Home » Менің ұстазым » Ұлы Ұстаздың Дара жолы

Ұлы Ұстаздың Дара жолы

 Ұлы ұстаз, қоғам қайраткері, қобызшы Фатима Жұмағұлқызы Балғаеваның 90 жылдығына арналған I Cолтүстiк регионалдық жас орындаушылар конкурсы мен «Дара  жол» халықаралық ғылыми – тәжірибелiк конференциясы биік деңгейде өткен еді. Бұл іс-шараның өтуіне ұйытқы болып, белсенділік көрсеткен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Қобыз және ОХА» кафедрасының профессоры Раушан Қожабекқызы Мұсақожаеваның еңбегін атап өту абзал.  

Бұл игі iс — шараның өтуіне демеушілік   жасаған Қазақстан Республикасы Тұңғыш  Президентi — Елбасының қоры мен «Тiлеп»  қайырымдылық қорының президенті елімiздiң  ардақты азаматы, халықаралық деңгейде танымал  меценат Сапар Ысқақов мырза екенін айта кеткеніміз жөн деп санаймыз. Өмір жолы құрылыс саласымен басталып, саяхатшылықпен жалғасып келе жатқан танымал құрлысшы, белгілі меценат, ұлт тарихының, ұлт руханиятының жанашыры Сапар Ысқақов ағамыз. Әлемнің 130-дан астам елінде болған, сәулет өнерінің бірегей білгірі, әлемнің сирек карталарын жинаумен әуестенетін дара тұлғаның бүгінгі өмірден түйгені көп. Күллі дешті қыпшаққа ортақ тарихты, ортақ дүниетанымды жаңғыртуды көздеген зерттеушілердің «Бабалар ізімен» атты экспедициясы еліміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағы іспетті.

Материал Baq.kz сайтынан алынды

Қазақстандық қобыз мектебінің іргетасын қаласып, қалыптасуына бар күш – жігерін  жұмсаған шебер қобызшы, ұлы ұстаз Фатима Жұмағұлқызы Балғаева еліміздің кәсіби музыка мәдениетінің дамуына өзінің сүбелі үлесін қосқан маман ретінде танымал болған. Шебер музыканттың өнерде салған өзіндік сара жолы мен артында қалдырған бай  мұрасын оның өнерін ұстанған ізбасарлары Балғаеваның мектебі ретінде қабылдайды. Өзі Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік консерваториясының алғашқы түлегі  бола тұрып, осы оқу орнының қобыз кафедрасының түбегейлі қалыптасуына, дамуына, оқу – әдістемелік қорын жинақтауға көп еңбектенген ұстаздардың бірі болды.Адал  еңбегімен, табиғи дарынымен, ұйымдастырушылық қабілетімен басшылықтың назарына  түскен маман консерваторияның «Халық аспаптары» кафедрасының меңгерушілігіне  тағайындалады, оқытушылар ұжымы кеңейіп, жаңа мамандықтың қосылуына  байланысты кейін «Қобыз және баян» кафедрасы болып атауы өзгертілді. Осы кафедраны 18 жыл басқарған аралықта талай дарынның көзін ашып, шебер орындаушыларды  тәрбиелеуге атсалысқан педагог – музыкант. Ұстаздық жұмысымен қатар   орындаушылық өнерін бірге ала жүрген, кәсіби бағдарлы жұмыстар мен үгіт – насихат  дәрістерін жүргізіп отырған нағыз ұлттық музыка жанашыры болды. Өзінің қарамағындағы ұстаздар мен дәріс алушы шәкірттеріне аналық мейірімін төгіп, үнемі  қамқорлық жасап жүрді.Шәкірттерінің көңіл – күйін қабағынан танып, мұқтаждықтарын  біліп отыратын ұстаз ата – аналарынан шалғайда жүріп, үйлерін аңсайтын балаларды өз  үйіне алып келіп, асын алдына қойып, қолына аспабын ұстатып, бір уақыт болса да мезі  қылатын интернаттың тіршілігінен ажыратып, қолайлы жағдай жасауға тырысатын. Шәкірттері де ұстаздарының ниетіне орай кіршіксіз балалық махаббаттарын сыйлайтын.  Қиындыққа төтеп бере алмай, оқумен қоштасуға оқталған талай жасөспірімді дер кезінде  райынан қайтарып, оқуын жалғастыруға себеп болған психолог — ұстаз еді. Тәжірибелі  ұстаздығымен қатар Фатима Жұмағұлқызы үлкен жүректі, кеңпейілді, адами қасиеттері мол парасатты жан болды. Ұстаздың еңбегі лайықты бағаланып, 1954 жылы «Қазақ кеңес социалистік республикасының (ҚазКСР) еңбек сіңірген әртісі» атағын иемденді, кейіннен  «Қазақстан Республикасының халық әртісі» атағы берілді.

