Home » Мақалалар » Ұстаздық еткен жалықпас…..

Ұстаздық еткен жалықпас…..

Ұстаз болу – жүректің батырлығы,

Ұстаз болу — сезімнің ақындығы,

Ұстаз болу — мінездің күн шуағы,

Азбайтұғын адамның алтындығы.

Ғафу Қайырбеков

Бірнеше ғасыр бойы ақын жазушылар, зиялы көшбасшылар, қарапайым халық ұстаздық – дара жолдың сән сипатын келтіріп таусылмас өлең шумақтарын, шығармаларын арнаған. Ұстаз жайлы айтылатын дүние көп.

Қазіргі таңда Қазақстан өз алдына көптеген мақсаттар мен міндеттер қою барысында, ұстаздың қызметі, орны күрделене түсті. Мұғалім оқушының бойына сауатты білім алу үшін бірінші орынға бала тәрбиесінің қалыптастырылуы басты мақсат болып табылады.

Ұлы педагогтардың тәрбие туралы әдісіне балаға сенімді көзбен қарап, оның бойындағы жақсы қасиеттерді көріп, соны үнемі арқау етіп, жылы сөздерімізді пайдаланып, оқушы бойында жауапкершілік қасиет қалыптасып, өзінің оқығанына мұғалім, достарының қуанатынына оқушының көзі жетіп, өмірге деген қызығушылығы арта түседі.

Мұғалім қазіргі заманға лайық өзінің білім беру ісін рухани дамыта отырып, инновациялық ізденіспен жұмыс істеп, білігі мен білімі жоғары ұлағатты болуы керек.

Мен үшін жоғары аталған барлық қасиеттерді бойына сіңірген, өмірі үлгі-өнеге болған аяулы жандардың бірі ұстаз Қатша Оспанқызы еді. Өзінің білімге деген құштарлығының арқасында 1943 жылы Семейдің мұғалімдер институтын, 1948 жылы Алматыдағы Абай атындағы педагогика институтын бітірген.

Өзінің ұстаздық жолы уақытында ел құрметіне бөленген, аса қадірлі ұстаз, бірнеше жылдар бойы мектеп директоры қызметін атқарған, жоғары санатты,  Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері атағына ие болған,

Қазақ ССР Жоғары совет Президиумының 1967 жылғы 29-шілдедегі Указы бойынша еңбек сіңірген мектеп мұғалімі үшін құрмет атағы берілген.

2009 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында біздің мектебіміз өз шәкірттері үшін есігін ашып, Қашыр жалпы білім беретін №3 қазақ орта мектебіне Қатша Оспанқызының аты берілді.

2017 жыл біздің мектебіміз үшін ерекше басталды. Өйткені 21 қаңтар күні Қатша Оспанқызының 95 жылдығына арналған онкүндік жоспарланып, әдеби кеш ұйымдастырылды. Мақсаты: оқушыларға білікті ұлағатты ұстаз Қатша Оспанқызы жайлы мағлұмат бере отырып, ұстаздың өмірі мен еңбек жолы жайында оқушылардың түсінігін, ойын дамыту; болашақта жас жеткіншектерді ұлы ұстаздың қажырлы еңбегінен үлгі алуға жетелеу. Қонақ ретінде педагогика саласының ардагерлері Т.К.Махина, Р.С.Матаева шақырылды. Әдеби кештің ұйымдастырушысы — тәлімгер А.С.Нурмуханов

Әдеби кеште облыстық ақындар одағының мүшесі ақын – айтыскер Бейбіт Ерасыл Бейбітұлы Қатша Оспановаға арналған өзі шығарған «Арнауын» ұсынды.  Сонымен қатар Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен құралған попурриді орындады.

2 «а» сынып оқушылары мұғалімге арналған өлеңдерінде ұстаз еңбегінің мәні мен қызметі туралы айтты.  Қатша Оспанқызының өмірлік жолындағы қиын да қыстау кезеңдері Багаева Мединаның орындауындағы «Сильные люди» әнінде айқын аңғарылды. Кештің соңы «Ұстазым менің, ұстазым» атты әнімен аяқталды.

