Home » Эссе » Ұстаздың жаңа қоғамдағы орны (эссе)  

Ұстаздың жаңа қоғамдағы орны (эссе)  

 

 

 

Жай мұғалім хабарлайды,
Жақсы мұғалім түсіндіреді,
Керемет мұғалім көрсетеді,
Ұлы мұғалім шабыттандырады.
Уильям Уорд

Ия, уақыт шіркін қандай жылдам еді.Алды-артыңа қаратпай,мойныңды бұруға мұршаңды келтіртпей,таудан сарқырап құлап аққан арынды өзен суындай қасымыздан зулап өтіп барады.Оны тоқтатар күш таба алмайсыз.Міне осындай өмір ағысында ұстаздар қауымы да білім мұхитында балықтай еркін жүзіп,түпсіз тереңіне батыл бойлай білуде.Сан мыңдаған шәкірт сол бір ғажайып сырлы әлем тұнығына барынша еркін бойлап,мейірі қана сусындап,мол рухани азық алып жүргенін мақтаныш етеді.

Әрине ұстаз болу,сан мыңдаған шәкірт дайындау оңай еңбек емес. Ал сол еңбектің қиыны мен қуанышын қатар алып жүру,білім алуға келген шәкіртпен қоса өзің де шәкірт болу,яғни күн сайын білгеніңді әр оқушының ерекшелігін ескеріп,түрлі-түрлі қылып жеткізу,сабақ түсіндіру немесе күнде бір нәрсені біле түссем екен деген шәкірттен озық көріну үшін әрдайым ізденісте болу, әр уақыт жаныңа бір тыныштық жоқ жұмысты алып жүру ұстаздың ұстазының ғана қолынан келері анық.

Ендеше ұстаздың жаңа қоғамдағы орны қандай? Қандай қиын әрі қызық сұрақ,дегенмен адам ойында мазасыз жүретін сұрақтардың бірі.Ал оның жауабы қандай болмақ?Әрине бұл сұраққа әркім әртүрлі жауап берері анық,дегенмен мен өз ойымды білдірсем деймін. Менің ойымша ұстаздың жаңа қоғамдағы орны оқушы санымен емес,оқушының адами тұлға ретінде қалыптасу сапасымен бағаланса керек. Егер «Ұстаз-адам жанының инженері» деген қағидаға сүйенсек,онда ұстаз үшін оқушысының нағыз адам атына лайықты азамат болғаны ұстаздың жаңа қоғамдағы орнын айқындап бергені. Өзі тәрбиелеген шәкіртті өзінің даралығын сезініп,өзін-өзі дамыта білсе,өз алдына мақсат қоя білсе,алынған ақпаратты таңдай және талдай білсе,әртүрлі мәселені шешудің ең тиімді жолдарын таба білсе,түрлі өмірлік жағдайларда пайдалы,тиімді шешім қабылдай білсе,яғни былайша айтқанда бұралаңы мен соқпағы көп «өмір» деген қиын жолда өз орнын тауып қана қоймай бәсекеге қабілетті,өзгерістерге бейім жеке тұлға болып қалыптасып кетсе, міне ұстаздың жаңа қоғамдағы орнының қандай дәрежеде екенін көрсеткен көрсеткіш осы болмақ.

Сонымен ұстаздың жаңа қоғамдағы орны айтуға жеңіл қағидалардан тұрғанымен,оның орындалуы қиын,көп сындарлы тәрбие мен білімнен тұратын,нәтижесін ұзақ күтетін,ал нәтижесі келеңсіз не елеусіз кеткен қателікті кешірмейтін қиын процестің жемісі екенін түсінгенде ғана оның соншалықты ауыр әрі күрделі еңбек екенін сезінесің.

Ұстаз атана білу,оны қадір тұту,қастерлеу,арындай таза ұстау-әр мұғалімнің борышы.Ол- өз кәсібін,өз пәнін,барлық шәкіртін,мектебін шексіз сүюге міндетті адам.Осы іске деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана оны небір қиын әрекеттерге жетелейді,іске батыл кірісуге септігін тигізеді. Нәтижесінде бір емес,бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қалады.

Бұл үшін кәсіби біліктілік,адал еңбек,шығарамашылық ізденіс ұстаздың өмірлік серігіне айналуы тиіс деп ойлаймын. Демек,ұстаздың жаңа қоғамдағы орны белгілі бір өлшеммен еңбек еткенде көрінетін жеңіл жұмыстың нәтижесі емес,ол қашанда қобалжуды қажет ететін,қашанда түпкілікті нәтиже-тұлға жетістігін,қалыптасуын көруде көп еңбек пен маңдай тер әрі шыдам мен сабырлылықты қажет ететін, қателікті кешірмейтін еңбектің нәтижесі.

Лисота Фатима Тауасаровна,
Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы
№13 ЖОББМ физика пәні мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.