«Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» Алматы облысында біліктілікті арттыру курстарынан өткен тыңдаушыларға бастауыш сынып пәндерін қамтитын Жиындық бағалау бойынша әдістемелік нұсқаулықтар және қалыптастырушы бағалау бойынша тапсырмалар жинағын екі тілде (қазақ, орыс) жарыққа шығарып, облыс көлемінде тарату жұмыстарын жүргізді.
Әдістемелік құралда тақырып бойынша жиынтық бағалауды өткізуге арналған бағалау критерийлері мен дескрипторлары бар тапсырмалар ұсынылған. Сондай-ақ жинақта білім алушылардың оқу жетістіктерінің мүмкін деңгейі сипатталған. Дескрипторлары мен балдары бар тапсырмалар ұсыныс түрінде берілген. Жиындық бағалау бойынша әдістемелік нұсқаулық және қалыптастырушы бағалау бойынша тапсырмалар жинағы мұғалімге білім алушының тоқсан бойынша оқу мақсаттарына жету деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.
Алматы облысы, Сарқан аудандық білім бөлімінің әдіскері А.Т.Қалабаева: «Бұл жинақты «Назарбаев Зияткерлік Мектептері» Дербес білім беру ұйымы құрастырып, «Өрлеу» «БАҰО» АҚ әр аймақтағы курстан өткен педагог қызметкерлердің жаңартылған білім беру мазмұнын жаңарту аясында біліктіліктерін одан әрі жетілдіре түсу үшін мақсатында шығарып, тегін тарату жұмыстарын жүргізді. Бұл жинақ – ұстаздарға білім беру үдерісінде маңызы зор көмекші нұсқаулық»,- деп өз пікірін жеткізді.
«Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында» (2017 жылдың І жартыжылдығында) курстан өткен тыңдаушылар институттың баспаханасында басылған жиынтық бағалау бойынша әдістемелік нұсқаулық пен қалыптастырушы бағалау бойынша тапсырмалар жинағына ие болды. Бұл басылым ұстаздардың кәсіби шеберліктерін шыңдап, құзыреттілігін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз.
Айгүл НҰРАҚБАЕВА,
«Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы
«Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институты»,
Қоғаммен байланыс және баспа қызметі
бөлімінің бас маманы