірге қазақ әдебиеті деген «ұлағатты дәстүрі мен ұзақ тарихы бар көгілдір күмбезді көрікті әлемнің» есігі ашылып қоя берді. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын мен үшін «көктен іздегенім жерден табылғандай болып», әдебиет әлеміне бас сұға бердім. Тарихты шола келіп, әдебиеттің әсеріне еніп кеткенімізді де байқамай қалушы едік. Дулат пен Шортанбай болып, Мұрат пен Қашаған болып, зарлы заманның куәсіне айналушы ек. Шоқанның шоқтығы биік тұлғасына қызығып, Абай ата ауылын аралап кететінбіз. Шәкәрімнің шырғалаң өмірі бәрімізге ой салып, «Құрқұдыққа» үңілетін сәттер де естен кеткен жоқ әлі. Еңлік пен Кебектің аттың құйрығына сүйретіліп бара жатқандағы құлындаған даусы құлаққа келетіндей болатын ғасырлар қойнауынан. Шәкәрім бабаның 150 жылдық торқалы тойында баба шығармаларын жатқа оқу сайысынан да жүлделі оралдым. Оралхан Бөкей, Мұқағали Мақатаев оқуларында талай рет бағымды сынадым. Мұндай сайыстарға қатысу жүлделі орын алу үшін емес, өз-өзіңе деген сенімділіктің қалыптасуына ықпал ететінін түсіндім.
Мұғалім, мен Сіз арқылы қазақтың дәстүрлі әніне ғашық болдым, қазақтың өткен дәуірінде өмір сүрген Ақан, Біржандар, Жаяулар мен Естайлар, олардың әндерін бүгінгі күні шырқатып жүрген Рамазан, Ерландардың өнерін құрметтей бастадым. Есіңізде ме, «Құлындарым, қазақтың дәстүрлі өнері – құдірет. Ол құдіретті бәрібір күндердің бір күнінде мойындайсыңдар, мойындамасқа қоймайды шынайы өнер деген. Сонда мені естеріңе аласыңдар» деуші едіңіз ғой. Басқа тұрғыластарымды қайдам, мен Сізді есіме жиі аламын…
Қазақ поэзиясының Құлагері Ілияс ақынның «Күйші» поэмасын өткен күніміз де есімде. Еріккен сұлудың ермегі болған сары үйсін… Жанымыз ашып, демімізді ішімізге алып тыңдап қалушы едік. Сол кезде қоңырау сыңғыр ете қалатын аузымызға салған тәттіні біреу жұлып алғандай…
«Мұғалім, айта түсіңізші, қоңырауға шықпай-ақ қояйықшы» деп жалынатынбыз. Кезекті әдебиет сабағына жеткенше асығатынбыз.
Бір күні сыныптастарымызбен Әбдіров даңғылы бойындағы бақпен жүріп келе жатқанымызда, топ көгершінге тап болғанымыз есімде. Сәкеннің «Көкшетауының» кейіпкерлеріне айналып жүре бердік. Әлгі көгершіндердің ішінен жанына араша сұрап, шырылдаған көк кептерді көргендей, бәріміз үңіле қалыппыз. Содан соң… содан соң күлмесіміз бар ма? Сөйтсек, сіз айтқан ғажап хикаяның әсерінен шыға алмай жүр екенбіз ғой…
Кей күндері поэзия әлеміне бойлап, өлең оқи жөнелуші едіңіз ғой. Мұқағали, Мұхтар Шаханов, Ғалым Жайлыбай… «Абайдың «Сегіз аяғын» жатқа айта алмасаңдар, әдебиетті оқыдым демей-ақ қойыңдар» деп қайрайтынсыз. Тіпті кейде, ән әлемін де шарлап кететінсіз. «Сырымбетті» сызылта жөнелетінсіз, «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» да ән болып өріле жөнелетін. Асыл сөзден маржан терген күндер ғой ол.
Өзің каққан қоңырауда өмір жыры бар екен,
Оның үні тарқамайтын болды менің мерекем.
Сол үнменен тыным таппай бақытымды мен күреймін,
Өйткені мен мерекемнің тарқамауын тілеймін. (Т.Айбергенов)
Иә, өмір атты ұлы ағыста әдебиеттегі адам өмірінің көркем бейнелері арқылы жақсы мен жаманды айыра білуге де жөн сілтедіңіз. Өзіңіз қаққан қоңырау үні мені Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіне алып келді. Мұғалім боламын деген талабыма да қанат бітірген Сізсіз. Есіңізде ме, Ұлттық Бірыңғай Тестілеу өткеннен кейінгі мемлекеттік грант бөлу науқаны кезінде: «Мен түс көрдім, балам, төрт жыл қиналмай оқып шығасың, төрт бөлмелі жаңа, кең, еңселі үйдің ішінде жүрсің»,-деп менің әке-шешемдей қуандыңыз. Грант иелерінің тізімінен өзімді көргенде, төбем екі елі көкке тимей, өрісте қой жайып жүріп, өзіңізге хабарласқаным күні кеше сияқты. Сіз сияқты әдебиет пен тілдің қадірін білетін, талғам таразысы жоғары ұстаз болу қолымнан келер ме екен? Жүрексінетін сияқтымын. Қазір филология факультетінің студентімін. Өзіңізден қол үзген емеспін. Сіздің ақыл-кеңесіңізге әлі де зәру екенмін. Ертелі-кеш қоңырау шалсам, ақыл-кеңесіңізді аямайсыз. Мен ғана емес, менімен бірге оқитын студенттерге де қол ұшын созасыз. Соның бәріне уақыт табасыз.
Өнеге толы алдыңыздан жүздеген шәкірт түлеп ұшты. Сан жастың қамын шертіп, тағдырын ойлап толғандыңыз.
Мұғалім, мен Сізге, Сіздің отбасыңызға бақ пен береке, сарқылмас байлық, ең бастысы Сізге денсаулық тілеймін. Келер жылы қолыма диплом алып, мұғалімдер көшіне мен де ілесермін. Сол көште жүгім ауып кетпесе екен деймін. Сол көште мен тағы да өзіңіздің ақыл-кеңесіңізе жүгінерім хақ.
Жүректе тұрар жалқы үнің,
Жанымнан жігер, жалын күт.
Ұстазым, сенің әр күнің,
Әр сәтің тұрған бір ерлік (Ф.Оңғарсынова).
(Жанболат ТІЛЕУБЕК)
Қарағанды қаласы