Жетібай ауылында 90 орындық «Айназ» жекеменшік балабақшасы бой көтеріп, 2016 жылдың 3-қыркүйегінде ауылымыздың кішкентай бүлдіршіндеріне өз есігін ашты. «Балапан» бағдарламасымен ашылған балабақшада жас ерекшеліктеріне қарай 4 топ жұмыс жасайды.
Балабақшаның мақсаты – жаңа технология арқылы білім беру мазмұнын кеңейте отырып, балалардың жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптасуына жастайынан тәрбиелеу, ана тіліне деген құрметін бойына сіңдіре отырып, өзге тілдерді меңгерту, тілдерін дамыту, адамгершілікке баулу.
Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу – біздің де қоғам алдындағы борышымыз. Осындай жан-жақты тұлғаны қалыптастыруда балабақшамызда барлық жағдай жасалған. Қосымша би, фортепиано, ағылшын, орыс тілі үйірмелері ашылған. Сонымен қатар, балалардың балабақшаға бейімделуіне барынша ыңғай таныта отырып, тілдік емес функциялардың кемістіктерін және тілдік бұзылыстарын дер кезінде анықтай, жеке дара ыңғай жасау жолдары көмегімен сөйлеу тіліндегі бұзылыстарды түбегейлі жоюға көмектесетін логопед-дефектолог маманы жұмыс жасайды. Балалардың қиял, көрнекі-бейнелік ойлауын, шығармашылық және сын тұрғысынан ойлауын дамытатын «құм терапиясы» қолданылады.
Балабақша педагогтері мен тәрбиеленушілері аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, әр түрлі дәрежедегі жүлделі орындар мен алғыс хаттарға ие болды. Балабақша меңгерушісі Ж. Тулегожаева «Жаңашыл идеялар» атты Республикалық педагогикалық форумында кәсіби білімі мен шығармашылық шеберлігін танытып, «Ең үздік жұмыс» атағына ие болып, дипломмен марапатталды. Сонымен қатар, Халықаралық Педагогика және Инновациялық Технологиялар Ғылым Академиясы «Самғау» Республикалық ғылыми-әдістемелік журналының «Жаңашыл идеялар» атты Республикалық форумына арналған шығарылымына мақаласын ұсынғаны үшін «Алғыс хатқа» ие болды. Тәрбиеші – Оразбек Ақжамал Аманбекқызы Республикалық әскери-патриоттық «Қазақстан патриоты» журналының Астана күніне орай ұйымдастырылған «Астана – бас қалам!» атты сурет байқауына шәкірттерін қатыстырып, белсенділік танытқаны үшін марапатталды. Тәрбиеленуші – Есенберген Ақырыс Республикалық әскери-патриоттық «Қазақстан патриоты» журналының Астана күніне орай ұйымдастырылған «Астана – бас қалам!» атты сурет байқауына қатысып 3-орынды иеленді. «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне» арналған «Жауқазын» балалар шығармашылығы өнер фестивалінің аудандық кезеңінде «Би ырғағы» номинациясында белсенділік танытқаны үшін балабақша тәрбиеленушілерінен құралған «Ерке» бишілер тобы Қарақия аудандық білім бөлімінің дипломымен марапатталды. Республикалық білімқұмар балаларға арналған «Үркер» зияткерлік марафонының жүлдегерлері атанған тәрбиеленушілер – Дүйсенбайқызы Айару, Алтыбай Ырыс, Жұмағали Айзере, Дюсембай Жасмин, Алым Қарақат. Білімқұмар балаларға арналған Республикалық «Үркер» зияткерлік марафонына жүлдегерлер мен жеңімпаздарды дайындауда, ойы ұшқыр, сөзі шебер шәкірт тәрбиелеуде жеткен жетістігі үшін, бала қиялына қанат бітіріп, ой-өрісін кеңейтудегі еңбегі үшін балабақша тәрбиешілері – М.Садық, У.Тауманова, Х.Утебаева, Қ.Бекова, Ж.Мұратқызы марапатталды. Орыс тілі пәні мұғалімі Изенова Нурзиля Амантурлыевна «Сабақтан тыс» жалпы қазақстандық тәрбиелік идеялар фестивалінде «Президент наш первый Нурсултан» тақырыбында жеңіске жеткені үшін марапатталды.
Мұхтар Шаханов айтқандай: «Бала жүрегі – кішкентай күйсандық. Ол сандықтың кілтін тапсаң ғана аша аласың. Тәрбиешінің қолында әр кезде сол кілт жүруі керек». Міне, біздің тәрбиешілеріміздің қолында осы кілт әрдайым өздерімен бірге жүреді.
Тулегожаева Жадыра Муратбаевна
«Айназ» балабақшасының директоры
Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы,
Жетібай ауылы