Батыс Қазақстан өңірінің білім беру саласында тұңғыш рет «Батыс Қазақстанның үздік педагогикалық династиясы» облыстық байқауы өтті. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған байқауға 11 династиялық педагогикалық әулет қатысып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұстаздық мамандықтың қадірін қалың жұртшылыққа тағы бір ұқтырды. Келген меймандар алдымен әр әулеттің тарихынан сыр шашқан, шежіреге толы көрмені тамашалады. Көрмеге ескі құжаттар, ата-бабаларының сабақ барысында қолданған көне көрнекіліктері, еңбектері, сабақ жоспарлары, түрлі наградалары, отбасылық альбомдар қойылған. Шыны керек, педагогикалық мамандықты таңдап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғаған ұстаздар әулеттерінің айрықша дайындығы осы көрменің аса бай жасақталуынан-ақ байқалды. Әсіресе, Шыңғырлау ауданынан келген Омарғалиевтер династиясының көрмесіне қойылған осы әулеттің бәйтерегі Уәлиман Омарғалиевтің 1974 жылы құрастырған «Тәрбие әліппесі» жұртшылық назарын аударды. Жәдігерлер арасында «Тәрбие әліппесінің» өңделген нұсқасы да тұр екен. Уәлиман ақсақалдың жиен келіні Нұрғаным Сағынбайқызы оның сабақ процесінде әлі күнге пайдаланылып жүргенін айтты.
Шараны облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова ашып, қатысушыларға құрметін былайша жеткізді: – Бұл шараның басты мақсаты – еліміздің білім беру жүйесін дамытуға үлес қосқан жандарға алғыс айту, педагог мамандықты дәріптеу, қоғамда ұстаз мәртебесін көтеру. Педагогикаға кез келген адам мойын бұрмайтыны белгілі. Өйткені ұстаз жұмысында қиындықтар көп. Соған қарамастан, ұрпақтары, балалары мен немере-шөберелері осы мамандыққа таңдау жасады. Біз қадірлі мамандық иелерінің бұл таңдауына бас иеміз. Бүгінгі көрмеңіз біздің күткенімізден де асып түсті. Қандай керемет отбасылық құндылықтарды көрдік, ата-бабаларыңыздың сарғайған сабақ жоспарлары, күнделіктері, еңбектері сақталған екен. Бұл көрмеге еліміздің ресми емес мұражайы деп баға берер едім. Бүгінгі қатысушылардың жас ерекшеліктері де әртүрлі. Ең үлкен қатысушы 82 жастағы Кама Хабиқызы – ел анасы, өзі ақын, өзі ұстаз. Ендеше, бүгін осындай ұлағатты жандарға алғыс айтайық, қуанайық, марапаттайық, ұлтымыздың құндылықтарын паш етейік, – деді Шолпан Маратқызы.
Бұдан соң қатысушы әулеттер байқау талабына сәйкес өздерін таныстыруға көшті. Айта кету керек, 11 әулеттің ішінде ең көп педагогикалық династиялық өтіл Бекішовтер щаңырағына тиесілі боп шықты. Бұл жанұяның династиялық өтілі – 592 жыл.
Бөкей ордасынан келген Жахатовтар әулеті «217 жыл еңбек жолы, оқуда деп танылған өмір құны. Жахатовтар әулеті – мұғалімдер. Асқақтатқан игерген мамандығы» деп өздерін таныстыруды өлең жолдарымен өрнектеді. Бөрлі ауданынан келген 200 жылдық өтілге ие Дәуленовтер әулеті өздерін таныстыруды көрініс арқылы сахналаумен ерекшеленді. Ал 300 жылдық педагогикалық өтілі бар жәнібектік Сидағалиевтер педагогикалық династиясы өздерін таныстыруды жыр шумақтарына сыйғызып қана қоймай, бейнетаспаға алдын ала түсірілген бейнежазбаға да сүйенді. Әулетте 28 кәсіби ұстаз-маманның еңбек етіп жүргенін мақтанышпен жеткізді. Сырым ауданынан келген Ақмамбетовтер әулетінің педагогикалық өтілі – 525 жыл. Бұл әулеттің ақылшы анасы, Сырым ауданының құрметті азаматы, ұлағатты ұстаз, ақын Кама Хабиқызын Жайық жұртшылығы жақсы таниды. Қырық жылға жуық еңбек өтілі бар ұстаздың 2004 жылы педагогикалық тақырыптарды қамтитын «Періште көңіл» атты өлеңдер жинағы, 2013 жылы тарихи тақырыптағы «Байбарақ батыр» жыр кітабы жарық көрген болатын. Сексеннің сеңгіріндегі қария сахнаға көтеріліп, өлеңмен өрілген таныстыруын көрерменге тарту етті.
