Бала тәрбиесі ─ қоғам дамуының қандай сатысы болмасын мәнін жоймайтын, әрдайым ізденіс пен жауапкершілікті қажет ететін мәселе. Жыл басындағы халыққа кезекті Жолдауында Елбасы төртінші басым бағыт ретінде адами капиталдың сапасын арттыруға мән берді. Ал жас буынның тәрбиесін дұрыс жолға қоймай, сапалы білім беру мүмкін емес. Бұл орайда, Орал қалалық білім беру бөлімі бала тәрбиесін жан-жақты жүргізу мақсатымен қаладағы бірнеше мекеме-ұйымдармен ынтымақтастықта жұмыс жасайды.
– Жеке тұлғаны отбасының немесе мектептің қатысынсыз тәрбиелеу мүмкін емес. Сондықтан тәрбиелеу мен оқыту үдерісіне келгенде, бірінші кезекте, ата-ана мен ұстаздың бірлігі маңызды. Сонда ғана толыққанды дамыған, ұлтжанды, білімді, шығармашыл әлеуметтік сауатты тұлғаны қалыптастырамыз. Соңғы жылдары қала мектептерінде құрылған әжелер, аналар, өткен жылдан жұмысын бастаған әкелер клубтарының жұмысы нәтижелі. Мобильді топтар жасақталып, белсенді жұмыс жасауда. Білім беру бөлімі олардың ата-ана қамқорынсыз қалған және қорғаншылық, патронаттық тәрбиедегі балаларға қолдау көрсетуі мақсатында жұмыс ережесін бекітті. Мобильді топ құрамында ұстаздардан бөлек қорғаншылық органының, ҮЕҰ-ның өкілдері бар. Қалада 282 бала қорғаншылық және қамқоршылық тәрбиеге берілсе, олардың 151-і ғана тұл жетім, 56 бала патронаттық тәрбиеге алынып отыр. Олардың 24-і жетім. Жасақталған мобильді топтар әлеуметтік жетімдіктің алдын алуда жұмыстар жүргізіп, өмірдің қиын жағдайында қалған балаларға көмек көрсетіп келеді, — дейді қалалық білім беру бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратова.
Биылғы жылдан бастап білім беру бөлімі облыстық, қалалық прокуратура органдарымен бірге «Нөлдік төзбеушілік» жобасын қолға алды. Жоба қалалық №2, 13, 32, 33 мектептер орналасқан «Жөндеу зауыты» ауданын қамтиды. Сондай-ақ, журналистермен бірге «Балалардың жол қауіпсіздігі» жобасы бойынша жұмыстар басталуда. Ата-аналар мен балалардың жол қауіпсіздігіне қатысты сауатсыздығын жою мақсатындағы жоба жуырда көпшілікке таныстырылды.
Мектептегі тәрбие жұмыстарының басым бағыты сынып жетекшісіне тікелей байланысты. Бұл орайда, білім беру бөлімінің Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебімен жасаған меморандумы аясында сынып жетекшісі мен кураторлық жұмыстары бойынша ынтымақтастық жолға қойылған. Қазіргі уақытта НЗМ мен шетелдік мектептердің тәжірибесі негізінде қаладағы бес мектепте сынып жетекшінің орнына кураторлар жұмыс жасай бастады. Білім беру бөлімі басшысының сөзінше, алдағы уақытта кураторлық мектептің штаттық кестесінде қажетті буыны болмақ.
Көпшілікті баланың сабақтан тыс уақытын қалай өткізетіні мазалайтыны мәлім. Өзімен-өзі қалған жеткіншек ұзақ уақыт компьютерде немесе смартфонда отырып, интернет-ресурстарды ақтаруы немесе мектепке де, үйге де келмей, басқа орындарда жүруі мүмкін. Бұл уақытта ата-ана да, мектеп те баланың тәртібін қадағалай алмайды. Әсіресе, бұл тәртібі қиын ұл-қыздарға қатысты. Алты жыл бұрын қалалық білім беру бөлімінің бастамасымен девиантты мінез-құлықты балалар үшін «Қайсар» жазғы ерлік лагерінің ұйымдастырылуы аталған мәселені аз да болса, шешуге мүмкіндік берді. Балаларға әскери-патриоттық тәрбие беруде «БҚО Ауған ардагерлері одағы» ҚБ қолдау көрсетіп келеді. Алғашқы жылдары ерлік лагеріне тәрбиесі қиын саналатын 91 ұл тартылса, кейін басқаларының қызығушылығы артып, әскери тәртіптегі лагерьге өз еркімен қатысушылар саны 230-250 оқушыға жеткен.
Мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдер тәрбиесінің жөні бөлек. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға соңғы бес жылда қалалық білім беру бөлімі инклюзивті білім беру мен тәрбиелеуді ұйымдастыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарды.
– Қала балабақшаларында инклюзивтік кабинеттер қызмет көрсетуде. Мектептердегі коррекциялық сыныптар әр түрлі диагнозы бар оқушыларды оқу үрдісімен қамтып отыр. Биылғы жылы 120 бала үйден оқытылады. Логопед, дефектолог, басқа да мамандар қоғамның ауыр мәселелерінің бірін шешуде өз үлестерін қосуда. Өткен жылы «Атамекен» лагерінде «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігімен бірге балаларды инклюзивтік тәрбиемен, оқытумен қамту мақсатында ауысым аштық. Бұл жұмыс биыл да жалғасады, — дейді Жансұлу Меңешқызы.
Бұдан өзге биыл қаладағы ардагерлер кеңесімен жұмыс күшейтілмек. Сондай-ақ, қалалық білім беру бөлімі жанынан қоғамдық кеңес құру жоспарлануда.
Елмұра Асхатқызы
Орал қаласы