Балалар үшін жаз – жыл бойғы жиналған қарбаластықтан арылу, таусылған күшті, денсаулықты қалпына келтіру, шығармашылықтарын дамыту, өзіндік мүмкіндіктерін жетілдіру, ойындар, шығармашылық еңбектің уақыты. Педагогтер мен ата-аналардың міндеті – балалардың осы уақыттарын қызықты және ұмытылмас ету, тәрбиелеуде демалыс болмайды ғой. Жаз – ол өткен оқу жылы мен келесі оқу жылдың арасындағы көпір ғана, сондықтан біз бұл уақытта тәрбиелеуді, шығармашылықтарын шыңдауды тоқтатпауымыз керек.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстанның отаншылдық сезімін тәрбиелеу білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен жоғарғы оқу орындарына дейінгі орталықтарда барлық ұйымдарда көкейкесті болып табылады. Балаларды Отанды, туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу-мұғалімнің аса маңызды, аса жауапты да қадірменді парызы»- деген еді. Патриоттыққа тәрбиелеуді ерте уақыттан бастау керек. Бастауыш сыныптағы және орта буындағы оқушылар кез келген нәрсеге қызығушылықпен қарайды және шын ниетпен сенің қуанышыңмен де, қайғыңмен де бөлісе алады. Дәл осы уақытта баланың бойына рухани-адамгершілік, елін, жерін сүю сияқты қасиеттерді қалыптастыру қажет, ол өзін қоршаған ортада тани бастайды. Бұл уақыт баланың эмоционалды-психологиялық қабылдауы үшін өте қолайлы уақыт және ол өмір бойы есінде қалады, ал бұл патриотизмді тәрбиелеуде, мейірімділікті бойларына сіңіруде өте маңызды.
Осы аталғандардың бәрі биылғы жылы біздің сауықтыру лагеріміздің «Ұлы дала мұрагерлері» бағдарламасын таңдауымызға негіз болған болатын. Жазғы демалыс сабақтың аяқталуы ғана емес, ол сол алған білімдерін көрсету және ары қарай білім алу болып табылады. Сондықтан тәрбиемізді ары қарай жалғастыруымыз қажет.
Биылғы жылғы лагерь «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында ұйымдастырылды. Топтарға осы мақалалар аясында тапсырмалар берілді. Мысалы: 1-топқа «Қазақстан –алма мен қызғалдақ отаны», 2-топқа «Алтын адам», 3-топқа «Түркі әлемі бесігі», 12-топқа «Қазақстанның сакралды географиясы» және т.б. Топтар берілген тапсырма бойынша лагерьде болған кезде мәліметтер жинады, зерттеді, жоба жасады, соңғы аптада қорғап, кітапшалар шығарды.
Сонымен қатар тәрбиеленушілер «Павлодар дарыны» орталығы мен М.Катаев атындағы Оқушылар сарайының ұйымдастырып өткізген барлық жобалары мен шараларына белсене қатысты және бірталай шараларының жүлдегерлері болды. Грамоталармен, сертификаттармен марапатталды.
Мәдениет ошақтары Ш.Айманов атындағы кинотеатр, Ертіс-синема кинотеатры, Майра мұражайы, Көркемсурет мұражайы, Бұқар жырау мұражайы, Потанин атындағы тарихи-өлкетану мұражайы, Аймауытов атындағы театрмен бірлесіп жұмыс атқару арқылы балаларды өнерге баулыды.
Лагерьде бастауыш және орта буын оқушыларынан жас ерекшеліктеріне сәйкес жасақтар құрылды. Лагерьге 1-маусымда 256 тәрбиеленуші, 2-маусымда 76 тәрбиеленуші қабылданды. 1-маусымда 12 жасақ, 2-маусымда 3 жасақ ұйымдастырылды. Лагердің бағдарламасы кешенді, балаларды сауықтыру, демалту және тәрбиелеу сияқты әртүрлі бағыттардан тұрды.
Отбасының жеміс берер гүлі — бала. Халық: «Егер сен бір жылдық өміріңді ойласаң, арпа ек, он жылдық өміріңді ойласаң, ағаш ек, ал ғасырлық өміріңді ойласаң, онда бала тәрбиеле» деген. Оқушылардың уақыттарын қызықты өткізіп қана қоймай, патриоттық, өлкетану бағытында бірталай жұмыстар атқарып, алға қойған мақсаттарымызға жеттік.
Қазанғапова Манар Шакуовна,
Павлодар қаласы
№2 ЖОББМ-нің мұғалімі