ЖЖА бойынша
Ізбасар Қаймолдаұлы «ҚазақКСРО халық ағарту үздігі» белгісімен, «Еңбек даңқы үшін» медалімен (1986ж), «Еңбек ардагері» медалімен (1987ж), «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» мерекелік медалімен (2001ж) және ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар, «Ақсу қаласының құрметті азаматы», «Евгеньевка ауылы», «Ақсу қаласына сіңірген еңбегі үшін» төс белгілері, «Ақсу қаласының 50 жылдығы», «Павлодар облысына 75 жыл» мерейтой медальдерінің де иегері. 2010 жылы Павлодар облысының әкімі Б.А. Сағынтаевтың қаулысымен, ардагер ұстазға жеңіл «ВАЗ-2107» автокөлігі тарту етілді. Сонымен қатар, ол — «Мектеп пен қоғамның әлеуметтік серіктестігі», «Ауылдық профильдік аграрлық мектеп, оның даму жолдары», «Ауылдық мектеп 12 жылдық оқытуға көшу кезеңінде» секілді көп инновациялық жобалардың да авторы.
Ізбасар Қаймолдаұлы ел басына күн туған 1942 жылдың 24 наурызында Павлодар қаласында дүниеге келеді. Ата-анасының бұған дейінгі балалары тоқтамай қойғасын, жалғыз ұлын аман сақтап қалмақ болған ата-анасы елдің айтуымен, жер ауыстырмақ болып, Ертіс өзенінің оңтүстік жағалауындағы (Ақсу қаласынан 13 шақырым жер) Жаркоп тоғайының бойындағы, Қаймолда түбегіне көшіп барады. Сөйтіп, Ізбасар Қаймолдаұлының балалық шағы сол жерде өтеді. Әкесі Қаймолда коп жылдар бойы бакіншік болып жұмыс істейді, кейін 1952 жылы қайтыс болады. 1954 жылдың қысында жиен ағасы Қайролла шешесі Батима екеуін Грязновка (қазіргі М.Омаров) ауылына көшіріп алады. Ізбасар аға оқуын Жамбыл жетіжылдық мектебінде 5-сыныптан бастап жалғастырады. Бұл жылдары Ермак (Ақсу) өңірінде бар-жоғы екі-ақ 10 жылдық мектеп болған. Олардың бірі – Ленин кентінде (қазіргі 7 ауыл) де, екіншісі сол кездегі Ермак қаласында (Ақсу қаласы) болатын. Мектеп, басшылары – Қадырбеков Жұқан Қадырбекұлы мен Ерманов Жұманазар Ерманұлының парасаттылығы мен іскерлігінің арқасында 1960 жылы жетіжілдықтан онжылдыққа ауыстырылады. Сол себепті, қаншама жас жеткіншек үйден алыстамай-ақ, өз ауылында 10 сыныпты тәмамдап, кемел білімге жолдама алады. Бірақ, Ізбасар Усиновтың өмірлік жолы өзгешелеу болды. Ол анасын жалғыз қалдырып кете алмай, оныншы сыныпты бітіргеннен кейін, өз мектебінде аға тәлімгер болып жұмысқа орналасады. Сол жылы қатарластарымен бірге білім көкжиегіне қанат самғай алмаса да, асқақ армандарға толы бұла көңілін жарқын болашағының әлі де алда екеніне сендіруге тырысты. Періште сенімі алдамады! Жас маман ауыл мектебінде жүріп бастауыш сынып мұғалімі, математика пәнінің мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып, еңбек сатысымен жоғарылай берді. 1966 жылы Семей педагогикалық институтының математика факультетін бітірді.
Сол кездерде әрі ұстаз әрі қамқоршысы болған: Мәмәйіт Омаров, Шахан Арғынбаев, партия ұйымының хатшысы Рахтай Кусаинов, кәсіподақ басшысы Қайролла Кунгозин, алдынғы қатарлы ел азаматтары Құмар Жунусов, Қыдыш Бейсебеков, Сартай Кожанов, Қадыр Сейсенбаев, Сағидолла Кунгозиндердің орны Ізбасар аға үшін қашанда ерекше.
— Менің мұғалім болып қалыптасуыма себепкер болған, 30-шы жылдары Павлодар педучилищесін бітіріп, «Еңбек 4 жылдық мектебінің» іргетасын қалаған, кейіннен «Еңбек 7 жылдық мектебін» ашқан нағашым – Сағат Мұқатұлы, кейіннен қызмет барысымен Жамбыл мектебіне ауысып, көп жыл бойы мектеп директоры болған атам – Шапағат Шүленбаев, менің мұғалімім, тәлімгерім – Жұманазар Ерманұлын қалай ұмытайын?! Осы кісілердің тәлім-тәжірибесі менің ұстаздық мамандыққа деген құрметімді, сүйіспеншілігімді оятты, адамдарды сыйлап, бағалай білуге үйретті. Сол үшін де оларға қарыздармын, — дейді қарт ұстаз шексіз ризашылығын білдіріп.
