Home » Балабақша » Ұлы достық жасасын!

Ұлы достық жасасын!

Білім беру саласы: «Шығармашылық»

Бөлімі: музыка

Мақсаты: балалардың бойына достық, татулық ұғымдарын түсіндіру, олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау, бір-біріне деген татулық қасиеттерін шыңдау.

Білімділік: достық, татулық туралы мағлұмат беру, елімізде түрлі ұлт өкілдеріне сипаттама беріп өту.

Тәрбиелілік: балалардың шығармашылығын арттыру, бірін-бірі тыңдай білуге тәрбиелеу.

Дамытушылық: балалардың зейіні мен есте сақтау қабілеттерін дамыту.

Әдіс-тәсілдер: әңгімелеу, түсіндіру, әнді тыңдату, саз аспаптарында ойнату, сұрақ-жауап, есту қабілеттерін байқау.

Көрнекіліктер: слайд, суреттер, ұлттық қуыршақтар және олардың киімдері, ұлттық би суреттері, саз аспаптары.

Пәнаралық байланыс: көркем әдебиет, қоршаған орта.

Ұйымдастыру кезеңі: Балалармен амандасамын.

Орнымыздан тұрайық,

Алақанды ашайық.

Күннің нұрын салып ап,

Таза ауаны жұтайық,

Жүрекке жылу сыйлайық,

Қонақтарға шашайық.

Өткен оқу қызметін еске түсіріп, оркестр, саз аспаптары, ырғақ жайлы түсінік беріп кету. Бүгінгі оқу іс-әрекетінің тақырыбын түсіндіремін. Ұлы достық жайлы мағлұмат беріп, слайдтан түрлі ұлт өкілдерінің фотоларын көруге, саяхат жасауға шақырамын.

— Балалар, қазір қай мезгіл? Көктем мезгілі.

— Көктем мезгілінде қандай мерекелерді тойладық, есімізге түсірейік,

— Балалар, көктем мезгілінің соңғы айы мамырда тойланатын мереке бар, ол мереке «1-мамыр Қазақстан халықтарының ынтымағы мен бірлігі күні»

Ән тыңдау: «Дос болайық бәріміз»   (муз: И.Нүсіпбаев, сөзі:.Х.Талғаров).

— Дос деген сөзді қалай түсінеміз?

-Татулық, достық жайлы мақал-мәтел білесіңдер ме?

-Ән қандай темпте жазылған?

Ән айту: «Достық» (И. Нүсіпбаев)

  • Енді балалар, әнімізді үйренбес бұрын дауыс жаттығуын орындайық:

Біз көңілді баламыз,

Шырқап әнге саламыз,

Ля-ля-ля, шырқап әнге саламыз.

Балаларға аспаптар беріп, осы әсем әннің әуеніне ілестіріп ырғақты дұрыс қабылдауларын тексеру. Аспаптар: бубен, маракас, қоңырау және т.б

Сергіту сәті: Көтеріліп шаңырақ

                          Керегелер керілер.

                         Уықтары шаншылып

                         Өрімдей болып өрілер.

                         Бәріміз жүрсек айналып,

                         Киіз болып көрінер.

                         Ашық аспан астында

                          Достығымыз білінер.

Оркестрде ойнау: Балалар, біз музыка оқу қызметінде тек қана ән айтып қана қоймай, басқа да ұлт әуендерін де тыңдаймыз. Бүгін орыс композиторы А. Филиппенко шығармасы «Балалар полькасын» аспаптардың көмегімен сүйемелдеп көрейік

Ойын: «Достық құрсауы». Шарты: Балалар музыкаға ілесіп би қимылдарын жасайды, әуен аяқталғанда құрсаудың ішіне жасырынуы керек, симай сыртта қалған бала ойыннан шығып қалады.

— Балалар, енді бүгінгі өткен оқу қызметін пысықтап, қорытындылап жіберейік.

— Қандай ән үйрендік?

— Қандай ұлт өкілдерін білесіңдер?

— Ән қандай темпте жазылған?

Балалар, ендеше әрқашан достығымыз жарасып, еліміздің татулығы арта түссін деген ниетпен, Қазақстанымыз жасасын, түрлі халық арасында достығымыз артсын!

Ән: «Жаса, Қазақстан»

Қорытынды: Бүгінгі өткізілген оқу қызметін қорытындылап, балалардың шығармашылық   музыкалық қабілеттерінің деңгейлерін саралап, саз аспаптарымен танысқандықтарын және олардың әуенді есту қабілеттерінің артқандығын атап өтіп, достық, татулық ұғымдарын тағы да саралап, оқу іс-әрекетін қорытындылаймын. Балаларды мадақтап, қошеметтеймін.

Оспанова Маржан Оспанқызы

№71 «Мөлдір» балабақшасы, музыка жетекшісі,

Астана қаласы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.