 Профессор Ф.Ж.Балғаеваның ғылыми — зерттеу және оқу — әдістемелік жұмыстарының,  олардың ішінде қобызда үйрену әдістемелік еңбектерінің мәні зор. Өзінің төл құралдарымен қатар Қазақстан композиторларының қобызға   арналған шығармаларын топтастырып, жинақ ретінде жарыққа шығарды. Осы күнге дейін әдіскер – ұстаздың жинақтары ескірмес қазына ретінде музыкалық колледждер мен жоғары оқу орындарында күнделікті қажетті оқу құралы болып келеді. Осы орайда I Cолтүстiк регионалдық жас орындаушылар конкурсы мен «Дара жол» халықаралық ғылыми – тәжірибелiк конференциясының биік деңгейде өтуіне айрықша еңбек жасаған,  риясыз атсалысқан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген  қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Қобыз және ОХА» кафедрасының  профессоры Раушан Қожабекқызы Мұсақожаеваның саналы азаматтық позициясын  атап өткеніміз абзал.

Профессор Раушан Қожабекқызы Мұсақожаеваның музыка саласына қосқан үлесі, Қазақ  ұлттық музыка академиясының тұрақтануына, қазіргі Қазақ ұлттық өнер университеті  статусына сай болуына жасап жүрген еңбегі өте қомақты іс, өз алдына бөлек мақала  болатын дүние.

ҚР мәдениет қайраткері, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті, профессор Ф.Ж.Балғаеваның сүйікті шәкірттерінің бірі Шолпан Задановна Рауандинамен сұхбаттасқанда бұлай деді: «Профессор Фатима Жұмағұлқызы Балғаеваның шәкірттері ұлы ұстаздарын зор ілтипатпен еске алып отырады. Сонымен қатар ұстаздары салған сара жолын жаңғыртып, Балғаева мектебінің принциптерін орнықтырып, әрі қарай дамыта жалғастырып жүр.
Сол шәкірттерінің бірі ҚР мәдениет қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің    «Қобыз және орыс халық аспаптары» кафедрасының меңгерушісі, доцент Сабира Құрманбекқызы Құсайынова Ф.Ж.Балғаеваның өнердегі мираскері ретінде ұстазы ұстанған үрдістерді қолданып, шебердің салған сара жолымен келе жатқан бірегей   шәкірті». Айтса айтқандай, Сабира Құрманбекқызы ұстазының өнердегі жолын ғана ұстанып қоймай, туған анасының орнына ана бола алған ардақты жанның ақтық деміне дейін қол үзбей қатысып, Алматы мен Астананың арасына өзгеге үлгі болардай өз сара жолын салған саналы шәкірті бола алды.

ҚР білім беру ісінің үздігі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Гүлнахия Исаққызы Бержанова өзінің сұхбатында доцент С.Қ.Құсайынова туралы келесідей ойларымен бөлісті: «Сабира Құрманбекқызы осы күнге дейiн ұлы ұстазы Фатима Жұмағұлқызы Балғаеваның тәлімiн есiнде сақтап келедi. Өзiнiң әр iс — әрекетiн ұстазының тiршiлiктегi iстерiмен салыстырып, осы жұмысыма қандай баға берер едi деп, өзiнiң бала шағынан әділдiктiң, парасаттылықтың, адамгершiлiктiң эталоны ретiнде жадында сақталған ұстазының өлшемiмен өлшейдi.

Сабира Құрманбекқызы ұстазының соңғы күндерiне дейiн қарым- қатынасын үзбей,  хабарласып, Алматыға барып тұрды. Ф. Ж. Балғаеваның 90 жылдығына арналған I  Cолтүстiк регионалдық жас орындаушылар конкурсы мен «Дара жол» ғылыми – тәжірибелiк конференцияның жоғары деңгейде өтуiне де бiр адамдай атсалысты.

Ф.Ж.Балғаеваның шәкірті Төрехан Кәрібаев өзінің шәкірті ҚР мәдениет қайраткері,  Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы Кенжегүл Мұсаеваға үш ішекті   аспапты табыс етті. Осы орайда Фатима Балғаеваның ойнаған аспабы өз тыңдарманына жаңғырып қайта оралды деуге негіз бар.

Профессор Ф.Ж.Балғаевадан өнерге жолдама алған көптеген қобызшы – орындаушылар мен музыкант – педагогтер «Дара жол» ғылыми – тәжірибелiк конференциясына өздері қатысуымен қатар шәкірттерін де ұстаздарының 90 жылдығына арналған I Cолтүстiк регионалдық жас орындаушылар конкурсына жұмылдырғаны да Ұлы Ұстазға деген  шәкірттік тағзымы деп тануымызға негіз береді.

 Бержанова Гүлнахия Исаққызы,
Қазақ ұлттық өнер университеті
«Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің оқытушысы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.