Home » Балабақша » Ұрпақ саулығы — ұлт байлығы

Ұрпақ саулығы — ұлт байлығы

Денсаулық – баға жетпейтін жалғыз ғана асыл дүние. Әр адам баласы өз денсаулығына көңіл бөле қарауы қажет. Әсіресе, балабақшадағы бүлдіршіндеріміздің денсаулығына алаңдайтын ата-аналар балаларын қыстағы түрлі жұқпалы аурулардан қорғап әлекке түседі. Өткен жұма күні қаладағы №7 «Аққу» балабақшасында «Балабақшада салауатты өмір салтын қалыптастыру» тақырыбында семинар өтті. Осыдан 35 жыл бұрын «Дельфин» атауымен ашылған бүлдіршіндер ордасы бүгінде «Аққу» деп аталып, 390 бүлдіршінге тәлім-тәрбие беруде.
Кең әрі заман талабына сай жабдықталған балабақша ғимараты көрер көзге тартымды көрнекіліктермен әсемделіп, ата-ана, балабақша, бүлдіршіндер арасында тығыз байланыс жұмыстары бірден назарға ілінеді.
Ғимарат бөлмелері бүлдіршіндердің денсаулығына қажетті құрал-жабдықтармен толықтырылған. Арнайы дәрігер, мейірбикелер жұмыс жасайтын балабақшада бассейн, тұзды шахта, физиокабинет, массаж бөлмелері, ыстық монша, оған қоса саусақ, тыныс алу, валеологиялық ойындар, психогимнастикалық, дәстүрден тыс құрал-жабдықтар мен жаттығулар жасайтын спорт залдар талапқа сай жабдықталған.
Денсаулық сақтау технологиясын, салауатты өмір салтын қалыптастыруда қолдануды үш кезең бойынша жүзеге асырып жатқан балабақша ұжымы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының кластер бағыты бойынша педагогтармен іс-тәжірибе алмасуды мақсат еткен семинарды дәл осы салауатты өмір салтын қалыптастыруға арнаған.
Аталмыш тақырыпта жетекші ретінде таңдалған «Аққу» балабақшасында жоспарлы түрде өткізілген шараға мемлекеттік, жеке меншік балабақша меңгерушілері, әдіскерлер қатысты.
Алғашқы сөз кезегін алған балалабақша меңгерушісі Айман Жұматаева семинардың өту барысы жайлы қысқаша тоқталып өтті. Астана қаласы Білім басқармасы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің басшысы Л.Разбекова бұл салада әбден төселген маман саналатын Айман Дахарқызы басқаратын ұжымының жұмысына өзге балабақшалар үлгі аларлықтай деп баға берді. Осы салада ұзақ жыл қызмет еткен білікті маман, іскер басшы саналатын балабақша меңгерушісінің жұмыс жасаудағы ұтымды тұсы педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Фатима Ниязбекқызы Жұмабекова мен бірлесе жұмыс жасаған.
Семинар қатысушыларына «Денсаулық сақтау технологиясының маңызы» жайлы ҚР білім беру ісінің үздігі Фатима Ниязбекқызы баяндама оқыды. Денсаулықты сақтау механизмінің алты аспектісі мен денсаулық сақтау технологиясы бойынша ата-аналармен жұмыс түрлері, бағыттар жайлы да толық ақпарат айтылды.
Психолог А.Тұрсынбекова қатысушыларды сергітер ұйымдастыру жаттығуларын, қауіпсіздік мінез-құлық негіздері жайлы оқытушы Р.Матковская «Өз денсаулығыма өзім жауаптымын…» тақырыбында тренинг өткізді. Балабақшадағы медициналық қызмет жайлы кеңінен түсіндірген дәрігер Ж.Абдраймова бала денсаулығы үшін жасалатын күнделікті жаттығулар алдында әр баланың дене температурасы қадағаланып, аурушаң балаларға жүргізілген ем-шараның нәтижесі анықталып отыратындығын жеткізді. Түрлі емдік шөптерден дайындалатын сусындар бұл балабақшаның кішкентай келушілері сүйіп ішетін сусынға айналғаны қуанарлық іс. Үйде дәмін татудан бас тартатын бүлдіршіндердің жаттығудан, массаж бен ыстық саунадан шыққан соң өз еріктерімен сусындарды ішіп тұрғанын көріп таңдандық. Осы жерде айта кететін тағы жай жыл сайынғы ауру себебінен балабақшаға келе алмайтын бүлдіршіндердің саны 20 пайызға азайған. Бұл дегеніміз ата-аналар үшін үлкен көмек, бала денсаулығы үшін жасалып жатқан игі бастама.
— Материалдық базасы толық жабдықталған балабақша ұжымының біз қызығарлықтай нәтижелі жұмыс жасауына мекеме меңгерушісімен қоса барлығымызға ұстаз бола білген 30 жылдан астам еңбек өтілі бар қос әдіскер Тынысгүл Мусекина мен Майра Смағұлованың еңбегін ерекше атауға болар еді. Біз үшін бүгінгідей семинарлар жиі өтіп тұрса іс-тәжірибе алмасудың арқасында білмегенімізді үйреніп отырамыз. Оған қоса балабақшаның жинақтаған іс-тәжірибесі арқасында жарық көрген «Балабақшада салауатты өмір салтын қалыптастыруда денсаулық сақтау технологиясын қолдау» әдістемелік құралдары біздің күнделікті қолданатын көмекші құралдарымызға айналды, — дейді №48 балабақша әдіскері Бану Төкенқызы.
Шипалы сусыннан дәм татып, қызықты жаттығулармен көңіл сергітіп, бой жазып, бір-бірімен шынайы достық қарым-қатынаста қимай қоштасқан көпшілік семинардан көкейлерінде жүрген талай сұраққа жауап тапқаны сөзсіз.

Әлия ҒАЛЫМБЕКҚЫЗЫ,
Астана қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.