Home » Сценарийлер » «Ұлы дала ойындары»  (Ойын-сауық)

«Ұлы дала ойындары»  (Ойын-сауық)

Мақсаты:        Қазақ халқының ұлттық ойын түрлерін жаңғырту, насихаттау,    

                               бүлдіршін балалар бойына сіңіру.Ер баланың тәрбиесіне әкелердің

                               көбірек араласуына ықпал ету.Ұлы дала ұрпақтарына тән

                               өжеттік, мергендік, күштілік, әділдік т.б.қасиеттер бойларына

                               дарыған намысты ұл тәрбиелеуге үлес қосу.

 Ойын-сауық өтілетін бөлме ұлттық нақышта безендіріледі.

Фанфар.

Бекзат:         Қайырлы күн, аяулы ата-аналар, балалар, барша қонақтар!

Тәрбиеші:    Армысыздар, арын жанының садағасы санаған, досына адал, жауына

сұсты, әділдікті ту еткен, мәңгілік елге беттеген ұлы дала ұрпақтары!

(Фон музыка)

Тәрбиеші:    Дана халқымыз ұрпағының келешегіне аса мән беріп, зерделі ұл,

зейінді қыз тәрбиелеу үшін «Тәрбие басы-талбесік» ұстанымын

ұстанған екен. Біз де осындай ізгі ниетпен балабақшамызда бүгінгі

«Ұлы дала ойындары» ойын-сауығымызды ұйымдастырып отырмыз.

Бекзат:    Сонда бұл ойын-сауыққа кімдер қатысады? Қандай қызықтар болады?

Тәрбиеші:   Асықпа, Бекзат! Өзім де ойын-сауығымыздың қатысушыларын ортаға

шақырғалы тұрмын.

Құрметті көрермен! Қарсы алыңыздар, алдағы сағатта «сегіз қырлы, бір

сырлы» қазақ жігіттерінің намысын қорғайтын әкелі-балалы жұптар:

  • Досхан және Мирас Өмірәлиевтер!
  • Бақытбек және Арлен  Ахановтар!
  • Әділжан және Марлен Есенбековтер!
  • Арыстан және Айдын  Бекәлиевтер

 

Қош келдіңіздер, төрлетіңіздер!

Бекзат:    Ойыншылар сонда жарысады ма?

Тәрбиеші:  Негізгі мақсатымыз: қазақы тәрбиені насихаттау, ұлттық

құндылықтарымыз ұмытылмас үшін өзің сияқты балалардың санасына

сіңіру, сондай-ақ ер балаларды тәрбиелеудегі әкелер үлгісінің ықпалын,

маңыздылығын тағы бір түйсіну. Ал бірақ ойын-сауығымыз тартысты

өтуі үшін ұпайлар есептелетін болады.

Бекзат:       Ұпайларды кімдер есептейді?

Тәрбиеші:  Ұпайларды есептеп, ойын-сауығымыздың қорытындысын шығаруды

мына құрамдағы әділ қазылар алқасына сеніп тапсырайық:

  1. Әділ қазылар алқасының төрайымы — балабақша меңгерушісі Б.Н.Кулетова
  2. Әділ қазылар алқасының мүшелері: 1 . Балабақша әдіскері К.К.Есжанова

2. Ата-ана Асылхан Әкімжан

Бекзат:   Енді ойын-сауығымызды тезірек бастайықшы, не болатынын көргім

келіп асығып тұрмын.

Тәрбиеші:   Алдымен ойыншыларымыздың реттік нөмірлерін анықтап алайық.

Ол үшін қатысушы балаларды ортаға шақырамын, келе қойыңдар.

(Балаларды шеңбер бойымен отырғызады)

-Қазір Бекзат ойын бастаушы ретінде «Ханталапай» ойынының

үлгісімен ортаға бір уыс асықты шашады, сендер таласып жинап

алуларың керек. Бірінші болып  «Хан» асығын ұтып алған бала әкесімен

бірге ойын-сауығымызда бірінші ойыншы жұп болу құқығын да жеңіп

алады. Екінші, үшінші ойыншы жұптар да осылай анықталады.

Ойын   «Ханталапай»

Тәрбиеші:   Бәрекелді, бұйырған реттік нөмірлеріңізге байланысты орындарыңызға

жайғасуларыңызға болады. Ал біздің бүлдіршін қыздарымыз

баршамызға би шашуларын тарту етеді.

Би «Қазақ биі»

Тәрбиеші:   Көп рахмет, өнерпаз қыздар!  Келесі кезекте бүгінгі ойын барысына,

ойыншыларымызға бір-бір ауыз тілек сөздерін арнау үшін әділ қазылар

алқасы мүшелеріне микрофон ұсынайық.

