Ұлы мақсаттар мекені

 

Жақсы өмірдің үш ингредиенті бар: оқу, табыс және сағыныш

Кристофер  Морлей[1]

   Мен, Шолтық Нартай Советханұлы, иісі қазақтың маңдайына біткен, Алаштың ордасы, қасиетті қарт Семейдің төріне жайғасқан қастерлі мекен – «Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінің» шаңырағы астында еңбегінен бақытын тапқан ұлағатты жандардың қатарындағы жауынгерлердің бірімін. Осынау келбетіне мазмұны жарасқан, кілең тұлпарлар мен тарландарды тағалайтын заманауи білім ордасында 2011 жылдың сәуірінен бастап қызмет етіп келемін. Оқу мен үйрену, табанды еңбектің нәтижесінде жетістікке жету және де ақыл-парасат күшімен қол жеткізген әрбір қуанышты сәтке деген сағыныш – адам  ғұмырының мағыналы мазмұны екені рас. Олай болса, менің де өмірімнің маңызын арттырып, мазмұнына тұздық болған қасиетті орын жайлы, яғни, санаулы ғұмырымды сапалы етіп, қолымды ұлы мұраттарға жеткізуге себепші болған «Семей қаласының Назарбаев атындағы зияткерлік мектебі» жайындағы сырымды оқырман жұртқа паш еткім келеді. «Ұлы мақсаттар мекені» деп әспеттеуімнің түп-төркінін тереңірек, әрі тұшымды етіп тарқатып көрейін.
Әлімсақтан белгілі, ұстаздың ұстаханасы, басқаша айқанда, екінші үйі – мектебі. Қазіргі таңда құндылықтардың өзгеруіне байланысты, кейбіреулер үшін ол тек «жұмыс орны» болып қана саналуы мүмкін. Бірақ, шынайы педагог үшін ол жер – өсіп келе жатқан жеткіншектердің бойына өмірге қажетті дағдыларды дарытудың, өмірге үйретудің шеберханасы. Өз басым, зияткерлік мектепке дейін Қалбатау ауылының (ШҚО, Жарма ауданының орталығы) Абай атындағы мектеп-гимназиясында 2 жыл, кейін Семей қаласының Т.Аманов атындағы №16 мектебінде 3 жыл мұғалімдік қызмет қылдым. Қазір ойласам, аталған екі мектеп мені зияткерлік мектептің мұғалімі болуға шыңдаған даярлық алаңы іспеттес. Осы жерден тізгінді тартып, ойымның арнасын негізгі тақырыпқа аударайын.
Мен және менің өмірім үшін зияткерлік мектептің орны айрықша. Себебі, ең бірінші, бұл ортада білімділігі мен адамгершілігі зор, қиялдары шексіз, шығармашыл, армандарын ақиқатқа айналдырып өмір күресінде жетістікке жеткен, мәдени этикасы жоғары шебер мамандар қызмет атқарады. Өз мамандығын асқан фанатизммен сүйетін дарынды ұстаздардың көпшілігі құрметті зейнеткерлікке шығып та үлгерді. Әрқайсысының атын атап, түсін түстеу, әсте, мүмкін емес. Себебі, олар өте көп, олар жайында шағын роман жазуға болады, керек десеңіз. Ондай ғұмырнамалықтарды жазу болашақ күннің еншісінде деген үміттемін. Осындай, өзінің істеген ісі мен қызметін шексіз қадірлейтін майталман мамандардың ортасында болу – әркімнің де шабытын оятып, қиялына қанат бітірері сөзсіз. Мұндағы әр мұғалімнің ұрпаққа, ұлтқа деген жанашырлығын алтын уақыты мен күш-жігерін оқушысына сарп ететін іңкәрліктерінен аңғаруға болады. Сол еңбекке, мамандығына деген сәби көңілдерінің арқасында «уақыт» деген қатал сыншы мен «халық» дейтін әділ төрешінің көңілінен шығып, қасиетті аймақтың қабілеті қарымды ұл-қыздарын өмірге, қазақ қоғамына үлес қосуға шыңдап жатқан жайы бар.
