Home » Мақалалар » Ұрпақ тәрбиесі  ұлт тағдырының кепілі

Ұрпақ тәрбиесі  ұлт тағдырының кепілі

«Кішкентай бүлдіршіндердің дамуына ықпал ететін
үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы ретіндегі мектепке
дейінгі білім беруге баса назар аударған жөн»

Н.Ә.Назарбаев

Қаз дауысты Қазыбек, назағай Мәди, жыр жүйрігі Қасым, Алашорда көсемдері түлеп ұшқан құтты мекен Арқаның Қарқаралы атырабы.  Бұл мекен ежелден-ақ өзінің ағартушылық атымен Алаш жұртына мәлім. Білімнің  бесігі бүлдіршіндердің тәрбиесінен басталады. Ендеше Қарағанды облысының Қарқаралы  ауданындағы  4 балабақша, мен 29 мектеп жанындағы шағын орталықтың жұмысын бағамдап өтсек. Онда барлығы 1368 бала тәрбиеленуде.  Осы мектепке дейінгі ұйымдарда атқарылған жұмыстардың ұрпақ тәрбиесіндегі үлесі мен маңызы орасан.

  Мектепке дейінгі ұйымдар арасында өткен жылы білімді дамыту орталығының ұйымдастыруымен  Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Мектеп жасына дейінгі балалардың зерттеушілік әрекетінің ең үздік экологиялық жобасы» көрме-байқауы ұйымдастырылды. Байқаудың мақсаты: мектеп жасына дейінгі балалардың зерттеушілік әрекеті арқылы экологиялық мәдениет негіздерін қалыптастыру.

Жалпы, балабақша тәрбиеленушілеріне берілетін білімге назар аударсақ, Елбасы көтерген тілдердің үштұғырлылығы саясаты бойынша, елдегі көптеген балабақшаларда ағылшын тілі қосымша тіл ретінде енгізілген. Онда ағылшын тілінің алғашқы тіл үйрету сатылары бойынша білім беріледі. Ауданымыздағы 4 балабақшада ағылшын тілі оқытылып отыр. Сабақтар көбінесе ойын түрінде өтіп, баланың қабылдауына  жеңіл, әрі күнделікті тұрмыста қолданылатын заттардың атауын жаттаумен шектеледі.  Қарқаралы қаласындағы «Жас терек» бөбекжай-бақшасы үштілділік бойынша «Үш тілде білім беруді ілгерілету» жобасы бойынша жоспар құрып, жұмыс жасауда.

 

«Жас ата-ана мектебі» жобасымен Қарқаралы қаласындағы «Еркетай» бөбекжай-бақшасы жұмыс жүргізіп отыр. Жобаның мақсаты: жас ата-аналармен тәрбие функциясының іске асуын толық қамтамасыз ету және толықтыру, алмастыру арқылы отбасындағы бала тәрбиесіне кәсіптік көмек көрсету. Ата-ананың отбасындағы қадірі, бала тәрбиесіндегі орны туралы мәлімет беру. Салауатты ұрпақ тәрбиелеу. Қазіргі кездегі баланың дамуына, жеке тұлға болып қалыптасуына ата-ана тәрбиесінің әдіс-тәсілдерін жетіліре отырып, қарым-қатынас орнату. Мектепке дейінгі ұйымдары арасында осы жоба бойынша әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылып отыр. Қарағайлы кентіндегі «Балдырған» балабақшасының ұйымдастыруымен «Жас ата-ана мектебі» жобасы аясында «Қар ханшайымы» атты ата-аналар арасында байқау өтті. Балабақша ата-аналары белсенділік таныта отырып, балабақша мен ата-ана арасындағы тығыз байланысты көрсете білді.

2018 жылдың қазанында «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үздік авторлық бағдарламасы» сырттай байқауы өткізіледі. Байқаудың негізгі мақсаты: мектепке дейінгі білім берудің мазмұнын жаңартуға, педагогтердің кәсібилілігі мен шығармашылығын арттыруға, үздік педагогикалық тәжірибені, тәрбие мен оқытудың вариативті әдістері мен технологияларын анықтауға ықпал ету. Байқауға аудандық білімді дамыту орталығының әдіскері Ж.М.Касымжанова, «Жас терек» бөбекжай-бақшасының әдіскері М.К.Кабиева   мектеп жасына дейінгі балаларға арналған, баланың әлеуметтік мәдени бейімделуіне, оның азаматтық және адами іс-әрекетінің даярлығына бағытталған «Қарқаралытану» бағдарламасын ұсынды.

