Home » Айтарым бар » ҰРПАҚ ҰЛТШЫЛ БОЛСЫН ДЕСЕК…

ҰРПАҚ ҰЛТШЫЛ БОЛСЫН ДЕСЕК…

 

Міне, ата-бабамыз аңсаған азаттық таңының атқанына да бүгін тура 25 жыл толды. Сонау Күлтегіннен бергі «Хақ Сақ»-тайын тайпалардан тарамдалып, ат үстінде хандық қылған жауһарлармен жалғасып, әрбірі ұлтымның ұранына айналған Алаштықтармен астасып, кешегі «Желтоқсанмен» жаңғырып жеткен бүгінгі бостандық – бұл. Ең алдымен, тәуелсіздік туының тіктелуіне қасық қанын қиған әр дәуірдегі әр алыптарымызға, тау тұлғаларымызға тағзым. Рас, осы күнді көрген біз – бақыттымыз. Бұл бақытқа жету қаншалықты ауыр, бұралаң, қатерлі, қасіретті, қиын болса, енді сол тәуелсіздікті сақтап қалу – содан екі есе салмақты. Бұл жауапкершілік – сіз бен біздің мойнымызда, туған ел алдындағы перзенттік парызымыз бен міндетімізде. Ата-бабамыздан алған азаттық аманатын ұлтын сүйген ұрпаққа табыстағанда ғана бүгінгі біз өз парызымыз бен міндетімізді адал атқара аламыз.


Ұлтын сүйген ұрпақ дедік, ұлтын сүю деген не? Ол – ұлтшылдық. Мұны мен емес, айтқан, ұлтымыздың бас ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, иә-иә, ол өз сөзінде «Ұлтшылдық дегеніміз – ұлтын сүю» деді. Өтірік емес, кезінде «Ұлтшылдық» ұғымынан қорықтық, мойындаймыз, егемен ел болғанымызға ширек ғасыр болса да, әлі күнге үрейленетіндер бар. Бұл қасиет соншалықты фобия ма? Жоқ, әсілі, әлдеқайда қарапайым. Орыс ұлтшылы, жазушы Валентин Распутиннің анықтамасын келтіре кетейін: «Менің анам бар, мен оны жанымдай жақсы көремін. Мен үшін одан асқан сұлу, одан асқан мейірбан, одан асқан ақылды адам жоқ. Менің анамды жақсы көруім, басқа аналарды жек көреді дегенді білдірмейді. Мен барлық аналарды құрметтеймін, сыйлаймын, бірақ өзімнің анам үшін қолымнан келген жақсылықтың бәрін жасаймын. Міне, осыны ұлтшылдық дейді». Солай, өз ұлтын сүю – өз анасын сүйгендей қалыпты құбылыс, табиғи құбылыс. Ал, біз табиғилықтан неге қашамыз? Демек, өз ұлтын жанындай жақсы көретін, ол үшін қолынан келген жақсылықтың бәрін жасайтын ұрпақ қалыптастыруды көздеуіміз де қалыпты құбылыс.

Айтпақшы, «Ұлтшылдық» ұғымынан әліге дейін соншалық сескенетіндер өз уәжінде Ислам дінін алға тартады. Шынында бұл сөзді асыл дініміз қабылдамай ма? Оған жауапты арнайы маманнан алдым.

Досай КЕНЖЕТАЙ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Дінтану» кафедрасының профессоры, философия және теология ғылымдарының докторы:

Ұлтшылдық деген намыс қой. «Ұлтжандылық» дегенің маған «қатынжандылық» дегендей естіледі, бізге керегі намыс. Ұлтшылдық деген бір сөзде бүкіл жамағат, мәдениет, дәстүр, әдебиет, рух, дін айтылып тұр. Ұлтқа деген махаббатты Құран құптайды. Дін ұлтшылдыққа ешқандай қарсы емес, одан қорқудың түк қажеті жоқ. Бірақ бұл асыл дініміз өзге ұлтты кемсітуді де қолдайды деген сөз емес, өзге ұлттың бәрін құрметтеуге, өзі ұлтыңды өзгешелеу сүюге үндейді. Құранда: «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың(Шуғара: 13)», – делінген. Бұл бар болғаны сенің бөлек ұлттан ерекшеленетін өзгешелігің, ал Алланың алдында бәріміз бірдейміз.