Екіншіден, осы қасиетті ұяның тамырына қан жүгіртіп, бойына қуат беретін біздің дарынды ұрпақ, өсіп келе жатқан жас толқын жайын айтпақпын. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген тәліми қағиданы бойына бекем сіңірген текті атадан тараған тәлімгер тұлғалар әр баланың болашағына бей-жай қараған сәті, әсте, жоқ. Мектебіміздің құрылған кезінен бастап  оқушылардың талап-тілегі мен ниет-құлшыныстарына орай көптеген үйірмелер қызмет атқарып келеді. Ол үйірмелердің басты мақсаты – оқушыға олардың қалауы бойынша, пәннен тысқары білім мен өнер үйрету. Осындай жүйелі, әрі шын ниетпен жасалынып жатқан іс-қарекеттің барлығы оқушыларды үлкен жетістіктерге жеткізіп, өздеріне деген сенімділіктерін бекіте түсті. Атап айтқанда, бірнеше жылдан бері мектебіміздің оқушылары республикалық, халықаралық, әлемдік деңгейдегі өте жоғары ғылыми-пәндер олимпиадалары мен өнер және өнертапқыштық конкурстарда қанжығалары майланып қайтып жүр. Бұл жетістіктер – шәкірттің ынтасы мен ұстаздың ықыласы бірігіп, түлек пен тәлімгердің арасында шынайы түсіністік көпірі орнаған кезде ғана қол жеткізетін құбылыс. Бұл шығарманың мақсаты мектебіміздегі тағылымы құнды тарихи оқиғалардың барлығын тәптіштеп жеткізуді көздемейді. Себебі, мектептің 10 жылдық тарихын он жолға сыйдыру, тіптен, мүмкін емес. Ал, мектебіміз жайлы кең көлемді ақпараттар халықтың назарына бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жетіп те жатыр.
Үшіншіден, бұл мектепте әрбір мұғалімнің адами және кәсіби тұрғыда өсіп-жетілуіне жағдайлар жасалынған. Егер ақыл-парасаттың қауқары күшті болса, «тұлғалық» дәрежеге дейін жеткізер мүмкіндіктер баршылық. Ол мүмкіндіктердің біріншісі, жоғарыда атап өткендей, осы ортадағы адами капиталының сапалылығы болса керек. Екіншісі – осы сапалылық көрсеткішті жетілдіруге шабыт, күш-жігер беретін сыртқы мотивациялық факторлар. Яғни, өзін-өзі жетілдіргісі келетін шынайы шығармашыл жандарға моральдық және материалдық жағынан көрсетілетін нығыметтер баршылық. Мұның барлығы ішкі потенциялы жоғары мамандардың шаттана еңбек етуіне, ертеңгі күніне деген сенімін оятып, ұлы мақсаттарды бағындыруына септігін тигізеді. Ойымды дәл осылай өрбітуіме толық негіз бар деп ойлаймын. Сөзім құрғақ болмас үшін, нақты мысалдар келтіруіме де болады. Алайда, ол мысалға арқау болатын адамдар саны тағы көп. Дегенмен, осы мектептің жобасы арқылы көптеген әріптестеріміз қиялында ғана көретін төрткүл әлемнің түкпір-түкпірінен білім алып келді. Яғни, озат елдердің мүйізі қарағайдай жоғарғы оқу орындарында (Ұлы Британия, Сингапур, Малайзия, Ресей, Түркия, АҚШ, Финляндия, Жапония, т.с.с.) шеберліктерін шыңдап, тәлім алып қайтқанын айтпай өтуге болмас.
Сол қиялмен қияларды шарлаған арманшыл жандардың бірі мен едім. Бүлдіршін кезімнен ойымның түкпірінде жатқан бір асқақ арманым бар болушы еді. Ол арман – мұхит асып барып, кемелді ақыл-парасат иесі дәрежесіне жеткізетін білім алып келу болатын. Сонымен қатар, мектеп және университет қабырғасында ешқашан оқымаған, ғылым мен әлемнің тіліне айналған ағылшын тілін үйренуге деген ішкі құлшыныс-ниетім еді. Осы орайда, бала  күнгі тәтті тілектерімнің орындалуына апаратын бірден-бір жол – «Назарбаев Зияткерлік мектебі» екенін ұқтым.  Себебі, осы жерде мені өздерінің жағымды мінез-құлық, игілікті бастамаларымен шабыттандырған дара тұлғаларды кезіктірдім. Олардың еңбекке деген адалдығы мен мақсатқа жетудегі табандылығы мені тәнті етті. Сол ерекше жандардың өзін-өзі басқаруы, олардың жетістікке жетуінің сырын түсінуге тырысушылық маған ерекше күш берді. Сөйтіп мен осы мектептің мұғалімдеріне ұйымдастырылған тегін «ағылшын тілі» курсына қатысып, әріп тануды үйрендім.  Көптен күткен арманым орындалып, мектеп әкімшілігі және жанкүйер әріптестерімнің қолдауымен, «Семей қаласының зияткерлік мектебі» атынан «Болашақ» бағдарламасына жолдама алдым. Барлық сынақ емтихандарынан сүрінбей өтіп, «Болашақ» бағдарламасының степендиаты атандым. Осы сәтте адал еңбектің бағалаусыз қалмайтынына көзім жетті.
Жоғарыда айтқандарымның барлығын жоққа шығарғысы келетін, әрбір біткен іске шектен тыс сыни көзбен қарайтын жандар да бар. Сондай жандардың бары тіпті жақсы, себебі дұрыс айтылған сын – адамның намысын қамшылайды, олқылықтарды түзетуге мүмкіндік береді. Ал, біздің қоғамда қалыптасқан «жетістікке жету үшін танысың болу керек» дейтін стереотипке шырмалған жандарға айтар бір ғана уәжім бар. Ұлы мақсаттарға жету үшін ұлы жеңістер жасау керек. Мен үшін ұлы жеңістің біреуі – 30  жасқа келіп, абсолютті білмейтін елдің тілін үйренуім. Ал, өмірдегі ұлы мұратым –  алты алаштың баласына айтулы ғылымның, яғни математиканың аңғаруға тұрарлық тұстарын түсіндіру. Себебі, қазақтың «көгіне шығып, күн болатын» болашақтың Торайғыровтары мен Бөкейхановтарын оқыту – менің жұдырықтай жүрегіме аласапыран күш, ғаламат рух, жасымас жігер сыйлайды. Бұл жол «оңай» деп айта алман, бірақ тұяғымызды тасқа салмайтын саналы басқарушылар барда, шабысымыздан әзір жаңала қоймаспыз.
Сонымен, ойымды қорытындылай келе, біздің мектептегі өмір тәжірибемнен түйгенім: жетістік – шын ниет пен адал, әрі табанды еңбектің нәтижесінде ғана келетін рухани кемелділік екеніне көзім жетті. Асқақ армандарға қол жеткізу үшін қол жететін нақты мақсаттар қоюың шарт және сол жолда жаныңды салып еңбектенуің керек. Міне, осындай өмірлік құндылықтарды «Семей қаласының Назарбаев зияткерлік» мектебінде оқисың, үйренесің және өзің соны жасайсың. Сондықтан болар, мектепті халқымыз «алтын ұя» немесе «киелі орда» деп биік бағалаған. Өзімнің осы мектептің ұлы миссиясын орындаушылардың қатарында болғанымды мақтан тұтамын.

Нартай Советханұлы,
Семей қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің
математика пәні мұғалімі

 

[1]Christopher Morley Пенсильванияның Брин Мавр қаласынды туған, Американдық философ-жазушы. Әкесі математика ғылымдарының проффессоры болған. Ол 1910 өзі туған қаласындағы New College-ге түсіп, одан кейін Oxford университетінде оқыған. https://www.goodreads.com/author/show/30802.Christopher_Morley

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.