Ұстаз…. Қандай құдіретті есім?!
Бес әріптің ішінде тұңғиықтай терең мағына бар десем артық айтпаған болар едім. Ұстаз….
Ол – ұстамды, салмақты, талғамы биік, ар-намысы жоғары, зайырлы мемлекеттің азаматы. Өзінің қамын ойламай, өзгенің қамын жейтін адам. Өзінің уақытын аямай, өзгенің бақытын аялайтын жан.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев сөзімен айтар болсақ, «Еліміздің болашағы – жастар. Ал, сол жастарды тәрбиелеуші бірден-бір адам, ол – ұстаз. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» — дейді халық. Болашақта елімізді көркейтер білімді де білікті жастарымыз көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді» деген болатын.
Мен өзім ұстаздардың бір сынығымын. Олай дейтінім, шырылдап дүние есігін ашқалы «Елдің ұстаздары» бола білген адамдардың отбасында тәрбиелендім. Әкем – Танатаров Қыдыр, анам – Шаяхметова Ұлмекен – Атырау өңірінің ұлағатты ұстаздары. Алдарынан қаншама адамдар сабақ алып, бірі үлкен лауазымды жұмыстарды атқарып жүрсе, бірі – қатардағы жұмысшы. Олардың бірін кезіктіре қалсаң «Ой, қайран ағайымыз бен апайымыз еді. Әкеңіздің есеп-қисабы, анаңыздың орыс тіліменен талай белестерді бағындырып жүрген жайымыз бар. Сен – асылдардың сынығысың. Олардың атына кір келтірмей, биіктерден көрін!» — деп бата-тілектерін айтып жатады. Осындай сәттерде көкірегім қуанышқа толып, төбем көкке тигендей әсер аламын. Өмірімнің жиырма екі жылын ата-анам салып кеткен сара жолменен жүріп, бала тәрбиесіне сарп еттім. Әлі де еңбектеніп келемін. Кемел болашақ үшін мен де азғантай болса да, үлесімді қосқаныма өзімді бақытты жандай сезінемін. Мен үшін халықтың берген бағасы маңыздырақ. Сол үшін де тынбай, талмай, соңғы демім таусылғанша еңбектенемін деп ойлаймын.
С.К. Танатарова
№37 орта мектептің қатардағы ұстазы