Матаева Раиса Каиржановна, педагогикалық еңбек ардагері: Қатша Оспанқызы әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы ұстаз. Шәкірттерінің жүрегінде қадір тұтып, құрметтеріне кеңейіп, жан дүниелеріңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған еді. Бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді. Менің ойымша, кез келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Себебі, ұстаздық өнер — тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез келген адамға қона бермейді. Шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт. Қатша Оспанқызы дәл осындай тұлға болды деп айтуға болады. Қанша жыл тер төгіп еңбек етсе де, үнемі ізденіс үстінде болды. Шәкірттерін тәрбиелеу, оқыту үшін үнемі білімін, біліктілігін арттырып жүрген ұстаз еді. Қаншалықты жігерлі де намысты ұлдарымызды, инабатты қыздарымызды білім нәрімен сусындатып, өз артынан мәңгі өшпейтін із қалдырған ұлағатты ұстаз.

Құсайын Қанатбек Сағиденұлы, шәкірті: 1967-69  жылдары Качир №2 орта мектебінде Қатша Оспанқызы алгебра және геометрия пәндерінен сабақ беретін. Өз пәнін терең жетік меңгерген. Тәжірибесі мол, шеберлігі шыңдалған шәкірттеріне сапалы білім, саналы тәрбие бере білген ұлағатты ұстаз болды. Ата – аналар, аудандық мұғалімдер қауымы, оқушылар арасында зор беделге ие болды. Шәкірттерінің бойында адамгершілік, инабаттылық, жеңімпаздық дағдыларын қалыптастырып, аянбай еңбек етті. Ауданның қоғамдық – саяси өміріне, жастарды тәрбиелеу жұмыстарына белсенді қатысты. Қатша Оспанқызының қарапайымдылығы, іскерлігі, жоғарғы адамгершілік мәдениеті мен табандылығы оны таныған азаматтардың, қызметтес әріптестерінің, замандастарының, ұрпақтарының жадында мәңгілік сақталады.

Алетаев Шахан Бахитұлы, шәкірті: 1974-77 жылдары  Качир №2 орта мектебінде Қатша Оспанқызынан білім алатынмын. Өзі сондай ақ жарқын, білімді, парасатты тұлға еді. Қатша Оспанқызының сабақтары бүгінгі күнге дейін әлі есімде. Сабақ үстінде өзі сондай сабырлы, баяу сөйлейтін еді. Өзінің оқытып жүрген пәндерін бізге нақты және түсінікті жеткізе алатын ұстаз болды. Сыныпта пәнді меңгермей қалатын оқушылар да арамызда болатын, сол оқушыларды үйіне шақыртып сабақ беретін уақыттар да есімде. Қатша апайымыз әр шәкіртінің жанына білім дәнін сеуіп, әрқайсысын аялап тәрбиелеген.

Нуртазина Айсулу Жасланқызы, шәкірті: Қатша Оспанқызы 1974-77 жылдары Качир №2 орта мектебінде білім нәрімен сусындатты. Қатша Оспанқызы оқытып жүрген пәндеріне өте талапты болды. Сабырлы, салмақты, кішіпейілді еді. Сабақ түсіндіргеннің өзінде бүкіл жан тәнімен берілетін. Бойындағы бар ерік-жігерін аямай, шәкірттерін білім әлеміне қызықтырып, оқытты. Оның жанары сондай нұрлы, шуақты, мейірімге толы болатын. Қатша Оспанқызы шәкірттерінің жүрегінен ұмытылмастай орын алған ұстаз.

 

Сапаргалиева Гульжихан Сансызбайқызы

Качир ауданы Тереңкөл ауылының

Қ.Оспанова атындағы №3 ОМ тің

география пәнінің мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.