«Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмайтын талап сыйлайды» демекші, ұстаз – қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Қазіргі ғылым мен техниканың қарқынды дамып келе жатқан заманында өмір сүруге икемді, қоғам пайдасына қарай өзін-өзі толық бейімдей алатын, білімді, шығармашыл, құзыретті және бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру – мұғалімнің міндеті. Бұл міндетті кәсіби білімі жетік, бәсекеге қабілетті ұстаздар ғана атқара алады. Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі оның білімінің жан-жақтылығы, ұстаздық шеберлігі, оқытудың жаңа әдістерін, инновациялық технологияны меңгеруімен өлшенеді. Мұғалім қаншалықты білімді, шығармашыл болса, оның құзыреттілік қабілеті де кең болмақ. «Құзырлылық – тек кәсіби білімі емес, тұлғаның жалпы мәдениеті мен шығармашылық әлеуетін дамыту қабілеті», — деп түйіндейді белгілі оқымысты Т.Г. Браже. Сондықтан бүгінгі ұстаз тек кәсіби білімін толықтырып қана қоймай, үнемі шығармашылықпен жұмыс жасауы қажет. Шығармашылықпен айналыспай, шебер педагог болу мүмкін емес. Ол – мұғалім ізденісінің нәтижесі, оның ақыл-ойының көрінісі.
ХХІ ғасыр — қатаң бәсеке ғасыры. Демек, әлемдік бәсекелестіктің жылдам дамуына ілесе алатындай білімді де тапқыр дара тұлғаның тағдыры біздің қолымызға аманат ретінде тапсырылып отыр. Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Өйткені қазіргі жас буын — еліміздің келер күнгі келбеті. Бұл жөнінде Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «Адамзат үшін ХХІ ғасыр жаңа технологиялардың ғасыры болмақ, ал осы жаңа технологияларды жүзеге асырып, өмірге енгізу, игеру және жетілдіру — бүгінгі жас ұрпақ, сіздердің еншілеріңіз… Ал жас ұрпақтың тағдыры — ұстаздардың қолында», — деген болатын. Еліміздің болашағына білімді, ойлы, өнерлі азаматтарды дайындау үшін білім беруде тиімді, әрі қолайлы әдіс-тәсілдерді пайдаланып, сабақты түрлендіріп отыру, шығармашылық қабілетті арттыру, эстетикалық тәрбие беру тікелей мұғалімге жүктелген міндет деп білемін. Сондықтан оқушылардың ғылыми зерттеуге қызығушылығын қалыптастыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту, ғылыми ізденудің әдістерін үйрету, білім беріп қана қоймай, қандай да бір қиындықтарды шеше білу жолдарын үйрету де — жаңашыл мұғалімнің негізгі міндеті.
«Жаңа формация педагогі — рухани дамыған әрі әлеуметтік тұрғыдан есейген, педагогикалық құралдардың барлық түрлерін шебер меңгерген білікті маман, өзін-өзі әрдайым жетілдіруге ұмтылатын шығармашыл тұлға. Ол жоғары білімді шығармашыл тұлғаны қалыптастырып, дамыту үшін жауапты», — деген Н.Ә. Назарбаевтың сөзі мұғалімдерден жоғары кәсіби біліктілікті талап етеді. Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше, сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына әсерін тигізеді. Әрі өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі. Яғни, жаңа технологияларды меңгеру жаңашыл мұғалімді қалыптастыруға қойылатын негізгі талап болып отыр. «Мұғалім — өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанымен оның мұғалімдігі де жойылады», — деген К.Д. Ушинскийдің сөзі мұғалімдерге жаңашыл да шығармашыл, кәсіби білікті, рухани бай болуды ескертіп отырғандай. Осындай қиын да қызықты еңбек жолында ұстаздарымыздың өздерінің үздіксіз ізденуінің арқасында талай биік-биік асуларды шығармашылықпен бағындыра алатынына сеніміміз мол.
Бореева Шолпан Каржауовна,
№25 Т.Рысқұлов атындағы мектеп-гимназияның
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі