Ағымдағы жылдың 18-інші ақпанында «Астана» орталық концерт залында Назарбаев зияткерлік мектептерінің әлеуметтік жобалары мен тәжірибелері барысында «Ұлы дала мұрагерлері» атты шығармашылық есебі өткен болатын. Оқушылардың ізденісінен туған туындыларынан құралған көрмеден өнерімен өрнектелген қойылымдарға дейін бір қадам. Сәлден соң…
Осы кеште Астана қаласының мұғалімдеріне «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын сіңірумен «Зияткерлік мектеп оқушыларын патриоттыққа тәрбиелеу» тақырыбында тәжірибе трансляциялау семинары, ғылыми жобалар көрмесі, оқушылардың қолдарынан шыққан қайырымдылық жәрмеңкесі және «Туған елге тағзым», «100 күйдің тарихы», «Екі апта ауылда», «Қазақтың 100 әні» әлеуметтік жобаларын қорытындылайтын үлкен көрініспен жалғасын тапты.
Ғылыми жобалар көрмесінде: Ақтау қаласынан Ж.Сәттіғали «Ақылды тақия», Павлодар қаласынан А.Мақашева «Өсімдік майынан тазалау үшін модифицияланған табиғи балшықты қолдануды», Талдықорғаннан келген Б.Талғат «Жер жанындағы орбитадан космостық қоқысты жинауға арналған роботталған орбиталық жүйесін», Петропавлдан Н.Тұрғымбаева «Жел электрогенераторын автоматты түрде реттеуге арналған механизмін», Ақтөбеден А.Бағланова «Мұнайдың көлемінің сыйымдылығын есептеуге арналған мобильді қосымшасын», Қостанайдан А.Әділбектің «Электронды-есептеуші кешен «Smart Life» ақпараттық ресурстарды автоматты түрде басқару жүйесін», Тараздан келген С.Еламанның «Дрон-ракеталы старт және симметриялы конструкциялы ракетотаратқышын» көрсетіп таныстырды.
Театрланған қойылым «Туған елге тағзым», «Жүз күйдің тарихы», «Екі апта ауылда», «Қазақтың 100 әні» секілді тақырыпта жүргізілді. Оқушылар «Ауыл көрінісі», хореогрфиялық қойылымын қойып, Ақан серінің «Балқадишасын», Құрманғазы мен Динаның күйлерін орындап, жетіген, сазсырнай, қобызда ойнады.
Біз балаларымыздың сан қырлы екендігінен хабардар етеміз. Өйткені, ел болашағы, ел ертеңі осылар. Зияткерлік мектептегі негізгі курстар элективті курстармен міндетті түрде толықтырылып отырады. Біз жаңа ұрпақтың үйлесімді дамуына деген жауапкершілікті түсінеміз — дейді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шамшадинова.
Аталмыш кешке Парламент депутаттары, Астана қаласы әкімдігінен, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық корпус өкілдерінен, республикалық БАҚ өкілдерінен және де Астана қаласының мұғалімдері мен оқушылары келді. Сонымен қатар, «Қолөнершілер көшесі» атты қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушыларының қолынан шыққан туындылар қойылды. Мысалы: қыш ыдыстар, картиналар, кілем тоқу, ұршық иіру, қамшы жасау еді.
Көрермендер бар қызықты тамашалап, түрлі ақпараттардан хабардар болып тарқасты. Біз осындай дарынды ұрпағымызбен мақтанамыз! Ел ертеңі айқын.
Қуаныш ТҰРҒАНБАЙ
тілші