«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы жас ұрпақтың бойында тарихи сананы қалыптастыру және қазақ ақын-жазушылардың еңбектерін насихаттау мақсатында «Ұлы дала ақындары» атты жаңа тәрбиелік жобаны бастайды.
Қазақ әдебиетінің танымал классиктері тізімі бойынша жиырма бір зияткерлік мектепке белгілі тұлғаның өмірі мен оның шығармашылығымен танысу ұсынылады.
Бұл жоба шеңберінде жыл бойына мектеп қауымдастығы белгілі бір ақынның өлендеріне әдеби талдау жасап, өлеңдеріне жазылған әндерді шырқау, шығармаларын иллюстрациялау, ЭССЕ жазу, театрландырылған қойылым әзірлеу және мәнерлеп оқуға арналған жыр эстафетасын өткізу секілді жеті түрлі бағыттағы жұмыстарға қатысады.
Осы ретте қызылордалық зияткерлер алдағы уақытта атақты «Мен — қазақпын» деп аталатын поэмасымен қазақ әдебиетінің ірі тұлғасына айналған Жұбан Молдағалиевтың еңбегіне жан-жақты зерттеу жүргізіп, әдеби шығармаларын жас ұрпаққа насихатайтын болады.
Бүгін қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері оқушылармен бірлесіп ақынның шығармашылығына арналған жыр эстафетасын бастап, қаладағы Әли Мүсілімов Атындағы Мектеп-лицей, Қызылорда «Білім-инновация» лицей-интернаты және Мұрагер мектептеріне жолдайды.