Home » Жаңалықтар » Ұрпақ тәрбиесіндегі  бабалар мұрасын ролі

Ұрпақ тәрбиесіндегі  бабалар мұрасын ролі

Қай кезеңде  болмасын  әр  ұлттың алдында   тұратын ұлы міндеттердің бірі және ең бастысы  өзінің ісін,  өмірін жалғастыратын  салауатты  саналы  ұрпақ  тәрбиелеу. Қоғамдағы   аға  буын  болашақ елдің иелерін  жан-жақты жетілген, ақыл  парасаты  мол, мәдени, ғылыми  өрісі  озық етіп тәрбиелеуге міндетті.

Ал  жастарды жан-жақты қабілетті  азамат  етіп өсіруде  халықтық салт-дәстүрлердің  тәлім-тәрбиелік  маңызы зор. Қазақ  халқы-рухани зор байлықтың мұрагері. Ежелгі ата-бабаларымыздың күмбірлеген   күміс  күйі, сыбызғы  сырнайының  үні,  асқақтата салған әсем әні, батырлар жырлары,   мақал-мәтел,  шешендік  сөз, айтыс өлеңдерінің  сан ғасыр бойы  өз ұрпағын  сегіз  қырлы, бір сырлы,  өнегелі де өнерлі,  адамгершілік  ар-ожданы  жоғары,  намысқой  азамат  етіп  тәрбиелеп келеді.

Еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеуде,  олардың  бойына  ізеттілік,  қайырымдылық, кішіпейілділік, мейірімділік,  әдептілік, елін, жерін, Отанын  сүюшілік секілді  ең  асыл қасиеттерді  қаны мен  жанына  сіңіруде  ата-бабамыздың   салт-дәстүрлерін ұстансақ өте  мәнді болар еді.

Бүгінгі  таңда ғасырлар қойнауында қалыптасқан ұлттық тәрбиені, озық өнегелі дәстүрді, адамгершілігі бар асыл қасиеттерді  жастар бойына қалыптастыруда, оны ұтымды  пайдалану аса маңызды міндеттердің біріне айналып отырғаны даусыз.   Сондықтан ұлттық  мәдениеттің, әдебиеттің, тілдің,  халықтық  тәлім-тәрбие  тарихы мен болашағы  да  мектептегі жас  ұрпақ тәрбиесіне  байланысты.

Адам  ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, өз отбасында ер жетіп, ата-анасы мен жанұяның  тәрбиесін алады.  Отбасы бала үшін өмір мектебі. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі. Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Өйткені ата-ананың балаға берген тәлім- тәрбиесін ешкім бере алмайды.

Ата -ана  баланың өмірлік  ұстазы  және  тәрбиешісі. Балалардың  болашағы  олардың   өмірден  татар  несібесі  мен  еншісінің  үлес  салмағы  ата-ананың  сіңірген  еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне байланысты  болады. Сондықтан  ата-ана   өзінің  баласын  еңбекқор, елінің  қамқоршы  азаматы  етіп  тәрбиелеуге міндетті.  Үздіксіз білім беру жүйесінің  алғашқы сатысы  балабақшадан  басталып, белгілі  бір  бағдарлама  негізіне сүйене  отырып,  мектеп  жасына дейінгі  балаларға  оқыту  мен  тәрбиелеу мәселесін  жоспарлап, отбасына  педагогикалық  көмек  беруді мақсат етті. Ата-ананың  педагогикалық  білімінің  неғұрлым жоғары болуын олардың  қоғам  алдындағы  өз  балаларының  тәлім-тәрбиесі  үшін  жауапкершілігін  арттырады.

Қазіргі кезеңдегі ащы да болса шындық  адамгершілік  құндылықтардың  құлдырауы, білімге, адал еңбекке деген  ынтасының  азаюы, отбасын құруға жауапкершілікпен  белсенді  қарамауы, зорлық-зомбылық  пен  қатыгездіктің бел  алуы  т.б мәселелері  жастар  тәрбиесіне  жаңаша  қарауды  талап етіп отыр. Сонымен қатар қазақ  халқының ғасырлардан бері келе  жатқан мәдениетін және білім, тәлім-тәрбие беру  жүйесінің  негіздерімен жан-жақты  танысу бүгінгі  күннің  басты бағдары, талабы  десек те болады.