Ізбасар Қаймолдаұлы өмірінің жарты ғасырын оқу-ағарту ісіне арнады. Тағдырдың соқтықпалы-соқпақсыз жолдарын қайсарлықпен, еңбекқорлығымен жеңе отырып, есте қаларлық талай жақсы жаңалықтар мен жетістіктерге қол жеткізді. Ол даярлаған оқушылар аудандық, облыстық көптеген жарыстардың жеңімпаздары атанып, бірнеше мәрте жүлделі орындарды жеңіп алды. Тіпті, Москва қаласындағы ВДНХ көрмесіне қатысып, кеудесіне жарқыратып күміс медаль тағып оралған кезі де бар.
1972 жылдың тамыз айында Ермак (қазіргі Ақсу) аудандық комитетінің партия бюросы шешімімен, Ізбасар Усинов Ю. Гагарин атындағы сегізжылдық мектепке директор болып тағайындалады. Кейін бұл қызметін Евгеньевка сегізжылдық мектебінде жалғастырады. 1974 жылы Евгеньевка сегізжылдық мектебі ауыл азаматтарының қолдауымен онжылдық мектепке айналып, сол кезге сай 640 орындық ғимарат бой көтереді. Жаңадан қабырғасы қаланған жаңа мектепті қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету о кезде оңайға соқпады. Дегенмен, «шешінген судан тайынбас» дегендей, жас басшы ойға алған ісін белсене білек түріп, орындап шықты. Ол кабинетке қажетті жиһаздарды Прибалтика елінен, физика, химия, биология кабинеттері мен шеберханаларды жабдықтау үшін Мәскеу қаласының №1,2,3,5,6,7 оқу коллекторынан алғызды. Бұл оның ерлікке пара-пар іргелі жеңісі болды. Осылайша, Гагарин мектебінің жан-жақты өрлеу кезеңі басталды. 1975-1995 жылдары білім ордасы аудан көлемінде волейбол, баскетбол, хоккей, футбол, көркем өнерпаздар сайыстарында жоғары жетістіктерімен танылса, оқу өндірістік бригадасының кезекті байқауында жүлделі орынға ие болып, «Т-40» тракторымен марапатталды. Оған қоса, оқу-тәрбие жұмыстары белсенді түрде қолға алынып, алғаш рет 14 жастан асқан оқушыларға арналған жазғы еңбек-демалыс лагері ашылды. Ізбасар ағай қай істе болмасын, өзін әрдайым жауапты әрі алдына мақсат қоя білетін білікті басшы ретінде көрсете білді. Ол білімді, қайсар, өнерлі, шығармашыл ұстаздардың белсенді ұжымын қалыптастырды. Мектеп бірнеше рет «ауданның үлгілі мектебі», «үздік ауыл мектебі» аталымдарының иегері атанды. Ал 1995 жылы ауыл мектебі облыс бойынша оқу-тәрбиелік идеялардың жүлдегері, 1996 жылдан бастап «Сорос-Қазақстан» қорының төрт мәрте грант иегері атанды. Сонымен қатар, «Ауыл мектебі әлемдік білім берушілік кеңістікте» атты республикалық семинары мен Ресей Федерациясының Самара қаласындағы 2008 жылғы әлеуметтік-педагогикалық инновациялардың халықаралық жәрмеңкесіне қатысты. Ауданда бірнеше рет «үлгілі мектеп», республика деңгейіндегі «қоғамдық-белсенді мектеп», облыс бойынша «инновациялық агромектеп» аталымдарын да еншілеп қайтты.
Ізбасар Қаймолдаұлы бір жерде, бір мектепте директор болып қызмет еткен 37 жылдың ішінде: 215 механизатор, 21 дәрігер, 64 мұғалім, 28 инженер, 22 экономист, 18 бухгалтер мен ауыл шаруашылығы саласында ойдағыдай еңбек етіп жүрген 354 түлекке орта білім беріп, қанатын қатайтты. Олардың арасында – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы ірі акционерлік, аграрлық фирмаларда, ЖШС, ШҚ-да жұмыс істейтіндері де аз емес. Мәселен, Құнанбаев Ринат Темкенұлы – «Алматы компаниясының» өңірлік өкілі, Захаркин Игорь Петрович – «Сургут мұнай өнеркәсібінің» басшысы, Макаревич Александр Васильевич – «Ресей-Қазақстан кеденінің» басшысы, Кирпичников Сергей Владимирович – Томск облысы бойынша ТЖҚ қарауыл бастығы, Азатов Қайрат Жанабайұлы – Ақтөбе «Казхром компьютерлік орталығының» басшысы, Исеев Михаил Рамазанұлы – «Германияның компьютерлік орталығының» қызметкері, Усинов Ерік Ізбасарұлы – «3D Flowers» компаниясының директоры, т.б.