Әділ қазылар тілектері

Тәрбиеші:  Ал енді…….Бірге:  Біз бастаймыз! (Фон музыка)

Тәрбиеші:  Атамыз қазақ бала анасының бойына біткеннен бастап ұрпағына

қамқорлық жасаған. «Әке көрген-оқ жонар, ана көрген-тон пішер» -деп,

ұл мен қызға берілетін тәрбиені де салмақтап, кішкентайларынан

бейімдеген екен. Бүгінгі ойын-сауығымыздың І бөлімінде ұлттық

негізіміз — халқымыздың ұрпақ тәрбиесіне қатысты салт-дәстүрлеріне

бір сәт ой жүгіртіп, зердемізге түйсек дейміз. Қазір ойыншы балаларымыз

мына қобдишаның ішінен өздері қалаған сұрақты таңдап алады, ал

ойыншы әкелер ойланып, өз жауаптарын берулері керек.

І бөлім  «Бабалар жолы»

Тәрбиеші:  Әкелер ойланып, жауаптарын дайындағанша өнерпаз балаларымыз

көрермендерді жалықтырмайды. Ортада «Қарлығаш» тобы

бүлдіршіндерінің арасында өткен балабақшаішілік «Ана тілі ару-2017»

байқауының жеңімпазы Жақсыбай Аяна «Мен –бақытты баламын» әнін

шырқайды, қабыл алыңыздар!

Жеке ән   «Мен –бақытты баламын»

Сұрақтар:   1 «Ашамайға мінгізу» салты туралы әңгімелеп берсеңіз?

2 «Кіндік кесу» салты туралы баяндасаңыз……

3 Халқымыздың қандай ұлттық ойындар түрін білесіз?

Білетін ойындарыңызды атап, шартын қысқаша түсіндіріп өтсеңіз…..

4.«Құрсақ шашу» -деген салт туралы естігеніңіз бар ма, ол қай уақытта жасалады? (Ойыншы әкелердің жауаптарын бейнежазба толықтырады)

Тәрбиеші:   Кезекті тағы да музыкалық үзіліске береміз.

Назарларыңызға «Жігіттер биін» ұсынамыз, тамашалаңыздар!

Би  «Жігіттер биі»

                    ІІ бөлім  «Күш атасын танымас»

Тәрбиеші:  Рахмет, өнерлерің өрге жүзсін! Ал біз «Күш атасын танымас» атты

ІІ бөлімде Қажымұқан атамыздың бүгінгі ұрпақтарын күш сынасуға

шақырамыз. Ойыншы әкелер кір тасын көтереді, ойыншы балалар

қол күрестіреді. Ендеше реттік нөмірлеріне сәйкес ойыншы әкелердің

кезектесе ортаға шығуларын сұраймыз. Әрбір ойыншы өз мүмкіндіктері

келгенше кір тасын тік жоғары көтерулері керек. Кір тасының әрбір

көтерілгені бір ұпайға есептеледі. (Әкелер сайысы жүргізіледі)

Тәрбиеші: Күш сынасуды балаларымыз жалғастырады. Шарт бойынша алдымен

1-ші және 2-ші нөмірлі ойыншылар, сәйкесінше 3-ші және 4-ші нөмірлі

ойыншылар қол күрестіреді. Нәтижеге сәйкес жеңілген жұп және жеңген

жұп өзара тағы сынға түседі.Ұпайлар ең жоғары нәтиже көрсеткен

ойыншыға 4 ұпай, келессіне 3 ұпай т.с.с. есебімен жүргізіледі.

(Балалар қол күрестіреді)

Тәрбиеші: Бұла күш үлгісін көрсеткен ойыншыларымыздың құрметіне әнші

бүлдіршіндеріміз халық әні «Бипылды» шырқатады, қошеметтеп

отырыңыздар!

Халық әні «Бипыл»

       ІІІ бөлім   «Құралай мерген»

Тәрбиеші: Халқымызда асық ойынының бірнеше түрі бар. Асық ойындары

мергендік, ептілік, жауапкершілік сияқты қасиеттерге баулиды.

«Құралай мерген» атты ІІІ бөлімде ойыншыларымыз асық ату ойыны

бойынша мергендік қабілеттерін танытатын болады. Әке мен баланың

барлық құлатқан асығы өз ұпай сандарын анықтайды.

Кезек ойыншыларымызда…

«Асық ату ойыны»

Тәрбиеші: Ән-бисіз ойын-сауық болыпты ма?! Ортамызды тағы да өнерпаз

бүлдіршіндер өнерлерімен толтырады.

