Ғалым да, шахтер де бас иетін,
Ұстазым, бар сенің қасиетің.
Білім берген, ой берген, ақыл берген,
Көз алдымнан кетпейді асыл бейнең …
Шындығында, мұғалім – барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін абзал жандар. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» деп қалай дәл тауып айтқан. Ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ болары анық. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де – бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған, сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
Қиындығы да, қызығы да жетерлік, ең бастысы жауапкершілігі жоғары мамандықтың бірі – ұстаздық ету екені ақиқат. Өйткені бұл мамандық иелерінің мойнына ешнәрседен хабары жоқ, мыңдаған тарыдай ғана бүлдіршіндердің бойына білім нәрін сеуіп, тәрбие дәнін егіп, таудай азамат етіп шығару міндеті жүктелген. Сондықтан басқа мамандық иелерінің баршасы да ұстаздарға борыштар деп ойлаймын.
Өзім 2011 жылы Ақтау қаласы Шаһмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің Педагогика факультетіне «География пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша жоғарғы білімді маман болуға оқуға түстім. Биылғы жылдың жаз айында дипломдық жобамды үздік бағамен тәмамдап, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына сәйкес осыдан 4 жыл бұрын қимай қоштасқан, 11 жыл білім нәрін берген сүйікті мектебіме География мамандығы бойынша жас маман болып жұмысқа орналастым. Мектеп ұжымынан әрбір ұстаздың бойында болатын төзімділік, сыпайылық, тазалық, адамгершілік, еңбек сүйгіштік сияқты жақсы қасиеттерді бойыма сіңіріп келемін. Мен өзімнің ұстаздарыммен қатар еңбек етіп, баланың бойына ақыл-білім дәнін сеуіп, аялап, көңілін табуды, алаламай сүйе білуді үйреніп келемін.
Дана халқымыз «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, «Ұстаздар жанұясы» болғанымыз – мен үшін үлкен бақыт. Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» демекші, ұстаз қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Қоғам тұлғаны қаншалықты жетілдірсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты дәрежеде дамытады. Сондықтан қоғам дамуында білім беру ең маңызды мәселе болып табылады. «Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде мұғалімдер алдында үлкен жауапкершілік жүктеді.
Сөзден жыр кестесін өрген Ғафу Қайырбеков ұстаз деген сөздің анықтамасын дәл берген.
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – жүректің батырлығы.
Ұстаз болу — мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның асылдығы.
Ұстаз – Қаратаудың қойнауындай тереңде жатқан кенді ашып, білім мен ғылымның жемісінің дәмін таттыратын, армансызға арман ұялатып, қанатсызға дарын қанатын бітіретін ғажайып күш иесі. Менің мамандығым – әлемдегі ең қажет мамандықтардың бірі. Сондықтан мамандығымды мақтан тұтамын.
Халжанова Ақбөбек Арғынқызы
«Мұнайшы ауылының № 7 орта мектебі» КММ
Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы