Ұстаз болу — өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау.
Ж.Ж. Руссо
Қазақтың кез келген қызын байқасаңыз, ерлермен терезесі тең жүріп отбасын да, Отанын да қорғайды. Тағдыры бөлек, талантты қыздарымыздың бірі – Алтын Тәлиқызы. Алтын Тәлиқызы 1974 жылы алғаш Қызылжар өңіріне ұстаз болып келген жас маман болатын. Содан бері табан аудармай 44 жыл бойы еліміздің білім саласының өркендеуіне үлес қосып келе жатқан білікті басшы, білімді ұстаз.
Алғашқы еңбек жолын Д.Карбышев атындағы № 40 орта мектепте қазақ тілінің мұғалімдігінен бастап, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті колледж директорының тәрбие іс жөніндегі орынбасары, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ әдіскерлік қызмет атқарады. Әр жұмысын үлкен жауапкершілікпен сезінетін маман бала тәрбиесіндегі адалдығын биікке қойып келеді. Алтынның бойындағы асыл қасиеттерінің арқасында 2010 жылдан бастан «Ақ бота» бөбекжай-балабақшасында директор болып қызмет атқарады. «Ақ бота» бөбекжай-балабақшасында 300 баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай басқарған бақшасының бағына айналған болатын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді, дана халқымыз. Алтын Тәлиқызының бойында адамгершілік деген ұлылық бар. Қай мекемеге барып қызмет атқарса, сол жерде талантты қызға қатысты жағымды пікір, жақсы ой қалыптасады.
Биыл облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың бастамасымен «Борки» кентінде ашылған «Ақ қайың» балабақшасының тізгінін тағы да Алтын Тәлиқызы ұстады. Өңір басшысы сенім білдіріп, үлкен жауапкершілік танытып отыр, дейді. Алтын Тәлиқызының айтуына қарағанда, балабақша балалардың оқу-сауықтыру орталығы тәріздес. Өзге бөбекжай, балабақшалардан ерекшелігі мұнда әртүрлі деңгейдегі балалар келіп тәрбие ала алады. Тіл кемістігі, көзі нашар көретін, сондай-ақ құлағы естімейтін бүлдіршіндер үшін де заманауи жабдықтармен жабдықталып, қамқорлық көрсететінін тілге тиек етті. Сабыр мен ақылды ұштастыра жүріп «Ақ қайыңды» да ел қатарына қосамын деген ниеттемін, деп ақырын ғана жымиды. Ұстаздың жолы ауыр, бұралаңы көп қиын десек, көреген басшы болу одан да қиын екенін айтады. Расында да, уақытының көбін бала тәрбиелеуге арнаған Алтын апамыз алдағы уақытта да ел үмітін ақтар деген үмітпен қайттым. Іске сәт!
Көкбасқызы Жазира,
«Білім айнасы»,
Қызылжар қаласы, СҚО