Методикалық еңбектердің, бірнеше ғылыми жобалардың, қолданбалы курс жұмыстарының авторы, шәкірттердің алдына 40 жылдай уақытын жұмсаған, оқу саласында талмай, қажымай еңбек етіп келген ардагер ұстаз, ардақты ана, асыл әже, қазақ тілі мен әдебиетінің маманы Гүлнар Жайлаубаева Бағыбайқызының Отан алдында борышы өтелген, ұрпақ алдында жүзі жарық, ел алдында аса мәртебелі.
Қасиетті қазақ елінің басынан кешкен тағдырының жарты ғасырдан артық тарихын көз алдында өткізген, алаш жұртының тәуелді де, тәуелсіз шақтарының ыстығына күйіп, суығына тоңа білген қазақтың қайсар қызы балалығынан даналығына дейінгі кезеңін тек жұрт алдында, елге қызмет етумен өткергендіктен, көрген-білгені мен түйгені көп аға ұстазымыздың сарабдал ойларын, айтар ақылын тыңдайық деп, үстіміздегі жылы алпыстың асқарына шығып отырған апайымызды мерейтойымен құттықтай отырып, арнайы әңгімеге тартқан едік.
— «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» дейді Ыбырай Алтынсарин, Гүлнар апай, саламатсыз ба, әңгімені арыдан бастасақ. Ұстаздық жолды таңдауыңыздың себебі жөнінде айтып берсеңіз, «мектептің жүрегі» болу оңай ма ?
— Ұстаздық – ұлы мамандық. Жауапкершілігі өте жоғары. Мектептегі өз ұстаздарыма еліктеп, балаларды сүюді үйрендім. Арман алдамады. Үлкен мақсатқа ұласты. Өз кəсібімнің лəззатын көріп жүрген жай бар. Мектептің жүрегі дейсің бе? Оңай емес. Көзі мөлдіреген шəкірттердің тілін табу, білім мен тəрбие беру — үлкен жұмыс, мен үшін өнер.
Қызметтестеріңмен иық тірестіре жүріп, қазандай қайнаған ортада үлгі, өнеге көрсетуге тырысамын.
— «Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін: әкемнен өмір алсам, ал Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» деген екен Александр Македонский, сіздерді ел алдына шығарып, халықтың адамы еткен қандай мектеп, қандай ұстаз?
— Мені ұстаздық мамандыққа икемдеген әкем болса, жол сілтеуші аяулы ұстаздарым болды. Балақан ағай, Әукен ағай, Күлаш апай, Үкі апай деген ұстаздарым менен үміт күтуші еді.
— «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді дана халқымыз, шәкірттеріңіздің қуантқан сәттері көп пе?
— 40 жылға жуық ағарту саласында үзбей қызмет атқардым. Білім саласындағы күллі реформаларды жүзеге асыру үшін күш-жігерімді жұмсадым. Шəкірттерім үшін қуанамын, əрі марқайып қаламын. Қоғамның барлық саласында қызмет етіп жүрген, беделді, іскер ұл-қыздарымыз жетерлік, шүкір. Бəріне амандық, денсаулық тілеймін. Елімізді гүлдендіре берсін.
— Еліміздегі саяси жағдайларды бақылап отыруға қаншалықты уақытыңыз бар, жаңартылған бағдарлмаға алып-қосарыңыз бар ма, латын әліпбиіне ауысқаннан ұтарымыз көп пе, жаңа әліпбидің үлгісіне қалай қарайсыз?
— Елімізде саяси жағдай тұрақты, үрей жоқ. Мемлекетіміз қабылдаған Заңдарды, Жолдауларды дер кезінде оқып, елге дұрыс, өз мәнінде тарату, басшылыққа алу – біздің міндет. Қазақ болғаныма тəуба. Елімнің ел ағаларына қажыр-қайрат берсін. Еліміздің болашағы жарқын. Тек ел ішінде бірлік пен ынтымақты сақтап, өсіп-өркендеу үшін əр істің көзін таба білу керек. Латын әліпбиіне көшу – ежелден арман ғой. Əрине, екі қолымды көтеріп қолдаймын. Əлемге ашылған ғылым мен білім жолы ғой. Әр істің жемісін уақыт көрсетеді. 5-10 жылдан кейін жетістік жемісін береді.
Жаңартылған бағдарлама – уақыт талабы. Ұлттық идеологияны негіз етіп ала отырып, теориялық білім беру керек. Көштен қалмау керек. Біз жаңа бағдарлама бойынша жұмыс жасайтын, жаңарған ұстаз болуымыз қажет. Жаңартылған білім беру бағдарламасының өзегі Блум технологиясында. ҚМЖ, ҰМЖ дегеніміз – мұнда тек аты өзгерді. Өзгеріс ішінде сабақ кезеңі бойынша Блум технологиясы мұғалімге өте жеңіл. Оқушының ұмтылып, ізденіп, ойланып, тапсырма орындап, білім алуының көзі емес пе? Блум техгологиясы: білу, түсіну, қолдану, талдау, синтез, бағалау деген бөлімдерден тұрады.
Білім бөлімінде Кім? Не? Қашан? Қалай? деген сияқты сұрақтарға жауап береді, жатқа айту, дәлелдеу, деректерді қайталау, мағлұматтарды еске түсірсе; түсіну кезеңінде түсінгенін айту, айырмашылығын табу, мысалдар келтіру, өз түсінгенін дәлелдеу сяқты жұмыс түрлері жатады.