Қазақ халқының  тарихы дәстүрге  өте бай. Отбасы  үшін ежелден  тән  қасиеті  балажандылық,  балаларды  еңбексүйгіштікке  тәрбиелеу,  үлкенді  құрметтеу,  туысқандық  байланыс, көршілермен   және  ұлты басқа   халықтармен достық, ізгілік  қатынастар-осының  бәрі  қазақ  халқының  тұрмыс қалпына  байланысты болған. Қазақ  қыз-келіншектері мен ер-азаматтарының  бойында  өзге  халық өкілдерінің  бойынан  көрінетін  даралық  қазақы  болмысының  жарқырай  көрініп,  жүрекке  жылы  әсер  еткен.  Әсемдік  пен  әдептілік  үйлесімділік  тапқан. Мәселен, ата-ана  құқықтары  қыз беріп,  қыз алу,  құда  түсіп  құдалы  болу қазақ некелерінің  ерекшеліктері  қалың  мал    мәселесі  бата бұзу,  ажырасу, бала   асырау, әмеңгерлік   мирас  пен  мұра  ежелгі отбасы  дәстүрлерімен  соған қатысты   қағида ерекшеліктері  жайында  мағлұматтардан  қазақ  халқының  отбасына   ерекше мән  бергенін   шаңырақ  шайқалып  босаға босамауына  назар  салғанын  көреміз.

Соңғы  кезде  қазақ  халқының  табиғатына  тән  ана  сүтімен  сүйекке сіңген ізгі әдет ғұрыптардан тыс қалып  бара  жатқандаймыз.  Өз  ұлтының  өткені мен болашағына  бей-жай  қарайтын  тәрбиеден  тысқары  қалған  жастар  аз емес. Ата-ананы  сыйлау,  үлкенге  құрмет  көрсету,   кішіге  ізет білдіру  әдеп   сақтаудан  хабарсыз  кей  жастардың  қылығы  әркімнің-ақ  намысына тиері сөзсіз.  Халық  өнерін  игеру  жастарды  еңбексүйгіштікке, әсемдікке  бағыттап халқының  тарихын біліп, мәдени мұрасын  қадірлеп,  жақсы әдет ғұрыптарын жалғастыруға баулиды. Ұлттық  тәжірибеміз отбасынан  басталып  кейінде   жалғасын  тауып жатса,  қазіргідей   қазақ  халқының  қанында  жоқ ата-баба тәрбиесіне  жат  өзін  жарық дүниеге  әкелген анасын,  әлпештеп  өсірген асқар  тауы әкесін қарттар  үйіне  өткізіп,  нашақорлық пен  маскүнемдікке  салынғанып     шаңырақтары  ортаға  түспес  еді.

«Алтын  кездік  қап түбінде жатпайды»-дейді  халық  даналығы.  Бұл  ой  мен  сөздің   түпкі сырына ден  қойсақ, шын  асыл  қымбат   қазына   қилы  кезең,  шытырман  уақытта  да  сыны мен  сипатын  өзгертпейді.  Бала   жүрегін   жолды сөзбен де, айла  тәсілмен  де  балаға  деген  жүрек  сезімін  махаббатпен  де  табуға  болады. Жылы-жылы  сөйлесең  жібімейтін  жүрек жоқ  тек  соған  апаратын  жолды  таба білуіміз  керек.  Сондықтан  ата-ана баламен жылы жүрекпен сөйлесе білу керек деп ойлаймын.

«Дәстүрге арқа  сүйемегеннің  көсегесі көгермейді»  деген  атамыз. Яғни   отбасы  ауыл-аймақ, көпшілік, қоғам  болып  тәрбиелеу  қазақ  халқының  өмірінен  өзекті  орын алған. Салт-санасы, әдет-ғұрпы, ойын-тойы осы мақсатты іске асыруға бейімделе  жүргізілген.

