Home » Білім және тұлға » Ұстаздық ұлы арманым

Ұстаздық ұлы арманым

«Бала кезімнен ұстаз болуды армандап, алғашқы қалам ұстатқан сүйікті ұстазым, марқұм Фарида Асауоваға еліктедім. Нағашыларымның кішкене балаларын оқушы етіп отырғызып қойып, өзім мұғалім болып ойнайтынмын.Анам Рая марқұм да менің бұл таңдауымды құптап, жанындағы жалғыз серігі болып отырған мені 1979 жылы   Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы №8 орта мектептің 8-сыныбын   бітірісімен, алдыңғы қатарлы оқу орны болып саналатын Абай атындағы Саран педагогикалық училищесіне оқуға жіберді» — деп өз сөзін бастаған кейіпкеріміз ұстаздық ұлы арманы болғанын айтты. Бала арманы алдамай 1983 жылы училищені үздік дипломмен бітіріп, сол кездердегі жас маманға берілетін жолдамамен еңбек жолын Егіндібұлақ селосындағы қара шаңырақ №1 қазақ орта мектебінен бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған.   Жоғары білім алуды мақсат етіп, 1986-1992 жылдары Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген.Еңбек жолын бастаған ұжымындағы тәжірибелі ұстаздардан, әріптестерінен ұстаздық жолдың қыр-сырын меңгерген.1994-1998 жылдары Егіндіұлақ аудандық білім бөлімінде бастауыш сыныптар әдіскері болып   ауысып,1996 жылы Қызылорда қаласында өткен республикалық ғылыми-практикалық конференцияда қазақ мектептерінің проблемелары туралы ой қозғап, баяндама жасап   Қазақстан Республикасы білім министрлігінің «Құрмет» грамотасына ие болады.   1999 жылы ұстаздық еңбегі бағаланып, ұстаз үшін ең жоғарғы марапаттау, «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ БЕРУ ІСІНІҢ ҮЗДІГІ» белгісімен   марапатталды.1998 жылы Қарағанды қаласына қоныс аударып, байланысты, №92 гимназияға директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып орналасты. Жаңа қосылған ортасы Айгүл Болатқызын бірден баурап әкетті.Өз жұмысын теориялық, әрі әдістемелік жағын терең меңгерген маман оқытудың жаңа технологияларын шеберлікпен пайдаланып, оқушылардың қабілетін, ерекшелігін, ынтасын ескере отырып, сабақтың логикалық құрылымын жүйелі жоспарлауды көрсеті.

Қазақстан Республикасы педагог кадрларларының біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламалары аясында бірінші (ілгері) деңгей бағдарламасы бойынша мұғалімдерді оқыту курсын аяқтап, оқушылардың өз бетінше білім алып, оны практикада қолдана білу қажеттіліктерін үнемі сабақ үдерісінде пайдалануда. Гимназияда 2002 жылдан бері жүргізіліп келген 12 жылдық білім беру жүйесі экспериенті бойынша жұмыс жасап, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен тұрақты түрде нәтижелі сабақ беріп келеді.

Оқытудың жаңа технологияларын пайдалану арқылы оқу мазмұнын жаңарту, нәтижеге бағытталған білім беру және мұғалімдердің кәсіби құзырлығы мен педагогикалық шеберлік деңгейлерін үздіксіз жетілдіру, инновациялық тәжірибелерді меңгеру арқылы оқушыларға сапалы білім беру мәселелеріне ерекше назар аударатын ұстаз жылма жыл қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда өз іс- тәжірибесін ортаға салып, мақалаларын ұсынып отырады.

Айгүл Болатқызы — тәжірибелі, ұлағатты ұстаз, жас мамандарға әдістемелік көмек көрсетіп, өз іс-тәжірибесімен бөлісіп отырады. Гимназияның оқу-тәрбие жұмысына қосатын үлесі орасан зор.

Дарынды, қабілеті жоғары оқушыларды қоғамның ғылыми келешегі ретінде қарап, танып, білу, айқындау, оқыту, тәрбиелеу, таланты мен қабілетін анағұрлым толық ашу мұғалімнің міндеті деп оқушылармен жүйелі жұмыстар жүргізіп, нәтижесін көруде.

Ұйымдастырғыш қабілеті жоғары, білімді, білікті басшы. Ұлы арманын жүзеге асырып, ұлы жолды таңдаған жан.

                                                                                               Әсел Құсайынқызы,
«Білім айнасы»,
Қарағанды облысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.