Ұрпақтың бойында намыс болса, ол тілін де, дәстүрін де, дінін де, барлық рухани құндылықтарын да сақтайды. Ұлттың болмысын, дәстүрін, ғұрпын сақтау, құрметтеу тұрғысында пайғамбарымыздың хадистері де көп. Яссауидің де хикметінде: «Иманды адам баласы тек қана жақсылыққа жарысуға тиіс», – деген сөзі бар. Ұлтын сүю, оның барлық құндылығын құрметтеу жақсылық қой.  Ислам діні адамдықты, адам бойындағы ізгілікті насихаттайды, ал ұлтының құндылықтарын құрметтеу, сақтау – әр адамның міндеті емес пе.

Досай ағам керемет айтып кетті, біздегі тағы бір таяздықтың бетін ашты, ол – ұлтжандылық деген сөз. Қазір балаларға білім беру мен тәрбиелеу мазмұнының бәрінде осы қасиетті қолдау жүр. Ұлтшылдық деген сөзді оқулықтан кезіктіріп көрдіңіз бе? Мен кездестірмедім. Ал, сонда ұлтжандылық пен ұлтшылдықтың айырмасы не?

«Қазақ әдебиеті» газетінің 1998 жылғы 10 сәуірде шыққан санында белгілі жазушы, қоғам қайраткері Сәбетқазы Ақатай «Ұлтсыздық, ұлтшылдық һәм ұлтжандылық» деген тақырыппен жазған мақаласында: «Ұлтсыздық» – мәңгүрттіктің белгісі. Оның табиғатында сатқындық үнемі болып тұрады. Ал, «ұлтжандылықта» – жалаң сезім, эмоция басым, саналы тірлікке, күрес жолына, әрекетке көп бара бермейді. Бізге ең керектісі – ұлтшылдық қасиет. Бұл бәрінен биік тұр. Алайда ұлтшылдық та, ұлтжандылық та «ұлтсыздыққа» қарағанда өрелі қа­сиет, бірақ шынайы ұлтшылдыққа не жетсін!», – дейді.

Сонымен, бізге ең керегі – ұлтшылдық қасиет екен. Жоғарыда айтып кеткен тәуелсіздікті сақтау жолындағы ұлы жауапкершілігіміздегі ұлы мақсат – ұлттық мемлекет құру болып тұр. Ал, ұлттық мемлекетті құратын, оны мәңгілік ел ететін кім? Әрине, ұлтшыл ұрпақ. Ұлтшыл ұрпақ қажет дедік, ал ұрпағымыз ұлтшыл болсын десек, не істеуіміз керек? Қай тарапта, қалай әрекет етуге тиіспіз?


Ұлы мұратымызға жетудің нақты бағыттарын айқындап алсақ. Бұл туралы ұлттың сөзін сөйлеп жүрген жандардың ойын білуді жөн көрдік.

Оразкүл АСАНҒАЗЫ, Тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы директорының кеңесшісі:

Әуелі, ата-ана балаға барлық жағынан үлгі болуы керек. Екіншіден, кешегі Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деді ғой, біз қазір сол бесіктегіге білім, таным, тәрбие беретін экранымызды түзеуге тиіспіз. «Болашақ» қауымдастығы балалардың сүйіп көретін, әлемдік деңгейдегі озық үлгімен шығарылған мультфильмдерді қазақша сөйлетіп жатыр. Жақында «Моананы» көрдім, дүниежүзінде 7-ші рет біздің тілге аударылыпты. Қазір балалардың талғамы өте жоғары, соны ескерген қауымдастыққа мың рақметімді айтамын, себебі дубляжы, аудармасы, әртістерінің сөйлеу мәнері – бәрі керемет жасалған. Міне, осындай балалар шын ықыласымен тамашалайтын сапалы мультфильмдерге ұлт үшін қан төккен, азаттық жолында күрескен батырларымыздың бейнесін беруіміз қажет. Қаншама батырлар жыры бар ғой бізде, біз сол құндылығымызды балаға бере алмай келеміз. Заманауи технологияны пайдаланып, ұлттық дүниені ұлттың тілі арқылы беруіміз керек.

Біздің орталық дәл осы сәтте сол қазақ ертегі, аңыз, батырлар жырының кейіпкерлерін біріздендіру, бір типке енгізу істерімен айналысып жатыр. Мысалы, Алдар көсенің 15 түрлі бейнесін саламыз да, соның ішінен үздігін таңдаймыз, себебі баланың көз алдында нақты, біртұтас, бірегей бейне қалуы керек қой. Әрі бір кейіпкердің барлық жерде(театр, телеарна, газет, журнал, кітаптарда) бір бейнесі жүргені жөн.

Тағы бір парасы, ұлттық дүниелердің(аңыз, жыр, жастан, ертегі,т.б.) электрондық нұсқаларын көптеп шығару керек.

