ой-толғау
Мәңгілік Ел болу үшін ертеңгі өскелең ұрпақ ретінде не істеуіміз керек?
Басты мақсат – Қазақстан ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу. Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті. Бұл — 2050 жылға дейін 30 елдің ішіне кіреміз деген бағдарлама. Халықтың әл-ауқатын көтеруге арналған.
Болашақ бағдарын айқындайтын Елбасының «Қазақстан-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы Қазақстан дамуындағы аса маңызды межелерді анықтап берді.
Дана Мұхтар Әуезов «Ел болам десең бесігіңді түзе» — деген қанатты сөз қалдырды. Ұғына білген адамға бұл нақылдың астарында терең мағына жатыр. Мәні «Мәңгілік ел» идеясымен бір арнаға тоғысады. Бесігі түзу елдің ғана ғұмыры мәңгілік. Мұхтар ағаның айтып отырған бесігі – тәлім — тәрбие бесігі. Бұл ретте елдің осы алтын бесігін тербетіп отырған балабақша тәрбиешілері екендігінде сөз жоқ. Ал адам баласының өмірінде бес жасқа дейінгі алған тәрбиесінің барша ғұмырына ғибрат сыйлар іргетас секілді екендігін ескерсек, онда мектепке дейінгі мекемелердегі педагогтарға жүктелер жауапкершілік жоғары болмақ. Өйткені біз тәрбиелеп отырған бүлдіршін халықтың басты мұратына айналған Мәңгілік ел ертеңінің азаматы. Сондықтан да әр тәрбиеші өз міндетін мінсіз атқаруға күш салып, Елбасы Жолдауы да көрсетілген нақты тапсырмаларды ойдағыдай жүзеге асырғаны абзал.
Білім сапасы көтерілмей, еліміз қарқынды дамудың жолына түсе алмайды. Мұны Елбасы бұрынғы жолдауларында да, басқа да сөйлеген сөздерінде айтып жүр.
«Көптілділік оқыту нәтижесі балалардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру тиіс», — дейді Жолдауында Н.Ә. Назарбаев.
Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде негізгі мақсат қоғамға пайдалы, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор бола білетін, жан-жақты шығармашыл, рухани бай жеке тұлғаны қалыптастыру.
Оқу үдерісіндегі тәрбие компонентін күшейту өте маңызды. Патриотизм, адамгершілік пен мораль нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, рухани және физикалық жағынан даму, заңға бағынушылық. Бұл құндылықтар жекеменшік түріне қарамастан, барлық оқу орындарында молая түсуі керек… Бұл біздің өсіп келе жатқан ұрпаққа өмірлік қажеттілік.
Олай дейтін себебіміз, ұлағатты ұстанымдары арқылы жас ұрпақтың жүрегіндегі өмірге, ата-анасына, ең жақын адамдарына, жалпыадамзаттық құндылықтарға құрметпен, сүйіспеншілікпен, махаббатпен, достық секілді ізгілік қасиеттерге тәрбиелеуінен байқауға болады.
Бүгінгі таңда өмірге келіп жатқан жас ұрпақ — ертеңгі Қазақ елінің мәңгілік перзенті. Олардың санасына «Мәңгілік ел» идеясын сіңіріп, мән — маңызын ұғындыру басты ұстанымымыз. Ол үшін балабақшадан басталатын тәлім — тәрбиенің негізін осынау басты ұлттық мұраттың бағытына қарай батыл бетбұрыс жасатуымыз керек. Сонда ғана өсіп келе жатқан жас ұрпақ тәуелсіздік таңымен арайлап атқан азаттықтың қадір — қасиетін жете сезініп, өзін Мәңгілік елдің, Мәңгілік патриоты ретінде таныта алады.
Қазақстан халқының мәңгілік мұратына айналған бұл ұлттық идея бір сәтке де санамыздан өшпеуі керек. Әсіресе ұрпаққа ұлағатты тәрбие беретін педагогтардың басты ұстанымы бола бермек. Егер бүгінгі бүлдіршінді халқымыздың жарқын болашағы мен еліміздің кемел келешегі үшін еселі еңбек ететін, адалдықтың ала жібін аттамайтын атпал азамат ретінде қалыптастырсақ, онда мақсатымыздың толық жүзеге асқаны.
Сөз түйіні, жас ұрпаққа тәрбие мен білім беруде оның жүрегіне жол таба білу, бұл әрбір білім беру мекемесінің мақсаты болса, ал тәрбиеленушінің басты бақыты деп білемін. Сондықтан да рухани-адамгершілік білім беру ұрпақ тәрбиесінде маңызды роль атқарады.
Ойымды ұлы ойшыл Ж.Баласағұнның «Адамдардың жақсы қылықтары мен қасиеттерін жетілдіре білсе, қоғамды да жақсартуға болады» деген дана сөзімен қорытындылағым келеді.
Каримова Мадина Каировна,
Астана қаласы әкімдігі
№50 «Жұлдыз» балабақшасы
мемлекеттік коммуналдық
қазыналық кәсіпорны