Ұлы дала мұрагерлері Атырау сахнасында

Атырау қаласындағы Зияткерлік мектеп дәстүрлі «Ұлы дала мұрагерлері» шығармашылық есебін өткізді. Көптен күткен шараға Зияткерлік мектептің оқушылары, ұстаздары, ата-аналар қауымы және биыл алғаш рет облыстағы пилоттық мектептердің тәрбиеленушілері қатысты.

Жастар жылына орай ұйымдастырылған шара балалардың  ғылыми-зерттеу және оқу-тәрбиедегі жетістіктеріне арналды.

Екі кезеңде өткен шығармашылық есепте қонақтарға білім алушылардың жаратылыстану және математика бағытындағы ғылымдарды игерген инновациялық жобалары ұсынылды. «Клиностат арқылы өсімдіктерді жасанды жолмен өсіру», «Пластиктерден кірпіш шығару», «Ақылды тор», «Банан қабықтары арқылы суды тазалау», «Суда ауыр металдарды анықтаудың жолдары» және «Генераторға арналған батареяны қуаттаудың тәсілі» сынды ғылыми еңбектердің таныстырылымы көрермендерді тәнті қылды. Ал соңғы жоба жуырда ғана мемлекеттік патентке ие болғаны туралы ресми куәлік алды.

Зияткерлердің ғылыми-зерттеу жәрмеңкесінде химия, физика пәндерінен түрлі лабораториялық сынақтар ұйымдастырылды. Ал сазбалшық үйірмесінің оқушылары қыш құмыра, кәде-сыйлықтар жасаудың үлгілерінен шеберлік сынып өткізді. Сондай-ақ, көрмеде тоқыма, бейнелеу, ағаш, темір және пластикпен жұмыс жасаудың тәсілін меңгерген жеткіншектер  өз білімдерін ортаға салды. Графити, бейнелеу сынды үйірмелерде балалар қосымша қабілеттерін шыңдайтыны көпті қуантты.

 Ал Зияткерлік мектеп оқушыларының «Ұлы дала мұрагерерлері» шығармашылық есебі гала-концертке ұласқаны  кештің кульминациясы болды. Дарынды балалардың орындауында қазақ, орыс, ағылшын және француз тілдеріндегі бірегей туындылар шырқалды. «100 ән», «100 күй» және «100 кітап» жобаларының орындалуы мен олардың жалпы мазмұны әдемі қойылымдар арқылы көрерменге жетті.

Мектептің көлеңке театрының «Менің Қазақстаным!» тақырыбындағы туындысы концерттің шырайын келтіре түсті.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.