Home » Білім және тұлға » Ұстаздар жолын жалғаймын

Ұстаздар жолын жалғаймын

Мектеп қабырғасында, бақытты балалық, оқушылық кезеңге не жетсін! Он бір жыл бойы мектеп партасында қатар отырып, бірге сабақ айтып, бірге ойнап-күліп, бірге сабақтан қайтатын достарыңа деген бір ғаламат сағыныш кеудеңді кернейді. Мөлдір шақты еске алып, сол кезге бір сәт қайта оралғың келеді.

Мен Баянауыл ауданы Ш.Айманов атындағы жалпы орта білім беру мектебінің 2006 жылғы түлегімін. Осыдан тура 13 жыл бұрын бiр топ қыз-жiгiт осы мектептен түлеп ұшқан едi. Ауылдың өзге балалары сияқты, Ш.Айманов орта мектебінің 2006 жылғы түлектері де туған жердің саф ауасын жұтып, топырағын кешіп өсті. Сабындыкөл, Жасыбайдың мөлдір көл суына шомылып, талай рет қуаласпақ ойнады. Көркем табиғат аясына, әсем Ақбеттау бөктеріне жыл сайын «көкке» шығатын, бірі күлкілі әңгіме, бірі қоса ән салып, шабыттанғандар өз өлеңдерін оқитын.

1996 жылы  мектеп табалдырығын аттаған шақтарымыз кеше ғана сияқты еді. Арада біраз  жыл уақыт зымырап өте шығыпты. Алғаш қолдарына қалам ұстатып, «Әліппе» үйреткен алғашқы ұстаздары  Алтын Махабекованың арайға толы мейірімді жүзі көз алдарымызда, 30 оқушыны өз балаларындай мәпеледі, еркелетті. Бұлар «ботақан, құлыншақ» деген ұстаздарының қолынан ұстауға таласатын. Бейне балапандарын ерткен мама қаздай, кіп-кішкентай бүлдіршіндерін жетектеп асханаға, спортзалға қаздай тізіп апаратын. Алтын апай мен Баян Қайратқызы бастауышты бітіріп, қанаттары қатайып, бұғанағы бекіген шәкірттерін орта буынға табыстады.

5 сыныпта сынып жетекші болып Рахметова Фарида Кенжебаевна алды, әрі математика мұғалімі болды. Өзі балалармен тіл табыса білетін нағыз педагог, аяулы ана, ардақты ұстаз еді. Біз 8 сыныпқа көшкенде Фарида Кенжебаевна басқа мектепке ауысып, сынып жетекшілігін Нүрпейісова Шолпан Жасланқызына тапсырды. Шолпан апай – балалардың бойындағы қабілетін тани білетін, оларға әрі дос, әрі ұстаз бола алатын нағыз педагог. 11 сыныпта сынып жетекшілікке аяулы ұстазымыз Алдамбергенова Рымтай Қаппарқызы болды.

Біздің сыныбтан жоғары оқу орындарына түскендер де, өзге сыныптарға қарағанда, әлдеқайда көп болды. Жиырма сегіз баланың бүгінде бірі – экономист, қаржыгер, мұғалім,  есепші, кітапханашы, жеке кәсіпкер, журналист, енді біреулері – ішкі істер органдарында қызмет етіп, өмірден шын мәнінде өз орындарын тапқан кәсіби мамандар. Арамызда атақты ақын «алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатаевта бар, ол бізге оныншы сыныпта Егіндібұлақ ауыланан келді. Оның қазақ тілі мен әдебиет пәніне деген қызығушылығы жақсы болды. Аспанбектің мектептегі жетекшісі өзіміздің арамыздағы ұлағатты ұстаз Таңат Қуанұлы Ахатов көп еңбегін сіңіріп, Талдықорған қаласында өткен «Жыр алыбы-Жамбыл» атты оқушылар айтысына қатысып жүлдегер болды. Сыныбымызда екі оқушы алтын белгі игері атанды, олар Мұсабаева Жаннұр және Катиетова Сағыныш. Спортшылар да арамызда баршылық, олар Акимбеков Нуржан Берікұлы жауырыны жерге тимес палуан болып, спорт шебері үміткері болды. Акимбеков Мақсат Асқарұлы – бокспен айналысып, жүлделі орындар алған еді. Абилов Закаря Ғибратұлы баскетбол ойнаудан шеберлердің бірі. Жігіттер жағы – бір-бір шаңырақтың иесі болса, қыздар жағы бір-бір шаңырақтың киесі. «Жақсы адам болып қалыптасуымызға жоғарыда аты аталған ұстаздармен бірге, мектебіміздің директоры Мұсабаев Жабай Жанабілұлы, математика мұғалімі Тайшабар Шаймардан, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Серік Аманбайұлы, орыс тілі әдебиет мұғалімі Әділханова Айгүл Алпысбесқызы, қазақ тілі мұғалімі Альжанова Кенжегүл Балтажанқызы, химия пәні мұғалімі Торғай Қайыржанқызы, география пәні мұғалімі Джанкулова Ботакөз Баймурзақызы, информатика пәні мұғалімі Рауза Жумағалиқызы, биология пәні мұғалімі Медаль Марқызы және Баянбек Қайырбекұлы, денешынықтыру мұғалімдері Мағзум Қайырұлы, Сабыр Аманбайұлы, Айтпай Айтанұлы, технология мұғалімі Түсіп Қамысбайұлы, физика және геометрия пәнінің мұғалімі Джакитов Алмас Даулетханұлы сынды пән мұғалімдерінің де сіңірген еңбегі зор. Біз осындай ұлғатты ұстаздардан сабақ алғанымызды мақтан етеміз.

Өзім оқыған мектепті қимай, оған деген сағынышым артып, ПМУ-ді бітіргеннен кейін өз мектебіме физика пәні мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Қазір өзіме сабақ берген ұстаздармен бірлесіп, жұмыс істеп жүргеніме мақтан етемін.

Кадиров Қуаныш Құдайбергенович,
Павлодар облысы, Баянауыл ауданы
Ш. Айманов атындағы жалпы орта білім
беру мектеп-интернатының физика пәнінің мұғалімі

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.