Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын оқып шығып, үлкен әсер алдым. Бұл біздер үшін маңызы зор үлкен жаңалық болды. Елбасымыз бұл мақаласында еліміздің тұрғындарын рухани жаңғыру арқылы болашаққа бағдар жасауға, талпынуға бағыт-бағдар сілтейді. Бұны тек мақала ғана емес, мазмұны терең, ауқымы өте кең, ұлт руханиятын ХХІ ғасыр биігіне көтеретін рухани жаңғыру бағдарламасы десек те болады. Елбасымыз көптеген маңызды мәселелерді қозғады. Ішінде санамыздың ашықтығы мен кәсіпке адалдық және де білімге деген ұмтылыс айтылды.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді ұлы Мұхтар Әуезов. Әрбір азамат өз мекені мен өлкесі және оның байлығының иесі болу үшін жаңа технологияларды меңгеріп, жаңашыл өмір сүрудің жолдарын білуге тиіс деп санаймын. Осылайша қоғамның дамуы білімді адамдардың жаңаша қызмет атқаруын қажет ететін болса, болашақ қоғам мүшелеріне білім мен тәрбие беруді жүзеге асыратын мамандар дайындайтын біздің білім беру ұйымдары Елбасы көздеген бағыттарға лайықты болуы қажет. Әуелі, білім беруге қойылып отырған жаңа талаптарды орындауда біршама жұмыстар атқарылып, жастардың үш тілде білім алуына, жаңа және озық технологияларды игере отырып, білім беру жүйесін дамуына үлкен жұмыстар жүргізілуде. Мұндай жоспарды орындауда әр саланың өзіндік бір үлесі болса, оның ішінде ұстаздар қауымының қосатын үлесі зор деп білемін. Мәселен, өрескел ұрпақты даму үстіндегі жаңа қоғам мүшесі етіп білім мен тәрбие беру, оны осы Елбасымыз көрсетіп отырған талаптарға сай етіп орындау үлкен еңбек деп білемін. Осындай ұлы іске лайық болу меніңше, үлкен абырой, басты борышым деп есептеймін.
Біздің балабақшадағы әр бала үшін жасап отырған іс-әрекетіміз осы бүлдіршіндердің дамуы мен жетілуіне тікелей бағытталады. Балабақшаның басты міндеті – бала тәрбиелеу, яғни балаға сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Бұл мақсатты тікелей іске асыратын педагог, яғни тәрбиеші.
Тәрбиеші – өте нәзік әрі басты инструмент, ол барлық адами қызметтерді өзінде жинақтаған. Ол философ, ұйымдастырушы, оқымысты, психолог, артист… Сондықтан, оның бойындағы байқалатын қызметтерге сыйластықпен қарай отырып, оны жетілдіруге ұдайы көмек көрсетіліп отыруымыз қажет. Әр тәрбиешінің білімі мен біліктілігін көтеріп, еңбегін бағалап, қадірлеп, мадақтап отыру ұйым басшысының міндеті деп білемін.
Меңгеруші қызметінде жұмыс жасағаннан кейін меңгеруші кім?- деген сұрақ туындайды. Оған мен Иммануил Канттың мына сөзімен жауап берер едім: “Адамның екі ең маңызды өнер табысы бар. Тәрбиелеу өнері және басқару өнері”. Менің ойымша меңгерушінің бойында осы екі өнердің екеуі де болуға тиіс. Осындай үлкен жауапкершілікті қажет ететін және болашақ ұрпақты тәрбиелеуде талмай еңбек етіп, өз үлестерін қосып келе жатқан көптеген меңгерушілерді білемін. Менің замандастарым әрбірі өзінің мамандығын сүйіп, оған құрметпен, жауапкершілікпен қарайды, үнемі жаңа ойлары мен жаңалықтарын ортаға салысып үнемі жұмыс жасау үстінде. Әрине, бұл –жаңғырудың жаңа жолы.
