Тәуелсіздік күніне арналған іс-шара сценарийі
Би «Ұлы дала мұраты» (оқушылар билеп шығады. Бұл ұлы тойдың басталғандығын білдіреді) слайдта Тайқазан суреті көрсетіледі. Оқушылар қуанышын білдіріп, Бәрекелді, той басталды. Қазақ елі жасасын! деп қуанышпен сахнадан кетеді.
ФАНФАР ойналады.
1-жүргізуші:Армысыздар, құрметті оқушылар, ата-аналар, ұстаздар және қадірменді қонақтар!
Ұлы дархан, Ұлы елім!
Бүгін міне, азаматтығымыздың айбыны, азат күнімнің айдыны, ерікті елімнің еңсесін көтеріп, мерейін асқақтатқан киелі де қасиетті, қастерлі де ұлық мерекесі –Тәуелсіздік күні келіп жетті. Мереке құтты болсын, ағайын!
2-жүргізуші:
Қазақпын, еңселі елмін егеменді,
Кеңейттім кең әлемге керегемді.
Мұхиттың ар жағында жатқан жұрттар
Таныды тепе-тең тереземді.
Қазақпын, қойнауы –құт, жері-дархан,
Әнімді бес құрлықтың бәрінде айтам
ӘН: /Дәстүрлі. Туған жер туралы /
1-жүргізуші:
Көк байрағым желбіресін көгімде,
Әнұраным әуелесін елімде.
Елтаңбамыз нышаны боп елдіктің,
Тұрса артық не арман бар өмірде.
2-жүргізуші:
Көптен күткен көк байрақ желбіреді,
Күннің көзі көктемдей елжіреді.
Мұннан ыстық, жалын-от барма сірә,
Әнұран-әнімен жүрегіміз тербеледі.
/ӘНҰРАН ОЙНАЛАДЫ/
1-жүргізуші:
Құттықтау сөз кезегі мектебіміздің директоры _________________беріледі.
БИ : /Қыздар тобы/
1-жүргізуші:
Тәуелсіздік- елдің алтын діңгегі,
Тәуелсіздік-ел арманы ,тілегі.
Тәуелсіздік, тұғырлы бол мәңгілікке,
Тәуелсіздік, біз біргеміз үнемі.
2-жүргізуші:
Ал, енді көрермендер сіздерге бірер сұрақтар қойсақ,
Тәуелсіздік дегеніміз не?
Ұлы дала мұраты қандай?
Ендеше, оқушылардың дайындаған тәуелсіздік шежіресін тыңдап көрсек.
Тәуелсіздің шежіресі жылнама түрінде көрсетіледі.
ӘН: «Жаса ,Қазақстан! »/ ұлдар квартеті/
1-жүргізуші:
Еліміздің тарихында қуанышты да, қайғылы күндер болды. Оған, алтын әріптермен жазылған тарих парақтары куә . Қазақ халқының басынан түрлі қиындықтар өтті. Қазақ жеріне көз тіккен жаулардың шабуылдары, Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама оқиғасы , империяшылдардың отаршылдық саясаты, қазақтың өз жерінде отырып жерсіз қалуы, аштық нәубеті, қудалау, салт-дәстүрмен діннен, тілден айыру және қазақ жастарының желтоқсанның көк мұзында оттай жануы тарих жадында , біздер, ұлы дала ұрпақтарының жадында мәңгіге сақталады./ видео көрсетіліп жатады.
2-жүргізуші:
Желтоқсан – заман толғағы байтақ даланың,
Шарпыған сәті үміт пен күдік қаланың
Желтоқсан – Қайрат, Ләззат, Сабира
Құрбаны болған жаланың
Ал қоғамның адамнан бар ма асылы,
Кеткенде жоқ құлақтан зар басылып,
Бұғаудағы боздақтары кете барды
Бірі атылып, ал бірі дарға асылып.
ӘН: /ҚЫЗДАР/ / Желтоқсан желі/ 1-жүргізуші:
Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің,
Таулы орман, жасыл жайлау көлім менің.
Бүгінде бар әлемге даңқың жетті
Тәуелсіз Қазақстан- елім менің!
Күй: /папурри/
1-жүргізуші:
Ұлы дала ұлы тұлғаларымен әйгілі. Олар өз заманында халқы үшін, халқының болашағы үшін аянбай күресіп, әділетсіз биліктің сойылына қарамай өз ойын ашық жеткізді. Тәуелсіздік үшін азаттық күрес жолында Исатай мен Махамбет, Сырым, Кенесары, Саржан, Амангелді, Тоқаш, Бекболат, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Қайрат, Ләззат, Сабиралар және тағы да басқа ұлт жанашырлары өмірін жан- пида етті. Біз үшін ата-бабаларымыздың есімін есте сақтау парыз!
ӘН:«Туған жер»
2-жүргізуші:
Қазақ елім!
Туды жастық дәуірің.
Алғандайсың жұлдызыңның жарығын.
Тәуелсіздік құтты болсын, қымбаттым,
Туған күнің құтты болсын, алыбым!
1-жүргізуші:
Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын деп тілейік, ағайын!
ХОР: «АТАМЕКЕН»
1-жүргізуші: Осымен, «Ұлы дала мұраты» атты тәуелсіздік күніне арналған мерекелік концертіміз аяқталды.
ЕКЕУІ :Келесі кездескенше сау- саламатта болыңыздар!
Тапенова Айнур Сагатовна,
Н. Нұрмақов атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының тарих пәнінің мұғалімі.
Сулейменова Сая Тұрағұловна,
Н. Нұрмақов атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 5 а сынып кураторы.
Қарағанды қаласы