Байқауға қатысушылар арасында қаратөбелік Нұғымановтар әулетінің де көрермен көзайымына айналғанын айтпай кетуге болмайды. Максим Қапаұлы мен Зайда Сабырқызынан өрбіген үрім-бұтағы ата-ана ізін жалғап, бала оқытып жүр екен. Нұрбегі алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берсе, келіндері Сәндеш бастауыш сыныптың, Әлима қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдері, Нұрданасы мен Гүлданасы да осы ұлық қызметтің тізгінін ұстаған. Бұл отбасылық династияның білім саласындағы еңбек өтілі – 408 жылға саяды. Мұхит елінде қанаттанған жанұяның ұстаздық жолдағы басқан белестері, алған асулары осы байқауда сан қырынан ашылғандай. Ал Қазталов ауданынан қатысқан Айтқалиевтер мұғалімдер әулеті өзіндік киім үлгісімен дараланды.
«Отбасылық хобби» деп аталған байқаудың соңғы бөлімінде әулеттер өмір салтын, үйреншікті дағдыға айналдырған жанұялық дәстүрлерін көрсетіп бақты. Жаңақалалық Хамзиндер әулетінің отбасылық ермегі сурет салу екен. Көп жыл аудандық білім бөлімін басқарған ұстаз-басшы Әбілқайыр Хамзиннің ұрпақтары әке-шеше жолын қуып, білім саласында жемісті еңбек етіп жүргендерін мақтанышпен әңгімеледі. Бұл отбасының үй кітапханасында баба көзіндей болып, үш мыңнан астам кітап қоры жинақтаулы тұр және бұл құнды мұраны Әбілқайыр Тыныштықәлиұлының балалары мен немере-шөберелері көздерінің қарашығындай сақтап, өз ұрпақтарына табыстайтын болады. Бөрлілік Дәуленовтер династиялық әулетінің де көркем әдебиетті көп оқитыны, қара сөзге шеберлігі сүйсіндірді. Бүгінгідей кітап оқуды ұмыта бастаған ұрпаққа үлгі боларлық дүние көрсетті бұл отбасы. Әсіресе, Сәкен Жүнісовтің «Аманай мен Заманай» шығармасынан алынған үзінді көрініске риза болдық. Дәуленовтердің үй кітапханасында 1200-ден астам кітап сақтаулы екен. Отбасының басты хоббиі – кітап оқу. Зеленов ауданынан келген Мурзабулатовтар әулетінде ерлер жағы сурет салуды әдетке айналдырса, нәзік жандар қазақтың ұлттық ою-өрнектерін кестелеп көрпе-жастық жасап, ісмерлікпен шұғылдануды дағды еткен. Әрине, байқаудың бұл бөлімінде ән де айтылды, би де биленді. Әулеттердің білімді ғана емес, өнерді де серік еткендерін көріп, ұстаздарымыздың жан-жақтылығына шүбә келтірмедік. Байқау соңында «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің ректоры Ақсерік Әйтімов сырымдық 82 жастағы ел анасы Кама Хабиқызына қамзол, тасқалалық 81 жастағы ақсақал Жұмағали Құрманиязовқа шапан жауып құрмет көрсетсе, бөкейордалық Жахатовтар, бөрлілік Дәуленовтер, шыңғырлаулық Омарғалиевтер династиялық әулеттерін бастап келген үлкен буынға Білім және ғылым қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ ұйымы «Ақжайық» санаториясына жолдама берді. Облыстық білім басқармасы қатысушыларды бөліп-жармай, аталымдармен марапаттап, сый-сияпат ұсынды.
Әрине, байқау болған соң ұсақ-түйек кемшіліксіз болмайды. Бірақ біз өңіріміздегі шалғай ауылдардан келген жанұялардың жарасымды тірлігіне куә болып, қуандық. Өнерлі, білімді, ұлағатты ұстаздардың болғанын және бола беретінін, мұғалім мәртебесінің ел арасында әлі де биік екенін аңғардық. Осындай үлгілі жанұяларда зейінді ұрпақтың өсіп-өнгенін көріп тәнті болдық. Бұл шара дәстүрлі сипат алар болса, алтын бесік – ауылдарда әлі талай көрінбей жүрген педагогикалық династиялардың жарыққа шығатынына біз сенеміз.
Айнагүл СЕРІКҚЫЗЫ,
БҚО білім басқармасының баспасөз хатшысы