Home » Жаңалықтар » ҰРПАҚ АМАНАТЫН АРҚАЛАҒАН ЖАС ҰСТАЗДАР ФОРУМЫ

ҰРПАҚ АМАНАТЫН АРҚАЛАҒАН ЖАС ҰСТАЗДАР ФОРУМЫ

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «СҚО бойынша ПҚ БАИ» жедел жұмыс жоспарына  сай «ХХІ ғасырдың қалыптасу дағдылары – заманауи білімнің негізгі тренді» атты жас педагогтар мен педагогикалық әулеттердің өңірлік форумын өткізді.

Бұл форумның басты мақсаты – жас педагогтардың шығармашылық күш-жігерімен облысымыздағы танымал педагогикалық әулеттердің құнды дәстүрін біріктіру екен.

Расында да бұл формуның форматы дәстүрлі форматтан өзгеше болды. Ұйымдастырушылар Қазақстанның соның ішінде теріскейлік жас ұрпаққа саналы білім мен сапалы тәрбие беріп келе жатқан, көненің көзіндей болған ақылшы ұстаздарымыз бен педагог деген мәртебеге енді ғана ие болып жатқан жас ұстаздың бастарын қосты.

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «СҚО бойынша ПҚ БАИ» директоры п.ғ.д., профессор А.Ж.Мурзалинова форумға қатысушыларды құттықтап, өткізіліп жатқан шараға сәттілік тіледі. Өткізіліп отырған форум  жастар саясаты мен  «Қазақстан халықтар ассамблеясының» қолдауымен өткізіліп жатқанын тілге тиек етті. Бұл форумды Солтүстік Қазақстан облысы ғана емес көршілес облыстардағы әріптестері де тікелей эфирде тамашалап, бір-біріне қолдау көрсетіп, тәжірибе алмасып, сұрақтарға жауап берді. Атап айтсақ, көршілес Көкшетау қаласы,  Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Павлодар, Шымкент қалалары тікелей эфирде болды. Бұл да заманауи білім беру жүйесіндегі озық тәжірибенің жетістігі деп білемін.

Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда форум екі кезеңде ұйымдастырылған. Бірінші кезең сырттай. Жас мамандардың өздері қызмет жасайтын білім ошақтарындағы үлгілі-өнегелі сабақтарының озық тәжірибесін видео арқылы жолдап, іріктеуден өткен. Бұл форумға 300-ден  артық жұмыс келіп түсіпті. Тек ең қызықты, тәжірибесі жоғары, білім-білік дағдылары заманауи білім берумен ұштасқан жүзден жүйріктер екінші кезеңге келіп қатысып отыр екен.

Алғашқы сөз кезегін Назарбаев интелектуалдық мектебінен келген жас мамандар Жолдасов Серік Сағатұлы мен химия пәнінің мұғалімі Айгерім өздерінің интелектуль балалармен қалай жұмыс істейтін іс-тәжірибелерімен бөлісіп, «оқу инемен құдық қазғандай» қиын екенін айтты. Ол үшін әрине оқушының талантын ашу үшін ұстаз талантты болу керек дейді. Форумға әр мектептің, әр әулеттің ұрпақ сабақтастығы жиналғаны көрініп тұр. Ата-аналарымыз өздері мұғалім болса бала-шағасының барлығы ұстаз болғанды қалаушы еді ғой. Сондай ата-ананың асыл арманын ұрпақ сабақтастығы ретінде жалғап келе жатқан әулеттер көп екен. Есматовтар әулеті, Есілбаевтар әулеті. Бірнеше кезеңнің сабақтастығын көрсеткен өнегелі ұстаздар әулетінен екен.

Форум өзінің тағы бір ерекшелігімен жастардың жүрегінен жол тапты. Сол жердегі екі буынның бір-бірін биге шақырып билеу тренингінен соң алған әсерлерімен бөлісті. Билеу барысындағы жұптардың бір-біріне батылдық пен өжеттілік сыйлағаны үшін алғыстарын айтты.

Форумның тағы бір ерекше қонағы НИМ химия пәнінің мұғалімі Silvanus Amolo Opot. Бұл кісі әлемдік тәжірибедегі білімнің жоғары деңгейімен бөлісіп, Қазақстанға ризашылығын білдірді. Форумға қатысқан екі әулеттің ұрпағы ұйымдастырушыларға, тәлімгерлеріне рахметтерін айтты.

Көкбасқызы Жазира
«Білім айнасы»
СҚО, Қызылжар қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.