Кезекті нақты іс мынау: ойыншық баланы ойландырады, ойын оны өсіреді. Біздің балалар Қытайдың ойыншығымен ойнап жүр. Қазір өз ішімізде де қазақтың ұлттық ойыншықтарын жасай алатын, ұлттық сипат беріп шығара алатын азаматтар бар, міне, солардың жобасын қолдау қажет.

Балалардың бірнеше тіл білуіне ешкім қарсы емес, бірақ Қазақстанда туып, өсіп жатқан әрбір баланың қазақ тілінде сөйлеуіне қол жеткізуге тиіспіз. Қазақстандағы әр бала балабақша, мектепте қазақ тілінде оқып, тәрбиеленуі керек. Әрине, оның алдында өз қазағымыздың балалары тұр, қазақ тілінде сөйлемеген, ана тілінің уызына жарымаған бала ешқашан ұлтшыл болмайды. Қазақ тілінің өзі ұрпақты ұлтшыл етіп тәрбиелейді.

Дос КӨШІМ, саясаткер, «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Біріншіден. Балабақшада, мектепте тәуелсіздіктің бізге қалай келгенін көрсетіп, ұлт арыстарының сол тәуелсіздік үшін күрескенін құрметтеуге, сыйлауға тәрбиелеу керек. Қазір балаларға «осыдан 25 бұрын КСРО құлады, біз далада қалдық, сосын егемендігімізді алдық» деген көзқараспен білім беріліп отыр. Ал біздің қаншама көш тарихымыз бар ғой, жаугершілік заман, екі жүз жыл Ресей империясының қол астында болғанымыз, сол сәттердегі Алаш арыстарымыз, бері келе Желтоқсаншыларымыз бар, міне, осылар туралы мағұлматты білім мазмұнына тереңдей енгізген жөн. Алаштықтар төңірегінде айтылатын шығар, бірақ 90-шы жылдарда тәуелсіздік үшін күрескендерді  насихаттау, шынында, бізде жоқ. Мұны айтпайтын себебі, қазіргі билікте отырғандар сол күреске еш қатысқан жоқ, керісінше қарсы шықты. Ресейдің қол астынан шықпай, отыра беруді қалады. Сондықтан, бұл мәселені қабылдап отырған жоқ.

Екіншіден. Қазақ ұлтының басқа ұлттан кем еместігін ұрпақ санасына сіңіру. Қазақтың ұлы адамдарының ұлы істерін көрсету кемшін тұр. Мысалы, біз одақ тұсында білім алдық, сонда радионы шығарған Попов, паравозды ойлап тапқан тағы бір «ович» деп үйретті. Сөйтсек, бұл өздерін биік көрсетуді мақсат еткеннен туған әрекет екен. Әйтпесе, радионы, паравозды тапқан өнертапқыштар Ағылшын, Француз, Еуропа елдерінің ұлтынан шыққан. Оны кейін білдік. Бұл да бір саясат. Бізде де небір ұлы адамдар бар, солар арқылы ұлтымыздың өзге ұлттың ақылымен тең болатынын дәріптеу қажет.

Мектеп бағдарламасындағы кітаптардың дерлігін қарап шықтым. Қарасаңыз, әлеуметтік-экономикалық географияның негізін салушы Иванов деп тұр. Өйткені, осыны жазып отырған адамдардың оқығаны солай. Мысалы, саясаттану пәнінен неге Әл-Фарабидің «Ізгі қаланың тұрғындарын» алмасқа? Онда мемлекеттік саяси құрылымды талқылаған. Бұл кем дегенде бір ірі компанияның көзқарасынан кем емес. Мейлі, ол Әміре Қашаубаев болсын дауыс жағынан, күш жағынан Қажымұқан болсын, ұлттық мінезімен мойындалған майталмандарды таныту қажет. Бұл да бір саяси жұмыс, идеологиялық жұмыс. Қысқасы, идеологиялық жұмыстың балаларға, олардың ұғымына, білімінің деңгейіне сай берілу жоқ. Осы проблеманы қолға алмай отыр.