Сонымен қатар, Егіндібұлақ ауылындағы «Айгөлек» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Ж.С.Рымбаева облыстық «Үздік тәрбиеші-2019» байқауына қатысып, жүлделі ІІІ орынға ие болды.

Қарқаралы қаласындағы «Жас терек» бөбекжай-бақшасы «Леготека» жобасын басшылыққа алып, бүгінгі күні бөбекжай-бақша ұжымы осы жоба аясында жұмыс жасап отыр.  Әдістемелік кабинет  жылдық жоспарында  арнайы жылжымалы көрме ұйымдастырып, іс-тәжірибені басқа да балабақша бүлдіршіндеріне көрсету жоспарлап отыр. Аталған балабақша ұжымы аудандық  «Рухани жаңғыру» аясында өткен «Karkar Robolаnd – 2019»  байқауына қатысты.

Осы орайда, аудандық білім бөлімінің білімді дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткен оқу жылында мектепке дейінгі ұйымдар арасында әртүрлі тақырыпта семинарлар, байқаулар өткізілді. Қарқаралы қаласындағы «Еркетай» бөбекжай-бақшасында «Мәңгілік ел — болашақтың жарқын жолы» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Семинар өткізудегі басты мақсат – «Мәңгілік ел» ұлттық идеялары аясында жас ұрпақты тәрбиелей отырып Отанын сүюге, елінің тарихын білуге, туған жерін мақтан ететін патриоттық тұлға қалыптастыру. Өткізілген іс-шарада балабақшаның педагогтары мен мамандары ұйымдастырылған оқу қызметтері мен шаралар көрсетті.

«Нүркен Әбдіров атындағы жалпы білім беретін №10 орта мектебі» КММ жанындағы шағын орталықта «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту үдерісін жүйелі ұйымдастыру» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
 

 Көктас ауылының жалпы білім беретін №4 орта мектеп базасындағы тірек мектебі (ресурстық орталық) КММ жанындағы шағын орталық базасында аймақтық «Үздік тәрбиеші – 2018» байқауы да өз деңгейінде өткізілді. Байқауға Ынталы, Тегісшілдік, Бесоба, Жарлы, Матақ ауылдарындағы №3,6,8,9,15 орта мектеп жанындағы шағын орталық тәрбиешілері қатысты.

Сонымен қатар, аудандық мектепке дейінгі ұйымдар арасында «Ең үздік мектепке дейінгі ұйым» тақырыбында бейнеролик байқауы ұйымдастырылып жатыр. Байқауға 9 ұйым өтініш білдірді. Бейнероликтер сараланып, тиісті жүлделер берілді.

Ауданымызда тұңғыш рет мектеп жасына дейінгі балалар арасында «Жас жол инспекторларының слеті» ұйымдастырылды. Мамыр айында кезекті слетті ұйымдастыру жоспарлануда. Мектеп жасына дейінгі балалар арасында «Егіздер фестивалін» өткізу де келешекте жоспарланып отыр.

Бала тәрбиесі, жалпы адамзаттың білім алып, кемелденуі тал бесіктен жер бесікке дейін жалғасады. Ұрпақ тәрбиесінде туған ауылы, өскен өлкесі, өнген Отаны, тіпті барлық ғалам құндылықтары насихатталады. Осы негіздер отбасынан, балабақшадан, мектептен, мамандық игеретін оқу орындарынан сіңіріледі. Сондықтан осы тізбектегі ұстаздық қылған әр адамның жауапкершілігі өте зор. Бабалар мұрасы мен әлемдік білімнің озық үлгілерін қабыстыра ұсыну қазіргі заманның талабы. Ендеше жаһандық көштен қалмас үшін жаңа технологиялар мен тың тәсілдерді қолдану аясын кеңейтуіміз керек.

 

    Жанар  Касымжанова
«Қарқаралы ауданының білімі бөлімі» ММ
әдістемелік кабинет әдіскері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.