Қазақ табиғатында отбасы  иелері  балаларының  алдында  өздерінің   тіршілік әрекетінде   барлық  адамгершілік  қасиеттерін   үлгісін  көрсете  білген.  Оның  басты себебі «ұлдың  ұяты  әкеде, қыздың  ұяты  шешеде» деп  бағалағандықтан. Сондықтан  ата-ана  балаларын   тұрмыс пен салтқа  бейімдеп,  шешеден  көріп  тон  пішуге, әкеден көріп  оқ  жонуға баулитын болған.  Осылайша  ұрпақтың  отбасы   тәрбиесі  ешқашан  күн тәртібінен   түскен емес. Бұрынғы қазақ  жастары  тәрбиені  мектеп  пен  медреседе  оқып білмесе  де  қызы  анадан, ұлы  әкеден үлгі -өнеге  алған.

Болашақ   жастарға  тәлім-тәрбие  беруде Отанымыз  отбасы  мен  мектепке  үлкен міндет  артады. Отбасы  болашақ  азаматтың   жеке басын  аяғынан  тұрғызып, егеменді  еліміздің болашағын, негізін  жасайтын  іргетас. Болашақ   азаматтың   отбасында  алған  тәрбиесі,  мінезі, жақсы  мен  жаманды  ажырата  білуі, үлкендерден  алған  өнегесі   уақыт өткен сайын берік  қалыпқа  түсіп,  оның  өмірінен  үлкен  орын алады.  Жас  ұрпақтың   өнегелі  тәрбие,  білім  алуына  оны  жалғастырушы-мектеп.  Мектеп-қоғамдық  ұйымдар  мен отбасы  тәрбиесін  ұштастыратын  негізгі ұйытқы, орталық.

Әр отбасында түрлі  қарым–қатынастың  орнығуынан  баланың  жеке  тұлғалық  қасиеті  қалыптасады. Отбасында   түрлі  қарым-қатынас  қалыптары  көрініс  береді.  Кейбір отбасында бедел  орын  алуынан, мынадай  ерекшелік қалыптасады, ол  біреудің  басқаларға  басымдылық  танытуы,  бұйыруы  баланың  тұлғалық  қасиеттерінің  дамуына  жағымсыз  ықпал  етеді. Қазіргі  кезде  заман ағымына  қарай  отбасында  еркіндік  қарым-қатынасқа  ұмтылушылық   бар, яғни әр  отбасы  мүшесі  тең  құқықты  қарым-қатынасты орнатуды  көздейді.  Отбасында  орныққан  қарым -қатынас  арқылы  баланың  тұлғалық  қасиеттері  қаланады. Бала  әрқашан  да  ата-анадан  жүрек  жылуын, мейірімділікті  қажет етеді. Ол   ата-ананы   өмірдің тірегі  санайды.  Бала  үшін ата-ана  игілік  жасаушы,  айтушы болып  табылады. Қазақ  отбасы ата-ана,  әке-шеше, балалар атты үш  құрамнан  тұрған. Ата-ана  мен  әке-шешенің  қарым-қатынасы  жас баланың адамгершілік жағынан  толысып  жетілуіне  үлкен үлес  қосады  және  ізгілікті  іске баулиды.

Мектеп-ата-аналарының  тәрбие  істеріне  бағдар-бағыт  беріп,  оларды  жан-жақты  тәрбиелеуге  жұмылдырады.  Балаға  негізінен үш ортадан  тәрбие жұғады,  үш орта  бала  тәрбиесіне   әсер ететін негізгі   фактор. Біріншісі-ата-ана, екіншісі-ұстаз, мектеп, үшіншісі-дос құрбысы.  Балаға  тәрбие  беру кілті  ата-ананың   қолында. Ұлы  педагог  А.С. Макаренко: «Баланы    жас  кезінде, әсіресе бес  жасқа  дейін  тәрбиелей  білу  керек».  Оның келешекте  қандай  адам болуы, ең  алдымен  бес  жасқа  дейін  дұрыс  тәрбие  бере  алмасаңыз, кейін оны  қайта  тәрбиелеуге  тура келеді. Ал  қайта тәрбиелеу-өте  қиын іс,-дейді  де  қайта:«Баланы  дұрыс  тәрбиелесек, қартайғанда  өміріміз  бақытты болмақ, жаман   тәрбиелесек  зор  қайғыға  ұшырап,  үлкен  бақытсыздыққа  тап  болғанымыз.  Жаман  тәрбиеленген бала-басқа  адамдар   алдында,  бүкіл  еліміз  алдында жасаған  үлкен  кінәміз»  деп  атап  көрсеткен.  Ата-ана  баланы қалай  тәрбиелесе  бала  соған  қарай  бейімделеді. Әрбір  ата-ана  мұғаліммен  тығыз  байланыста  болғаны  жөн,  онсыз  бала  тәрбиесінде  жақсы  нәтижеге жету  мүмкін  емес. Ата-ана  мен  мұғалім бірлесіп   жұмыс  жасағанда  ғана   бала  бойына  ізгі  қасиеттерді   толығынан  сіңіруге  болады.  Жасыратыны   жоқ  кейбір ата-аналар бала тәрбиесіне  салғырт қарап, өз баласының  мінезін, баланың ішкі  дүниесіне, дүниетанымымен  бірге  баланы  не қызықтыратыны    немен    шұғылданғысы  келетіні туралы  біле  бермейді,  сондықтанда   кейбір ата-аналар мұғаліммен кеңесіп, баласының   жағдайын жиі  біліп тұруымен   бірге мектепке жиі  келуі  керек.

