Home » Жас қалам » Ұстазым менің

Ұстазым менің

Ұстаз…

Осы бір сөзді айтқанда көз алдыма жүзінен бар жылулықты мейірлене төгіп тұратын жан елестейді. Мен оның бойынан адамзат баласына деген ыстық лепті, өзгеден таптырмас асыл қасиеттерді көріп, өзіме дарытуға тырысамын. Ұстаз – ана, ол шәкіртін туған баласындай баурап, өмір өрнектерін, тұрмыс-тіршіліктің қиындықтары мен қызықтарын сезіндіріп баулудан жалықпайды.

Балалық шақта Мектеп деп аталатын білім ордасының қандай да бір сыныбына кіргенде біздің көзімізге мұғалім, оқушы және оқулықтар түседі. Ал осы үшеуінің ішінде маңызды орын алатыны – ұстаз. Неге десеңіз, оқушыға білім беретін негізгі тұлға – ұстаздарымыз. Оқулықтарды ешкім қолданбаса, ол да қаншама жылдар бойы шаң басып жатады да, ешкімге пайдасы тимейді. Ал мұғалім – осы оқулық пен оқушы арасындағы көпір. Мұғалімнің арқасында оқулық адам баласына қызмет ететін құралға айналса, біз, оқушылар, адамзатқа қызмет ететін абыройлы мәртебеге жетеміз. Демек, мұғалім – қоғамдағы тіршіліктің қайнар бастауы.

М. Жұмабаевтың «Алты алаштың баласы бас қосса, ең қадірлі орын – мұғалімдікі», — деген ұлағатты сөзінің бір мағынасы да осы болса керек.

Әл-Фарабидің мына сөзіне көңіл бөлейікші: «Ұстаз… Жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек». Міне, осы қасиеттер менің ұстазымның бойынан табылады. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін ұстаздық жолды таңдаған Мұңсыз мұғалімім 19 жыл осы салада еңбек етіп келе жатыр. Жүзінен әрдайым жылылық, сөйлеген сөзінен әрдайым мәдениеттілік сезіліп тұратын ұстазымызды біз ерекше құрмет тұтамыз. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстазымыздың еңбегі зор.

Мұғалім деген – ерекше тұлға, дара шың,

Ұмытылмастай көңілде мәңгі қалатын,

Мұғалім деген – аяулы адам, асыл жан.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», — дегендей біз, шәкірттер, ол кісінің білімі мен біліктілігіне жүгініп, сеніп келеміз. Ел ертеңі болып табылатын ұландардың бойына білім мен өнерді, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, тұлғалы азамат етіп қалыптастыруда еңбек етіп келеді.

… Әрбір шәкірттің өзі сүйген, жылдар бойы тәлім алған ұстазының аяулы бейнесі көкірек көрігінде, жүрек түбінде сақталуы заңдылық, сондықтан Мұңсыз Әбдіхалыққызын мен өз жүрегімнің түбінде мәңгі сақтаймын деп ойлаймын.

«Ұстаздар күніне» арналған шығармалар байқауында

«Ең үздік шығарма» номинациясының жүлдегері

Тұңғышбеков Сәбит Абзалұлы,

Қарағанды қаласы, «№92 гимназия» КММ 2017 ж. түлегі

Пән мұғалімі: Садвакасова Кулимжан Кииковна

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.