Home » Айтарым бар » Ұрпақ тәрбиесі – ортақ міндет

Ұрпақ тәрбиесі – ортақ міндет

ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – ОРТАҚ МІНДЕТ

 

Бала тәрбиесі – өте жауапты іс. Оған ата-ана да, ұстаз да, бала бақшадағы тәрбиеші де баршамыз бірдей жауаптымыз. Ал, ата-анасы жоқ балаларға келер болсақ, оған бүкіл қоғам жауапты. Иә, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған текті халық болғандықтан ол балалардың жағдайы назардан тыс қалмауы керек. Себебі, олар да ержетіп, бойжеткен соң ел тұтқасын ұстайтын азамат болмақ. Ең бастысы қамқорсыз қалған балалардың жүрегінде өшпенділік пен қатыгездіктің көлеңкесін түсірмей, мейірімді, кішіпейіл, бір-біріне қамқор, бауырмал болуға тәрбиелеу. Ол үшін не істемек керек?
Қазақ халқының баға жетпес құнды дүниесі бар. Тәрбиеге тұнып тұрған салт-дәстүрлеріміз, даналыққа толы мақал-мәтел, шешендік сөздер, ұлылардан қалған ұлағатты сөздер, ертегі, дастандарымыздың барлығы дерлік бала тәрбиесіне арналған десек қателеспейміз.
Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі – әлемде теңдесі жоқ тәрбие. Жалпы «ұлттық» деген сөздің астарында елге, жерге, тілімізге, дінімізге деген құрмет жатыр. Ал осы ұлттық тәрбиені бала бойына сіңіруде балалар үйі болсын, мектеп болсын атқарылатын жұмыстың орны ерекше.
Балабақшада, мектепте өтетін сабақтарымызды ұлттық тәрбиеге негіздейтін болсақ біз ұлтжанды, парасатты ұрпақ өсіретініміз айдан анық. Рухы асқақ, іргесі берік ел боламыз десек, ең алдымен ұрпақ тәрбиесі мен біліміне сергек қарауымыз керек. Бұл жөнінде Абай: «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: бірінші – ата-анадан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан» деген екен. Ұлттық тәрбие атауын алғаш әдеби –педагогикалық оқулықтарға енгізген М. Жұмабаев болды. Ол педагогиканың ұлттық тәрбиеден бастау алатыны жайлы айтқан. «Педагогика» атты еңбегінде былай дейді: «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет ететін болғандықтан, әрбір тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті». Бұл пікір өте орынды екеніне ешкім дау келтіре қоймас.
«Жеті атасын білмеген жетесіз, әке тәрбиесін көрмеген ұл жігерсіз» деген сынды сөздерді біз ата-анасыз өскен балаларға қарата айтпауымыз керек. Керісінше, жоқтың орнын толтыра білсек, нағыз ұлтшыл азамат етіп тәрбиелесек еліміздің келешегі үшін қосқан үлесіміз болар еді. Ендеше, неден бастау керек деген сұрақ туындайды. Ең алдымен, бала кішкене күнінде ертегі тыңдауға әуес келеді. Ал халқымыздың ауыз әдебиеті ертегі, аңыз, хикаяларға бай екенін білеміз. Міне, соларды күнделікті айтып, құлағына сіңіріп, бойына дарытсақ, бала дұрыс қабылдайды. Мақал-мәтел, жаңылтпаш, нақыл сөздерді жаттатып, ойын ретінде өзара жарыстырсақ, өзінің білімді, алғыр екенін дәлелдеу үшін бала көп білуге тырысады, іздене түседі. Тамаша салт-дәстүрлерімізді насихаттау үшін түрлі қойылымдар қою арқылы қызықты әрі тартымды етуге болады. Тіпті, бұл тұста баланың шығармашылық шеберлігі оянып, ұлттық құндылығымызға деген қызығушылығы мен құрметі арта түсері сөзсіз. Мінекей, осылайша бала өскен сайын білімін, танымын тереңдете береміз. Жыр-дастандарымызды, ұлтымыздың ақтаңдақ тау тұлғаларының елеулі еңбектерімен таныстырамыз. Бұл бала бойындағы таланты мен талабын оятуға да септігін тигізер еді.
Бала ерекше халық. Олар бізге үлкен қуаныш сыйлайды. Біздің бойымыздан байқаған қасиетті өз бойларына сіңіреді. Көргенін жасайды, естігенін айтады. Сондықтан, біз – үлкендер, тәрбиешілер балаларға үлгі-өнеге болуға тырысуымыз керек. Олардың әрқайсысы қоғамға, халқымызға, елімізге қажет екенін түсіндіруіміз керек. Олар өздерін қажетсіз, артық жандай сезінбес үшін бойымыздағы біліміміз бен махаббатымызды сол балаларға берейік. Иә, бала жаны сезімтал келеді емес пе? Өсімдіктің жайқалып өсуі үшін су мен ауа қаншалықты қажет болса, баланың өсіп-өнуі үшін махаббат пен қамқорлық қажет.
Қоғамның белгілі қайраткері, ақын Мұхтар Шаханов «Халықта ең алдымен ұлттық рух болу керек» деген сөзді жиі айтатынын байқаған боларсыз. Бұл сөздің астарында үлкен мән-мағына ұштасып жатыр. Рухты халық қана ұлт байрағын әрқашан жоғары ұстамақ. Сондықтан, бала тәрбиесін тек балабақшаға, мектепке ысырып қоймай, бәріміз өз үлесімізді қосайық.

 

Гүлфариз ЖҰМАНОВА,
«Үміт» мамандандырылған бөбектер
үйінің тәрбиешісі,
Тараз қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.