Жеке ән   «Қасиетті домбыра»

                 ІV бөлім   «Ептілік — ерге сын»

Тәрбиеші: Ер жігіттің бойынан табылуы керек қасиеттердің бірі — ептілік болса,

ІV «Ептілік — ерге сын»  атты бөлімде ойыншы балалар ұлттық

«Теңге ілу» ойынын ойнайды, ал ойыншы әкелер «Көкпар» ойынын

сахналайды. Алдымен ортаға ойыншы балаларды шақырайық.

(Балаларға таяқ ат таратылады, ортаға балалар санынан біреуі кем

                   теңгелер салынған жылтырақ қалташа дорбалар тасталады)

Тәрбиеші: Балалар, біздің қазақ халқында «Теңге ілу» деген тамаша ойын бар.

Біз қазір осы ойынның сахнаға лайықталған, заманауи түрін ойнайтын

боламыз . Ол үшін сендер күй фонында ат шабыспен шеңбер бойлай

«шауып» жүгіресіңдер, музыка тоқтағанда бір-бірден теңге толы дорбаны

алып үлгерулерің керек. Сендер-төртеусіңдер, теңгелі дорба-үшеу ғана.

Сондықтан жылдам қимылдап, ептілік танытуға тырысыңдар. Теңгелі

дорба жетпей қалған бала 1 ұпай ғана еншілейді. Ортаға 2 теңгелі дорба

тасталып, үш ойыншымен ойын әрі қарай жалғасады. Ойынның соңына

дейін жеткен бала 4 ұпаймен ойында олжалы болады.

Дайын болсақ, ойынымызды бастайық!

Ойын   «Теңге ілу»                        (Ұпайлар есептеледі)

Тәрбиеші:  «Көкпар» ойынын ойнау үшін ендігі кезекті ойыншы әкелерге береміз.

Шарт бойынша ойыншы әкелер ойынға жұптаса қатысады. Ал жұптар

құрамын сиқырлы» таяқша арқылы анықтауды ұсынамын. (Жасап көрсетеді)

Ол үшін ұзын таяқша бойымен таяқша біткенше кезектесе, төменнен

жоғары қарай қолдарын ауыстырып жылжыта ұстап шығу керек.

1-ші және 2-ші болып қолдарын босатқан ойыншылар бір жұпқа,

сәйкесінше 3-ші және 4-ші аяқтаған ойыншылар екінші жұпқа бірігеді.

Қане, онда жұптар құрамын анықтап алайық…

Тәрбиеші: Ойынды бастарда әр жұп өз  қазандығының қасында тұрады. Белгі беріп,

мен ортаға орамал тастаймын. Орамалға бірінші болып жеткен ойыншы

орамалды қарсылас жұптың қазандығына тастауға ұмтылады, ал қарсы

топ қазандығына ұпай салдырмауға тырысады. Бір топтағы екі ойыншы

бір-біріне лақтырып, орамалдан айрылмаудың амалын жасай алады.

Ойыншыларға 5 минут ғана уақыт беріледі. Барлығы түсінікті болса

ойынымызды бастаймыз!

                   Ойын   «Көкпар»

Тәрбиеші:  Мінекей, бүгінгі іс-шарамыз да өз мәресіне жетті. Ойын-сауығымызға

қатысып белсенділік танытқан әкелер қауымына алғысымызды

білдіреміз.  Ал әділ қазыларымыз ойын-сауықтың  қорытындысын

шығарып, ұпайларды есептегенге дейін мен барлық балаларды ортаға

«Тақия тастамақ» ойынына шақырамын.      Қызық ойын басталмақ

Аты оның — «Тақия тастамақ» ………

Ойын  «Тақия тастамақ»  

Тәрбиеші:  Бала ойнап өседі. Ойын арқылы тілдері дамиды,  қимылдары ширайды.

Ойын арқылы тарихын таниды, қиялдары шарықтайды. Балаларымыздың

қандай ойындар ойнап жүргендеріне мән бере жүрейік. Сіздер болып,

біздер болып тәрбиелеген бүлдіршіндеріміз азамат атына лайық болып

өссін. Бүгінгі «Ұлы дала ойындары» ойын-сауығымызды қорытындылау

үшін сөз балабақшамыздың меңгерушісі, әділ қазылар алқасының

төрайымы Кулетова Б.Н. беріледі.       (Бағалау, марапаттау)

 

                                                                                                                Б.М. Жұмабекова

                       №8 «Бүлдіршін» санаториялық балабақшасы КММ музыка жетекшісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.