Home » Мақалалар » Ұстаздық қызмет – ұлы құрмет!

Ұстаздық қызмет – ұлы құрмет!

Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанмен – тарихтағы ең ұлы істің бірі

К. Д. Ушинский

 

 

Ұстаз – ұлы есім! Басқаны қайдам, ең әуелі «ұстаз» туралы айтқан кезде көз алдыма ең алғаш мектепке барғаным, мектептегі кезең, өміріме елеулі өрнегін қалдырған оқиғалар елестейді. Мектеп өмірінің ең қызықты кездері де белгілі мөлшерде «ұстаз» атымен тығыз байланысты. Бала бойындағы бұғып жатқан түрлі таланттарды байқау, оны дұрыс жолға бағыттау, шәкірттің ақылшысы, қамқоршысы, тіпті сырласы да бола білу қажет. Өз өмірімде де сондай ұстаздардың болғанын мақтанышпен айта аламын.

«Ұстаз» деген кім? Ұстаз – білмегеніңді үйрететін, қатеңді түзейтін, бойындағы бар білімін шәкірт санасына құятын адам. Әрине, ұстаз туралы айтқанда, жалаң пафосқа салынып, қызыл сөзді төпелей берудің қажеті жоқ. Себебі, ондай сөзсіз — ақ, әр адамның жүрек түкпірінде әйтеуір бір ұстазына деген аяулы құрмет жатары анық. Сондықтан да, халық жаппай жаттап айтатын ұстаздарға арналған өлмес әндердің шығу тарихы содан шығар деген ойдамын.

Ұстаз оқушыға тек қана білімді үйретпейді, сонымен қатар, тәрбиені де бойына сіңіре біледі. Сондықтан, саналы азамат болып өскен әрбір жан ата-анасына ғана емес, белгілі бір мөлшерде ұстаздарына да қарыздар. Себебі, мектептегі әрбір оқушының бойындағы жақсы мен жаман қасиеттерін екшеп, нашар мінездерін түзетіп, оларға ақылын айтып, түзу жолға бағыттап отыру да ұстаздың ерен еңбегінің көрінісі.

«Ұстаз» деген ардақты атқа қоғамда негізсіз сын тағылатынын жиі байқаймыз. Алайда, мемлекетіміз ұстаздың қоғамдағы беделін жылдан-жылға арттырып келеді. Елбасының үстіміздегі жылдың қаңтар айындағы кезекті жолдауында ұстаздардың жалақысын көтеруді тапсырғаны осыған дәлел бола алады. Соған орай, жаңартылған білім мазмұны бойынша сабақ беретін мұғалімдердің жалақысы 30%-ға артты. Өз жолдауында Елбасы: «Жаңартылған мазмұн дегеніміз — халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары», — деп атап көрсетті. Осыған сай мектептерде жаңартылған мазмұн бойынша білім беріліп, оқушылар халықаралық стандарттарға сай білім алуда.

«Ұстаз» ұғымы менің санама адалдықтың, тазалықтың, қамқорлық пен жанашырлықтың белгісі сынды сезіледі. Ұстаздық жайында халқымыздың ұлы перзенті Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық — ұлы құрмет, себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ әкелген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз», — деген. Расымен де, адамның адам болып қалыптасуында ұстаздардың еңбегі ерекше. Сан жылдар бойы қызмет етіп, өз саласына еңбегі сіңген, осы қызметтің ыстығына күйіп, суығына тоңған ұстаздарды қалай қадірлесек те, артықтық етпейді. Әр саланың биігіне көтерілген шәкірттерін көріп, марқайып отыратын ұстаздар да көп. Кешегі ғұлама Абай айтқандай: «Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға».

Сонымен қатар, бүгінгі таңда ұстаздың мәртебесі көтеріліп, қағазбастылықтың азайғанын да айта кетуге болады. Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына орай мектептер интернет желісіне қосылып, ресурстар қолжетімді болды. Мектепте барлық жаңа технологияларды қолдану мүмкіндігі артты. Бұл да өз кезегінде оқушылардың танымын арттырып, дүниетанымын кеңейтуге ықпалын тигізіп, жемісін беретіні даусыз. Ата-аналар да балаларының күнделікті сабағын интернет желісінен қадағалап отыруға мүмкіндік алды. Бұл да ұстаздарға деген мемлекет қамқорлғының көрініс екені анық.

Ұстаздық қызметтің қыры мен сыры жөнінде өте көп айтуға болады. Әсіресе, олардың ортасында жүргендіктен, ұстаздық еңбектің қаншалықты қажыр-қайратты талап ететінін анық білемін. Оқушылардың білімін тереңдетіп қана қоймай, керек кезде оларға анасындай қамқор болу да маңызды. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, әр баланың бойындағы тұмадай тұнық дарынын терең теңізге айналдыруға жол сілтеп, бағыт беретін де – мұғалім. Осынау ардақты атты алып жүру үшін соншама қажыр-қайрат керек.

Әр ұстаз өз пәнін сүйіп бергенде ғана сол пәннен талантты шәкірт тәрбиелеп шыға алады. Менің пәнім қазақ тілі мен әдебиеті болғандықтан, алдыма келген барша оқушыларға ана тілінің қадір-қасиетін ұғындыруды, халқымыздың жауһар әдебиетін, өлең-жырларын, ақын-жазушыларының шығармашылығын оқушы санасына барынша құюға тырысамын. Себебі, ең алдымен тамыр-тарихын тілін, ділін білмеген бала басқа салада үздік болып та жарытпайды. Болса да, ана тілін білмеген ұрпақтың «қазақ» деген халықтың атынан сөйлеуге хақысы жоқ.

2015 жылдан бері менің қызмет атқарып келе жатқан Алматы қаласы, Жетісу ауданы, № 177 жалпы білім беретін мектебімнің ұстаздары да «ұстаз» деген қадірлі атқа кір келтірмеген жандар. Білікті басшы Тұрсын Таңатұлы басқарып отырған ұжымнан осы күнге дейін көп нәрсе үйрендім. Алғашқы еңбек жолымды осында бастағандықтан, сабақты дұрыс жоспарлауды, оны қызықты етіп өткізуді, барлық баланың сабаққа қатысуын, әр сабақтан белгілі деңгейде білім алып шығуын қамтамасыз етудің барлығын осы ұжымнан үйрендім десем, артық айтқандық емес.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», — деп халық даналығында айтылғандай, әрбір баланың жұлдызын жағып, болашақ жолында тер төгіп жүрген барлық ұстаздарды алда келе жатқан ұстаздар мерекесімен құттықтаймын!

 

 

 

Хаутай Алтыншапақ
Алматы қаласы, Жетісу ауданы,
№177 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.