Үшіншіден. Ұлттың қасиеттері деген мәселе. Ол мүлдем ұмытылып барады, салдары түсінікті де. Себебі сол – бізде қазір руханидан гөрі материалдық құндылықтар алға шықты. Бұл ұрпақтың санасында болып жатқан көрініс. Ересектер, балаларға жауапты әрбіріміз рухани дүние беруді тәрбиенің бірінші сатысына шығаруға тиіспіз. Сізге бір-ақ мысал айтайын. Бірде Оңтүстік Қазақстанның бір ауылында тойда болдым, көпшілік әлдебір әкімді сөз етіп отырды. Ол жетпіс жасқа толған әкесіне «Джип» көлігін мінгізіпті. Соны қайран қалып айтты, оны жастар, жасөспірімдер мен балалар тыңдап отыр. Оларға «осындай болу керек» дегенді құлағына құйып жатыр, мұнысы барып тұрған ақымақтық. Қарапайым көрініс шығар, бірақ соны тыңдап өскен әр ұрпақ өмірді ақшамен өлшейтіндерді ғана идеал етіп есейеді. Біз әкелерімізден «Балам, ала жіпті аттама! Жұрттың ақысын жеме! Басыңды кессе де, аштан қалсаң да адал бол!» дегенді естіп өстік. Осындай сөзді жеткізетін буынның арасы үзіліп қалды.

Ұлттық ұстанымды оқу-тәрбие процесіне мықтан енгізуді қолға алуымыз қажет. Әйтпесе, мұны айтатын ата-ана қалмай барады. Бұрын, мысалы, мен тарихшы болсам дедім, қазір балалар аңсаған мамандығын емес, айлығы, ақшасы, табысы көп мамандықты таңдайды. Мен бүгінгі балаларды аяймын, өйткені, бұл қалау емес, мәжбүрлік. Міне, қазіргі тәрбиенің нәтижесі.

Ұрпақ тәрбиесі деп өте жақсы қозғап отырсың, тәрбиені балалардан бастау керек екен. Көп жастармен кездесуге барамын, қолдарындағы телефонды шұқылап отырады, сөзіңді тыңдамайды. Олар үстірт оймен қалыптасып кетіпті, енді оларды шыбық кезінен болмағасын, қалағаныңша майыстырып, түзей алмайсың. Ал, балалар – болашақ қой.

Дина ЕЛГЕЗЕК, журналист, «Қоғамдық Құрмет» Ұлттық сыйлығының «Ел жанашыры» номинациясының иегері:

Ұрпақ ұлтшыл болу үшін ең алдымен билік өз ана тілінде сөйлеуі тиіс. Парламент пен Үкімет қазақша сөйлемей, ұрпақтың ұлтшыл болуы мүмкін емес. Тәуелсіз ел болғанымызға мінекей 25 жыл болды. Әлі күнге мемлекеттік жиындар қазақ тілінде басталып, орысша өтеді. Одан бөлек Парламентте заңдар орысша шығарылады, Үкімет жиындары қос тілде өтеді, отандық ТВ-мыз екі тілде сайрайды… Әлі күнге қазақша түсінбейтін қазақтарымыз бар. Орыс мектептеріне баратын қазақ балалары көп. Бір сөзбен айтқанда, әлі күнге ұлттық мемлекет құра алмай отырмыз. Бұл – біздің трагедиямыз. Ұрпақ ұлтшыл болу үшін, ұлттық мемлекет құруымыз керек. Ұлттық мемлекет құрмай, ұлтшыл ұрпақ тәрбиелеу мүмкін емес. ТМД-дан шыққан өзге мемлекеттер қалай шешті бұл проблеманы? «Кімнің намысы бар, балаларыңды ұлт мектептеріне беріңдер!» дегендей талап қойды. Содан барлығы жабылып, ұлттық мектепке берді балаларын. Бұл проблема біртіндеп өздігінен шешіле қойды. Балаларға ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру үшін кеңінен тарихты, әдебиетті оқыту керек. Ал біздегі балалар оқитын әдебиетті бір шолып өтіңізші? Сапалы ма? Дүкендердегі кітап сөрелерін бір қарап шығыңыз, қай тіл басым – әрине, орыс тілі… Жан-жағының барлығы орысша болса, өсіп келе жатқан балапан қалай қазақ болады? Ширек ғасыр өтті. Енді барынша, ұлттық мемлекет құруға атсалысу керек. Ол үшін тағы айтам, саяси элита қазақша сөйлеп, қазақша ойламай – ұрпақты ұлтшыл етіп тәрбиелеу мүмкін емес дүние…


Міне, ұлттың сөзін сөйлеп жүрген жандардың ойы осындай. Қазақ боп туған әрбіріміз Қазақтың бір кірпішіміз. Бір кірпіші омырылса, үй қалай үңірейіп қалар еді, елестетіңізші. Сіздің де Тәуелсіздікті сақтауда орныңыз дәл сондай. Иә-иә, нақ сіздің, оның, менің, әрбіріміздің. Ең ақыры – ұлтын сүйген ұрпақ тәрбиелеудегі әрбіріміздің орнымыз да нақ сондай.

Тәуелсіздіктің туын түсірмейтін ұлтшыл ұрпақ көп болғай!

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.