Қолдану кезеңінде, үйренгенін өмірде қалай қолдануға болады, проблеманы қалай шешу керек, нәтижесі қалай болады? – деген сұрақ төңірегінде ой қозғайды. Ал, талдау кезеңінде негізін тану, астарлы мағынаны тану, ажырату және себептерін айқындау, себептері мен салдарын табу жатады. Неліктен осылай болды деп, теорияны дәлелдейді. Синтез кезеңінде эссе, өлең жазуға болады. Жоспар құрып, сценарий жазса болады. Бағалау кезеңінде даулы мәселе, пікірталас туғызатын мәселе бойынша, шешім қабылап, нақты, дәйектілікке жүгінеді. Жағымды, жағымсыз жағына айқын көз жеткізіп бағалайды. Міне, көрдіңіз бе, Блум технологиясы деген өзімізде бар тәжірибелерді ұқыпты нәтижеге бағыттайтын жол.
— Интеллектуалды тұрғыда жаһандану заманында жастарды психологиялық дағдарысқа ұшыратып алмаймыз ба?
Жаһандану деген бәсекелестік деген сөз. А. Байтұрсынов «Білім – біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік – сол білімді іске асыру дағдысы» дейді ғой. Қазіргі жастар көзі ашық, түсінігі мол деп ойлаймын. Қандай психологиялық жағдай болуы мүмкін? Жасы үлкен кісілерге қарағанда жастар тез қабылдайды. Шошудың қажеті жоқ. Оқу сапасын әлемдік деңгейге жеткізу үшін күресудеміз. Н.Ә. Назарбаев «Қазақ тарихы бірігу тарихымыз» дейді, «Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ» деген баба сөзін есте ұстау керек. Ол, әрине, бас-басымызға тартып, ілесудің жөні осы екен деп, тегімізден жеріп, дәстүр сабақтастығын үзіп, келсін-келмесін тарта беру емес. Білге қаған «Дарақылық үмітіңді үзіп, қанатыңды қияды» дейді. Тек сабақты инені сәтімен пайдаланғанға не жетсін.
— «Елу жылда ел жаңа» деген, сіздердің жас шақтарыңызға қарағанда бүгінгі тәуелсіз кезеңде кетігіміз толып, кеткеніміз келді дейік, шүкір, дегенмен, «әттеген-ай» дейтін жерлеріңіз бар ма?
— Əр заманның, əр кезеңнің даму заңдылығы бар. Қызмет барысында «əттеген-ай» деген болады. Пендеміз ғой. Уақыт төреші. Заманның ағымынан қалуға болмайды. Ж. Аймауытов: «Сабақ беру – үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол – жаңадан жаңаны табатын өмір» деген екен. Ұстаздық – үлкен өнер.
— Әл-Фараби «Ұстаз — алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі… қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек..» дейді, жас мамандармен шығармашылық тығыз қарым-қатынастасыз, жастардан не күтесіз, берер бағаңыз, сілтер бағдарыңыз?
— Шәкірт жеңісі — ұстаз жеңісі. Ұлттық мүддемізді, құндылықтарымызды қорғай, сақтай отырып, ағарту саласында əлемдік деңгейдегі биіктерге жету жолында абыройлы және мінсіз еңбек пен шығармашылық табыс тілеймін. Жаһандану заманы ілгері кетіп барады. Жұтылып кетпес үшін, ұлттық салт-дәстүрімізді өмірге батыл енгізу керек. Ұлы дала елі идеясын бойымызға, ойымызға, ісімізге, бүкіл жұмысымызға негіз етіп алып жұмыс жасау керек қой. Тіл үшін күрес үздіксіз жүруі тиіс. Елбасы айтады: «Қазақ елінің тарихында біз ұялатындай, ұрпақ бетіне шіркеу болатындай ештеңе жоқ», — дейді. Еліміздің өткендегі тарихын мақтаныш ету керек. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел қорғап, толарсақтан саз кешіп жүріп, жер қорғаған бабаларымыз алдында борыштымыз. Қазақ халқы өте таза, кірпияз болған. Қыста қыстауға қоныстанып, жазда жайлауға шығып, жер көлемін кеңейткен, əрі судың тұнығын ішіп, таза ауамен тыныстап, таза ас ішіп, жетімін жылатпаған, жесірін тентіретпеген халық екенбіз. Жеті атаға толмай қыз алыспаған данышпан халық екенбіз. Ешкімнің жақсылығын қызғанбаған, өзгеге көз алартпаған, ешкімге соқтықпаған, тиіссе аямаған ер де өр халық екенбіз. Сол ұлылықты жалғастыра отырып, еліміз өсіп-өне берсін. Заман тыныш болсын! А. Байтұрсынов айтқандай, «ұлтым» дейтін жұртың болмаса, «Жұртым» дейтін ұлың қайдан болсын? Ең бастысы, ұлт жанды ұрпақ тәрбиелей білейік.
_ Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет! Мерейтойыңыз құтты болсын тағы да.
Сұқбаттасқан:
Алматы облысы, Іле ауданы,
№ 36 орта мектептің мұғалімі:
Тұрысбай Ардақ