…Баланы жан-тәніңмен сүймей баламен жұмыс жасау – ескексіз қайықпен су бетінде әрлі-берлі толқынмен бірге бағытсыз ырғу» деген сөз бар. Дәл осындай балаға деген сүйіспеншілік мені осы мамандыққа әкелді. Бала дүние есігін ашқан күннен бастап өз отбасымен, өз елімен көрісіп, бесіктен түлейді емес пе? Кейін, ол бала бір жасқа толып, аяғын тәй-тәй басқаннан кейін «балабақша» атты үлкен бесік тәрбиесіне беріледі. Балабақша – баланың жүйелі түрде білім-тәрбие алатын ең алғашқы қоғамдық ошағы болып табылады. Балабақшаның балаға беретін тәлім-тәрбиесінің қаншалықты мықты болуы, сол балабақшада қызмет ететін педагогикалық ұжымға, нақтырақ айтар болсақ, ұстазға байланысты.
Ұстаз – киелі мамандық десем кем болмайды. Ол ертеңгі болашақты, болашақ иесін – ұлтын тәрбиелейді. Тәрбиеші – суретші, әртіс, әдебиетші, ақылшы, дос және бала жанын түсіне білетін психолог.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қарай қоғамда оңды өзгерістер көп болды. Елдің ертеңі мен ұлт болашағын жан-жақты тұлға ретінде қалыптастыруда мектепке дейінгі мекемелерге де үлкен жүк артып отыр. Ел басымыз «100 мектеп», «100 аурухана» салу керек деген мемлекеттік бағдарламасының өзі жоғарыдағы біздің ойымыздың түп төркіні болса керек.
2016 жыл мен үшін ерекше жыл болды. Өйткені, дәл осы жылы маған «Балбұлақ» балабақшасын меңгеру қызметі бұйырылды. Үлкен жауапкершілікпен бүгін міне осында қызметімді жалғастырудамын.
Ал, балабақшамыздағы әдіскерлік қызмет Алтынай Сейсенбайқызы Әзімбаеваға бұйырыпты. Білім саласында 30 жылдан аса іс-тәжірибе жинақтаған Алтынай Сейсенбайқызы кәсіби білікті маман ретінде тәрбиешілерге тиімді әдіс-тәсілдер нұсқап, педагогика саласына, балабақшамызға зор үлес қосуда. Осындай мықты мамандардың біздің мекемеде қызмет етуі біз үшін абырой болмақ. «Балбұлақ» балабақшасы – Елбасымыздың «Нұрлы жол » бағдарламасымен салынған балабақшалардың бірі. Балаларымыздың өсіп өнуіне барлық жағдайлар жасалып, түрлі заманауи әдістемелік бөлмелермен жабдықталған. Тәрбиешілер, педагогикалық кадрлар мен білікті мамандар таңдалып алынған. Әрқайсысы өз маманының шеберлері. Аз ғана уақыт ішінде тәрбиешілеріміз бүлдіршіндердің мейірімі мен ата-ана алғысына бөленіп үлгерді. Мүмкіндігінше облыстық, аудандық, балабақша-ішілік әр түрлі оқу – тәрбиелік олимпиада, іс шара-сайыстарда өздерін көрсетіп бағуда. Білім жүйесін жаңашаландыру, жаңа бағытқа бет бұру негізінде «Мәңгілік ел» идеясын балабақшаның оқу-тәрбиесіне енгізу қазақ халқының 30-дамыған ел қатарына енуі, жер шарында қазақ елі мәңгі ел болып қалуымыз үшін жас ұрпаққа ана тіліне, туған жеріне, салт-дәстүрге, әдеп-ғұрыпқа деген сүйіспеншілігі мен құрметін оятып тәрбиелеу үшін талмай еңбек етудеміз. Сонымен қатар, болашақта көптеген асуларды бағындырып, жақсы нәтижелер көрсетеміз деп нық сеніммен айта аламын.
Алдымдағы әдемі ғимарат пен ауладағы жүздері бал-бұл жанып, бақытты балалық шақтарынан алаңсыз сайраңдаған бүлдіршіндерді көріп қатты қуанамын, басшылық етіп отырған балабақшамен мақтан етемін!
Ойымды Елбасының: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жолдауындағы сөзімен түйіндейтін болсам, «ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» демек, ұлттық рухымыздың жаңғыру жас маманның, жас ұрпақтың қолында. Сол үшін өскелең тәрбиелі ұрпақ үшін аянбай еңбек етуге дайынмын.
Динара Жақсылыққызы Салемова,
№45 «Балбұлақ»
балабақшасының меңгерушісі,
Жамбыл облысы, Тараз қаласы