«Адамның адамшылдығы – ақыл,
ғылым, жақсы ата, жақсы ана,
жақсы құрбы, жақсы ұстаздан
болады.» Абай
Қазіргі заман бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Себебі , ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген екен Платон. Бұрынғы ата-бабаларымыз бұл замандағылардан білімі, мәдениеті төмен болған дейміз. Десек те ұрпақ тәрбиесіне келгенде оларды көреген, тәжірибелі десек қателеспейміз. Еліміздің ертеңі саналатын ұл-қыздарын салт –дәстүрлермен сусындатып, туған елін, жерін адал сүюді және көзінің қарашығындай сақтап, қорғауды әрбір азаматтың аяулы борышы деп түсіндірген. Беріде өзіміз куә болғандай, бір ауыл адамдары бір анадан туғандай, ынтымақты, ұйымшыл еді. Бір үйдің қуанышына бәрі қуанып, бір үйдің басына түскен қайғысына бәрі ортақ қайғыратын. Дәмді асын бөліп ішіп, ауыр жұмысы болса жұмыла кірісетін. Бұның бәрі пәк адамдықтың, тәрбиеліліктің жемісі еді. Қазіргідей көптеген әдеби, мәдени оқулықтар толассыз ақпарат көздері болмаса да ұлттық салт-дәстүрімізді ұрпақ санасына сіңіре білген сол уақыттың адамдарын қалай кемеңгер демессің.
Өзімізден бастап жастарды ауызбіршілікке, бауырмалдыққа тәрбиелеп, ізгіні, игілікті көп айтып, көп көрсетіп, өзі ісімен үлгі болатын көргені емес көкірегіне түйгені көп үлкендеріміз болса қуанарлық жайт. Өнегелі дана жоқ жерде, өнегелі бала жоқ.
Кейінгі кезде басқа ақпарат көздерін былай қойғанда теледидардағы азғындыққа үгіттейтін озық-созық сериалдардың көбеюі де жас ұрпаққа кері әсерін тигізуде. Оны шектемек түгілі бірге отырып көріп, бірге талқылаймыз. Назар аударар болсақ ылғи өтірік айтып тығырықтан шығу, бірін бірі алдау. жеңіл жүріс.Байыптап қарар болсақ дәл осы құбылыс біздің қоғамымызда белең алуда. Бұндай жағдайларға «болуға міндетті» нәрсе сияқты назар да аудармаймыз. Ұстаз ретінде айтар болсам көптеген жастарымыздың әдеби кітап оқуға қызығушылықтары жоқ. Сабақ үстінде айтылған белгілі бір шығармалардан үзіндіні тыңдайды да, әрі қарай жалғастырмайды. Білім мен тәрбие көзі әдеби кітаптарда екенін ескергілері келмейді. Оның есесіне әлеуметтік желілердегі тәрбиелік мәні жоқ нәрселерді қарап уақыттарын өлтіруде. Бұрынғы ата-баба жүріп өткен жолдар ертегіге айналып бара жатқандай. Кешегі өткен ата-бабаларымыз тап қазір қайтып оралар болса, «ұлдарымыз құл, қыздарымыз күң болмасын» деп бастарын бәйгеге тіккен еңбектерінің түкке тұрмағанына налитындай жағдай. Жастар өзі өмір сүріп отырған мемлекеттің өткені мен келешегін, оның алдында тұрған жоспарларды жақсы білуі қажет. Өз елінің басынан кешкен қиындықтарымен танысып қана қоймай, сондай қиындықтан елін, халқын алып шығуға белсене қатысып, өзінің үлесін қосатындай болып тәрбиеленуі керек. Әрбір әулеттегі үлкен адамдар мен балалардың қарым-қатынас әдебін жолға қоймайынша инабаттылыққа, және парасаттылыққа жету мүмкін емес. Үлкендердің балалармен, балалардың үлкендермен арадағы сәлемдесулері, сөйлесулері, ізеттілік әдеттері, қимыл іс-әрекет әдебі, әулеттің қалыптасқан үлгілі әдеттері мен ғұрпы, сыйласымдылығы, бір-бірімен арадағы құрмет, мейірім, өз ата-анасының және үлкендердің тапсырмасын жауапкершілікпен орындауы т. с.с
