21 қыркүйек күні Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне «Жас. Жалын. Жаңғыру» бірінші халықаралық жастар форумының делегациясы келді. Форумға келген шет елдік және қазақстандық қатысушылар Зияткерлік мектептер жүйесімен, білім беру бағдарламасымен, элективті курстармен, әлеуметтік жобалар және тәжірибелермен танысты.
Форум барысында мектепке кампус-тур ұйымдастырылып, ғылыми-зерттеу жобалары, робототехника жұмыстары, «Таратуға арналған идеялар» форматындағы «TEDx NIS», қолөнер бұйымдарының көрмесі көрсетілді. Көрмеде Сан-Франциско қаласында өткен TechNovationChallenge байқауының Гран-при иегері Дияра Бейсембекова GPS-навигаторы бар «QamQare» мобильді қосымшасын, алматылық Данияр Тұрғамбаев «Робот First Global Challenge» жобасын, ақтаулық Ғаламмадин Асқарұлы «Зағип жандарға арналған SMART-тақияны», оралдық Асан Бекқалиев роботтандырылған мобильді гидроэлектростанцияны, семейлік Әділ Ордаев «Роботтар биін», атыраулық Айнұр Адайбаева шөлдену процесімен күресетін роботты көрсетіп таныстырды. Сондай-ақ, көрмеде оқушылардың өздерінің қолдарымен жасаған қолданбалы өнер бұйымдары көрсетілді, қолөнершілер көшесі жұмыс істеді. Қолөнершілер көшесін аралап жүріп, қыштан түрлі бұйымдар жасап отырған балалардың ептілігіне тәнті болдық. Одан әрі қарай түрлі-түсті жүндерден киізге қазақы ою-өрнектер салып, көз жауын алатын бұйымдар жасаған қыздардың жұмысын тамашаладық. Он саусағынан өнері тамып, ши тоқып тұрған өнерлі қыздың шеберлігіне таңдай қақтық. Сабын жасаушы шеберлердің жанынан өткенде сабынның хош иісі мұрынды жарды. Кілем тоқып отырған, қазақтың ұлттық киімдерін тігіп жатқан шеберлердің жұмыстарына қарап тұрып, ұлттық өнерімізді бойларына сіңіріп жатқан осындай жас өрендеріміздің қатары көбейсе екен деп тіледік.
Бұдан кейін, Н.Жантөрин атындағы музыка және драма театрында республикадағы зияткерлік мектеп оқушыларының әлеуметтік жобалар мен тәжірибелер қорытындысына орай ұйымдастырылған «Ұлы Дала мұрагерлері» атты шығармашылық кеші өткізілді. Кеш шымылдығын Ақтау, Талдықорған қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушыларының вокалды тобы «Тек, алға!» әнімен ашты. Кеш барысында «Назарбаев зияткерлік мектептерінің қалыптасу тарихы», «Робототехника», «Екі апта ауылда», «Мәңгілік ел» тарихы», «Қазақ әндері» жобасы», «Кітаптар мен кітапханалар тарихы», «Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициясы, «Көптүрлі және көптілді Шығыс базары», «Жүз күйдің тарихы», «Қазақтың ұлттық биі», «Тілдерді ән арқылы үйрету», «Сергіту» қойылымдары көрсетілді. Атырау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының көлеңкелі театры сахналаған «Мәңгілік ел» тарихы» қойылымын көріп отырып, көзімізге еріксіз жас алдық. Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Талдықорған, Орал қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің домбыра оркестрі орындаған «Сарыарқа» күйі төбе құйқамызды шымырлатты. Керемет әсерге бөлеген кеш оқушылар хорының орындаған Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «Елбасы мектебі» гимнімен мәресіне жетті.
Кеш барысында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің символы – бүршік жарған жас өскіннің – Ұлы Дала елінің қайнарынан нәр алып өркен жайғанына куә болдық.
Роза ЖҮСІПОВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ
Қоғаммен байланыс және баспа жұмыстары
жөніндегі бөлімінің бас маманы