Топ жарып, жүзден жүйрік шыққан шығармашыл, ғалым шәкірттерін де атап кетпеуге болмас, олар: ҚР спорт шеберінің кандидаты Қасымов Қанат Мерсалықұлы, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, ҚР көркем академиясының академиктері Шоранов Өсербай Аманжолұлы, Игенбаев Әнуар Есімханұлы, тарих ғылымдарының кандидаты Ерманов Асқар Жұманазарұлы, әлеуметтік-педагогика ғылымдарының кандидаты Қожамжарова Гүлжан Жанайдарқызы және әділет органдары мен білім беру, медицина салаларында халқына адал қызмет етіп жүргендер жеке бір төбе!
«Білімді жетер мұратқа» деп халық даналығы қалт айтпаса керек. Еліне ерен еңбегімен еленген кейіпкерімізді жергілікті жерде неше мәрте халық қалаулысы мәртебесіне де ие болды. Ол жерлестерінің өзіне артқан сеніміне үлкен жауапкершілікпен қарап, небір ауқымды қоғамдық жұмыстардың көшін бастап, жетістіктерге жетті. Ардақты ұстаз зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстардан қол үзбей, маңызды жиындардың бел ортасында келеді. Қазіргі кезде Евгеньевка ауылдық Қарттар кеңесінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшесі.
Ізбасар Усенов ерекше ақыл мен адамгершілік иесі, қадірлі отағасы, ардақты жар, мейірімді әке, немерелерінің сүйікті атасы, ұстаздар әулетінің үлкені. Жұбайы Рымкеш Шапағатқызы да ұлағатты, орденді ұстаз. Қайын атасы Шапағат Шүленбаев марқұм аймаққа әйгілі, облыстың бірсыпыра мектептерінде мектеп директоры болып көп жылдар қызмет атқарған, білім беру саласына еңбегі сіңген орденді ұстаз. Ал ағасы Қатыршат Шапағатұлы кезінде дарынды педагог, доктор, профессор болған адам. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өшпейтұғын артында із қалдырған» деп Абай атамыз айтқандай, ардагер ұстаздың ағасы Қатыршат Шапағатұлының есімі бүгінде Ақсу кентінің бір мектебіне берілді. Ал, Усеновтар әулетінің ұстаздық жолын жалғастырып келе жатқан балалары: Серік, Жанар, Ержан, Динардың қатарына енді немересі Айдана да келіп қосылғалы отыр.
Ізбасар ағаны мен көптен танимын. Қашанда пейілі мол, ықыласы бөлек, ақжарқын, мәдениеті жоғары, «менің ұстазым – осы адам» деп мақтанышпен айтуға әбден лайық жан. Оның осы адами қасиеттері үшін ауыл-аймағы ғана емес, шәкірттері де өнеге тұтып, қарым-қатынастарын үзбей, хабарласып тұрады. 2008 жылы оқушылары мектеп бітіргендеріне 30 жыл толуына орай, мерейтой ұйымдастырып, Ізбасар ағаны Германия жерінде қарсы алды. Ал, ең алғашқы шәкірттері – Сергей Сурков пен кәсіпкер шәкірті Василий Пилюгин екеуінің ұстаздарына арнап, Германия, Ресей, Қазақстанда тұратын бар сыныптастарының басын қосып, Евгеньевка ауылында тамаша кеш өткізгенін ұстазы қалай ұмытсын!
«Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында» — деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Тәрбие – жаңғырық секілді. Дыбыс қалай жетсе, жаңғырығы да солай болмақ. Болашақ жас ұрпақты бос әңгіме, жалынды сөздермен тәрбиелеу, әсте, мүмкін емес. Бала ұстаздарының бүгінгі істеген ісі мен тәжірибесінен, білімі мен қадір-қасиетінен үлгі алады. Ендеше, ата-ана, мектеп ұжымы ел болашағы үшін өздерінің жауапты екенін ешқашан ұмытпауы тиіс.
Айгүл МОЛДАШ,
Білім айнасы,
Павлодар