Ұрпақ тәрбиесі тек ұстаздың ғана емес баршамыздың парызымыз, жалпы қарызым деп түсіну ләзім. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бекер айтылмаған. Қайсыбір ата-ана өз баласының әлсіздігін мектептен, мұғалімнен көріп жатады, ал мектептегілер керісінше ата-ананы кінәлайды. Тәрбие сапалы болу үшін балаға мектептің, ата-ананың, қоғамның жан-жақты қамқорлығы қажет. «Бала тәрбиесінің үлкен мектебі –ер мен әйелдің, әке мен шешенің бір-бірімен қарым-қатынасы» деп тамаша педагог-ұстаз Сухомлинский айтқандай, ата-анасы өз баласының тәрбиесі үшін қоғам, ел, халық алдында жауапты. Қазіргі уақытта ел арасында “ақшаң болса, бәрі де болады” деген сөздерді жиі естуге болады. Балардың арасында да осындай ой қалыптасқан. Әрине, ақшаға бәрін де сатып алуға болатын шығар. Бірақ сатып алынған нәрсе ешқашан мәңгілік болмайтындығын үнемі дәлелдер арқылы түсіндіріп отыруымыз керек. Әйтсе де денсаулық пен рухани байлықты, яғни адами қасиеттерді сатып ала алмайсың. Бала тәрбиесі отбасынан , дәлірек айтсақ бесіктен басталады. Оған көптеген ойшылдардың, қазақ ұлыларының, дана сөздері дәлел.
Ж. Баласағұн баланы жастан тәртіпке үйрету керектігін, оны ата-ананың ісі екенін сөз етеді. Мысалы ол: ”Баққан ұлдан сәл тойса назарың, Түбі соның тарттым дей бер азабын. Қатал ұста- бос жүрмесін сандалып, Болса тәртіп- бала өседі сомдалып.”Әрине көпке топырақ шашуға да болмайды, керемет инабатты , білімді ,мәдениетті, зиялы қауым ортасында жас болса да бас болып жүрген жастарымыз қаншама. Халқымыздың біртуар перзенттерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы « Қазіргі заман — өткен заманнның баласы, болашақ заманның атасы» дейді . Әрине, айтылған жайдың бәрі өткен заманды көксеу емес, жас ұрпақ санасының өзге жаман нәрселермен былғанбай, ұлттық тілімізді, дінімізді, ерекше мәдениетімізді, өзге ұлтта жоқ жақсы қасиеттерімізді бойтұмар етіп ұстаса деген пікір.
Н.Ә.Назарбаев өзінің “Қазақстан болашағы — қоғамның идеялық бірлігінде” атты еңбегінде: “Ұлттық мәдениетке, ана тілге еркіндік беру, оны тәлім-тәрбие құрылымына айналдыру, тәрбие мәселелесінде ұлттық ізгілік пен өркениетті әлемдік имандылық үрдісінің ортақ мүддесін жаппай сезіну және оны кіріктіре пайдалану арқылы іске асыру керек” — деп атап өткен. Қазақстан Республикасын мызғымас, мәдениетті, біртұтас мемлекет ретінде көру мұратымыз болса , онда өмірге бақытты жасөспірімдерді баулу да басты мақсат болатыны сөзсіз. Қазақ халқының өзіне сай ұлттық құндылықтарын дәріптеу арқылы тәрбиелеу ұлт ұрпағын жаһандану кезеңіне өз ерекшелігімен жетіліп, кемелденіп жетеді деген мүддені алға ұстанғанымыз жөн.Тәуелсіз еліміздің ертеңі ұрпақтың рухани байлығы, мәдениеті, саналы ойлау қабілеті мен біліміне байланысты. Осы орайда егеменді еліміздің білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету үшін жасалынып жатқан талпыныстар оқытудың, тәрбиелеудің әр түрлі әдіс тәсілдерін қолдана отырып, терең білімді, іздемпаз, барлық іс-әрекеттерінде шығармашылық бағыт ұстанатын, сол тұрғыда өз болмысын таныта алатын жеке тұлға тәрбиелеу ісіне ерекше мән беруде. «Қазақтың өздік ұлттық қасиеттерінің қайта қалыптасуына қамқорлық жасау менің перзенттік те, президенттік те парызым»,- деп елбасымыз Н.Ә. Назарбаев ұлттық тәрбиеге мән берді. Біз сол мақсатты іске асыру үшін ұлттық тәрбиенің негіздерін айқындап, тәрбие жұмыстарының ұлттық ерекшеліктерін бала бойына сіңіруге тырысамыз.
