«Елiмiздiң ертеңі-бүгiнгi жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында» – деп елбасымыз Н.Ә. Назарбаев айтқандай бiлiмдi, жан-жақты қабілетті ұрпақты тәрбиелеуде ұстаздар еңбегі зор.
Ал, қазақ халқының ұлттық тәжірибелері мен тағылымдарының мол қазынасы – халықтық педагогика. Бүгiнгi қазақ мектептерінің алдында тұрған басты мiндет – окушының ұлттық сана-сезiмiн оятып, тәрбиелеп қана қоймай, оның бойына халықтық педагогиканы, ғасырлар бойы қалыптасқан тiл, дiн, тәрбие, ұлттық салт-дәстүр, үлгi-өнегенi сiңiрту, яғни тәрбие беру мен оқыту әдістемелерінің түрлерi көп. Ұлттық тәлім тәрбиенің іргетасын дұрыс қалай бiлу мұғалiмдердiң, ата-аналармен қосылып жүргiзген шараларына байланысты, өйткенi, бiрiншi ұлттық тәрбиені ошағы –
отбасында, екiншiден, мектепте болғандықтан, ата-ана мен мектеп болып бiрiгiп жұмыс атқару – біздің басты мiндетiмiз.
Халқымыздың тiлiн, тарихын, ұлттық дәстүрін, ата салтын ұмыта бастаған бүгiнгi ұрпақты тәрбиелеуге ат салысу жалпы ұлтымыздың мiндетi. Халқымыздың асыл қазынасын тиiмдi пайдалану, оның салт-дәстүрі мен мәдениетіне құрметпен қарауға үйретуi сөзсiз.
Жас ұрпаққа сапалы біліммен бірге саналы тәрбие беру қай кезде де өзектілігін жоғалтқан емес. Рухани тәрбиемен нұрланбаған адам өзінің алған білімін қара басының пайдасына жұмсап, өз мүддесі үшін адамзатқа апат әкелуі мүмкін. Оның мысалы тарихта аз емес. Тек сол арқылы ғана халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған бай рухани мұрасымен жастардың бойына адамгершілік ізгі қасиеттерді қалыптастырып, сіңіртіп, өзінің Отанына адал азамат етіп тәрбиелеу ата-ана мен ұстаздар қауымына жүктеледі.
Ұлттың сана-сезімімен ана тілін білу де, жері елінің тарихына зер салу, төл мәдениетін игеру де туындайды. Ана тілін білмейтін адам өзінің де, ел-жұртының да қадір-қасиетін жетік біліп, бағалай алмайды. Жалпы, патриоттық сезімнің қалыптасуы отбасынан бастау алады.Патриоттық тәрбие, ұлттық намыс, ұлттық сана-сезім рухани байлықтан көрініс табады. Олай болса, рухани байлыққа, ең алдымен, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді жатқызсақ, тіл – қазақ болуымыз үшін, дін – адам болуымыз үшін, салт-дәстүр – ұлт болуымыз үшін қажет.Ұлттық тәрбие қазір елімізде орын алып отырған көптеген мәселелерді: ана тілін, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмейтін жастар, тастанды жетім балалар, «қиын» балалар, қарттар үйлеріндегі әжелер мен аталар, нашақорлыққа салынған жастар, тағы басқаларды бірте-бірте жоюдың және олардың алдын алып, болдырмаудың негізгі жолы. Ұлттық тәрбие алған ұрпақ дені сау, білімді, ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл болып өседі.
Ұлттық тәрбие – біздің ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін асыл қазынамыз. Ал мұндай мәселелерді зерттеп, көпшіліктің ой-пікірлерін қауым елге жеткізетін негізгі құрал – бұқаралық ақпарат құралдары екені даусыз.
Біздің ұлттық өнеріміздің, мәдениетіміз бен дәстүрлеріміздің алдыңғы қатарлы үлгілерін, тіліміздің орасан зор байлығын жас жеткіншектердің жан дүниесіне сіңіріп, сол арқылы әлемдік рухани өркениеттің өріне шығып, нәр алу – бүгінгі күн талаптарының маңыздысы. Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұрпағына азық болған ақыл-кеңес, өсиеттері, асыл мұрасы ұлттых рух, ұлттық мақтаныш, ұлттық намыс, ана тілі мен ұлттық мәдениетін қалыптастыру сезімін ояту – баршамыздың парызымыз. Сонда ғана ұлттық сана-сезімі толыққанды жетілген, туған тілін еркін білетін, ұлттық сипаты мен ұлттық рухын жоғалтпаған ұрпақ тәрбиелей аламыз.Адамзат баласының алға қарай сатылай өркениет өріне жетуі әр адамның дұрыс ой түйіп, өнеге ге жол сілтеуі,рухани күшін нығайтуға, аға буын өкілдеріне ізет көрсету отансүйгіштік тәрбиенің бастамасы болып табылады.
Бүгінгі күннің, қазіргі жаһандану дәуірінің, басты талабы – өркениетті қоғамға ілесе алатын ұрпақ тәрбиелеу. Әлем елдерімен қабырғасын теңестіруді меже етіп отырған елдің білімді жастары тәуелсіздікті нығайтады, ұлттық тәрбиемен сусындаған ұрпақ болашақты гүлдендіреді деген сенім мақсатымызға айналып отырғандай. Ал, оған қол жеткізудің алғы шарттарының бірі – ұлттық тәрбиеге арқа сүйеу. Ұлттық рух – халықтың өзін-өзі тануымен айқындалатын, өскелең арман-мұраттарымен сипатталады. Қай халықтың болмасын табиғатына тән, өзгеде қайталанбайтын қасиеттері, мінезі, діні, тілі болуы ұлттық рухпен тікелей байланысты. Оны асқақтататын – ұлттық тәлім-тәрбие. Оның негізі ана тілінде. Қазақ тілі халқымыздың ұлттық болмысын, әдет-ғұрпы мен салтын, дәстүрін, ұлттық жадын қалыптастырушы негізгі құрал ретінде ұлттың тілі мен діні, біліктілігін болашаққа жалғайды. Ал, осы асыл қазыналар билердің ұлағатты сөздерінен бастау алатынын көп жан түсіне бермейді. Ескіліктің көлеңкесіне айналып бара жатқан осындай ойлы сөздерді неге қайта жаңғыртып, ұрпақ санасынан ойып орын алатындай дәрежеге көтермеске деген көкейдегі сауалдың орын алатыны да шындық. Баланың тәрбиесіне ықпал ететін негізгі төрт нәрсе бар: отбасы мен өскен ортасы, балабақша, мектебі мен достары.
Ұлттық тәрбиені бойына дарытуда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мына бір ұлағатты сөзі бағдаршам болмақ: «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намыс болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып, көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа».
Г.Айтпенбетова
И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда
аграрлық техникалық жоғарғы колледжінің
1-ші санат оқытушысы