Баланың   ақыл-ой, адамгершілік-әдеп тәрбиесімен  қоса, жас шамасына лайықты  еңбек  тәрбиесі, спорт түрлерімен  шұғылдануын ата-ана  қадағалауы керек  Балалардың  жан  сұлулығымен  қатар  тән  сұлулығына да  мән берген жөн  Тапсырылған жұмысты   дұрыс  орындамаса  жекіп ұрса  берудің  орнына,  жұмыстың  қалай  жасалатындығын  көрсетіп,  үйретумен  бірге  баланың  шамасына, икеміне  қарап  содан  кейін оның  дұрыс  орындалуын талап ету  керек.  Мектепте ата-аналар  жиналысына  бірді-екілі ер  адам  қатыспаса,  одан  көп  ер адам  қатыспайтыны белгілі  болса да  қынжылтарлық  жәйт.  Соңғы кезде  бала тәрбиесімен айналысатын  ата-аналардың   жылдан-жылға   азаюы,  ата-аналардың  өз  міндеттерін білмеуі,  білсе де мойындамауы  жиілеп  кеткені  соншалық, көптеген   ата-аналар баласына  қарамайды,  жұмысым көп  деген  желеумен, мектептің  қайда екенін  білмейтін  ата-аналар кездесетіні  өмірдегі  ащы шындық.

Даналық  сөздермен  оза білген қазақ   халқымызда  «Балаңды  өз тәрбиеңмен  тәрбиелеме, өз  ұлтыңның тәрбиесімен  тәрбиеле»  деген   сөз  бар. Тоқсан  ауыз  сөздің  тобықтай  түйініне келсек, біз  халықтың нақыл  сөзінен сусындаған,  аталар сөзімен өсіп-өнген, даналар  өсиетінен тәрбие алған, ұлылар тәрбиесінен  тағзым   еткен дана халықтың  ұрпағымыз.

Қорыта  айтқанда  бүгінгі  күнде  жастарды   әдепті   де саналы  етіп  тәрбиелеу  үшін  ең алдымен  тәрбие ережелеріне сүйене  отырып,  ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды,  дінімізді,  ата-бабаларымыздан  қалған  насихат   мұраларын  жастардың   санасына   сіңіре білу басты  міндетіміз  болуы  қажет. Жас   ұрпақты  Отанын,  туған  жерін сүйіп, оны  қорғай  білуге үйрету, оқушы  бойында  патриоттық  сезім   мен  адамгершілік сананы қалыптастыру-егеменді  мемлекетіміздің  әр  отбасы   мен  азаматтарының  міндеті. Елдің  ертеңгі  ұрпағы,  киелі  жердің иесі-жастар тәрбиесі біз  бен сіздің   басты мақсатымыз. Тәрбиенің көзі-ата бабамыздан  қалған  дана  сөздер  десек, біз сол насихаттың жүргізушісіміз. Бұған  қоғам  алдындағы  үлкен міндет  ретінде  қараған жөн.

Қаленова Гульзахира Сапарғалиқызы

«Өрлеу»БАҰО»АҚ филиалы
Атырау облысы бойынша ПҚБАИ,
қоғаммен байланыс және баспа   бөлімінің бастығы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.