Әр ұлттың қай кезеңде болмасын алдында тұратын ұлы міндеттерінің ең бастысы өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты саналы ұрпақ тәрбиелеу. Болашақ қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу аға буынның қоғам алдындағы зор борышы. Ал жастарды жан-жақты қабілетті азамат етіп өсіруде халықтық салт дәстүрлердің тәлім -тәрбиелік білім танымдық ролі зор. Қазақ халқы — рухани зор байлықтың мұрагері.Ежелгі ата-бабаларымыздың күмбірлеген күміс күйі, сыбызғы сырнайының үні, асқақтата салған әсем әні, ғашықтық жырлары мақал-мәтел, шешендік сөз, айтыс өлеңдерінің сан ғасыр бойы өз ұрпағын сегіз қырлы, бір сырлы, өнегелі де өнерлі адамгершілік ар-ожданы жоғары намысқой азамат етіп тәрбиелеп келгені тарихи шындық.
Тәуелсіздік туы желбіреген егеменді еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеуде, олардың бойына ізеттілік, қайырымдылық, кішіпейілділік, әдептілік, елін, жерін, Отанын сүюшілік секілді ең асыл қасиеттерді қан мен жанына сіңіруде осы ата-бабамыздың салт-дәстүр негізін ұстансақ өте ұтымды болар еді.
Бүгінгі таңда ғасырлар қойнауында қалыптасқан ұлттық тәрбиені,озық өнегелі дәстүрді, адамгершілігі бар асыл қасиеттерді жастар бойына қалыптастыруда,оны ұтымды пайдалану аса маңызды міндеттердің біріне айналып отырғаны даусыз Сондықтан ұлттық мәдениеттің,әдебиеттің, тілдің, халықтық педагогиканың тарихы мен болашағы да мектептегі жас ұрпақ тәрбиесіне байланысты. Бала тәрбиесінің алтын бесігі –отбасы. Бұл шағын әлеуметтік топ-бала үшін өмір мектебі.
Ата-ана баланың өмірлік ұстазы және тәрбиешісі. Балалардың болашағы олардың өмірден татар несібесі мен еншісінің үлес салмағы ата-ананың сіңірген еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне байланысты болады.
Сондықтан ата -ана өзінің баласын еңбекқор, елінің қамқоршысы азаматы етіп тәрбиелеуге міндетті . Үздіксіз білім беру жүйесінің алғашқы сатысы балабақшадан басталып, белгілі бір бағдарлама негізіне сүйене отырып, мектеп жасына дейінгі балаларға оқыту мен тәрбиелеу мәселесін жоспарлап, отбасына педагогикалық көмек беруді мақсат етті. Ата-ананың педагогикалық білімінің неғұрлым жоғары болуын олардың қоғам алдындағы өз балаларының тәлім-тәрбиесі үшін жауапкершілігін арттырады.
Тәрбиедегі басты бағыт делінген тәлім-тәрбие тұжырымдамасында: «Әрбір адам ең алдымен өз халқының перзенті, өз Отанының азаматы болу керек екенін, ұлттық болашағы тек өзіне байланысты болатынын есте ұстауға тиіс. Оның осындай тұжырымға тоқталуына ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер көмектеседі, солар арқылы ол жалпы азаматтық мәдениетке аяқ басып, өз халқының мәдени игілігін басқа халықтарға жақын да түсінікті ете алады. Сондықтан әрбір ұрпақ өз кезі мен өткеннің тағдыры мен талаптарын обьективті факторлар ретінде ұсынып, сол арқылы ұрпақты өмірге даярлап, оларды жинақталған тәжірибе негізінде тәрбиелей отырып, өзінің ата-аналарының рухани мұрасын игере түсуі керек» деп айтылған.
Досмаганбетова Шамшия
Қызылорда облысы , Шиелі ауданы
Алмалы ауылы
№181 жалпы білім беретін қазақ орта мектебі
бастауыш сынып мұғалімі